Қазақстан • 10 Шілде, 2019

Тіркеусіз көліктерге тыйым бола ма?

986 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Елімізде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше көршілеріміз – Ресей, Армения және Қырғызстаннан әкелінген автокөліктер күн сайын көбейіп барады. Одақтас елдерден көлік әкелуге тыйым жоқ. Бірақ... Мемлекет ол көліктерді жергілікті жерде тіркеудің тәртібін таппай, қисынын келтіре алмай отырғандықтан, «шетелдік» көліктер көшелерде беталды «ойнақ» салып жүр. Жолда жүру ережесін өрескел бұзатын, сергек «Сергектің» өзін пысқырмайтын, жүргізушілердің өзара сыйластығын құлағына қыстырмайтын сол көліктердің жүргізушілерін тәртіпке салу мүлдем мүмкін болмай отыр. Бұл тұрғыда Ішкі істер министрлігінің өзі дәрменсіздігін мойындайды.

Тіркеусіз көліктерге тыйым бола ма?

Заңдық тетік табылмай отыр

Басқа қалаларды айтпа­ған­да, еліміздің Ресей мен Қыр­ғыз­станға біртабан жақын облыс­тарында «шетелдік», яғни атал­ған елдердің мемлекеттік нө­мірі тағылған көліктер өріп жүр. Жай жүрген жоқ, Қа­зақ­стан­ның заңдары, жолда жүру ере­желері олардың жүр­гі­зу­ші­лері үшін жазылмаған сияқ­ты әсер қалдырады. Заңның «Ахил­лестің өкшесіне» пара-пар әл­сіз­дігін түйсінген соң, сол арқы­лы жазасыздықтың тәтті дәмін се­зінген соң есірмегенде қайтсін?

Жыл басында сенаторлар Нариман Төреғалиев пен Мұх­тар Жұмағазиев бастаған бір топ депутат осы мәселеге орай нақ­ты мысалдар келтіре отырып Үкімет басшысына депутаттық сауал ретінде жолдады. Сауалда Еура­зиялық экономикалық одақтың аумағында шекаралардан әрлі-берлі өту біршама жеңілдегеннен кейін алыс-беріс те, барыс-келіс те жақсара түскенімен, Ресей Федерациясынан сатып әкелініп жатқан ескі көліктер еш жерде тіркелмей, жол ережелерін бұзуға әбден әуестеніп кеткені ха­лықты және құқық қорғау органдарын әбігерге салып жат­қаны айтылды. Мысалы, депу­тат­тар келтірген деректерде бір ғана Батыс Қазақстан облы­сында 2018 жылы 3724 әр-түр­лі жол-көлік оқиғасы орын ал­ғанын, соның ішінде 583 жол-көлік оқиғасы әлгі көлік­терді тізгіндегендердің үлесін­де болғаны, солардың 102-сі жол-көлік оқиғасы болған жерден қашып кеткені және бір жағ­дай­дың адам өліміне алып келгені көрсетілген.

Сенаторлар: «Шетелден сатып әкелінген тіркелмеген көліктердің қатысуымен болған жол ережелерін бұзушыларды анықтау өте қиынға соғуда, оларды тіркеу немесе бақылау мәселелері заңды түрде реттелмегендіктен, қашып кеткен көліктерді іздестіру оңайға соқпай отыр және әкімшілік шара қолдану мүмкіндігі де  шектеулі. Себебі көліктің иесі шетелдік азамат, ал бізде ол машинаның иесі кім екені белгісіз. Осындай көліктер әртүрлі қылмысқа барушылар үшін де қолайлы екені даусыз. Өкінішке қарай, тіркелмеген шетелдік нөмірмен жүрген көліктер жолаушылар тасумен қатар жүк тасымалымен айналысуда, олардың нақты техникалық байқаудан өткен-өтпегендігін анықтау мүмкін емес», деп дабыл қақты.

Бұл сауалға Үкімет проблемалы көліктерді тәртіпке келтірудің амалдары қаралып жатқанын айтып, сипақтата жауап қатқан. Ал мәселе содан бері шешілмек түгілі, күннен күнге ушығып барады. Премьер-Министрдің наурыз айындағы жауабында: «Қазақстан Республикасына уақытша әкелінетін көлік құралдарын пайдалануды бақылауды жүзеге асыру мақсатында қазіргі уақытта Парламент Мәжілісінің қарауындағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы шеңберінде республикаға 10 тәуліктен астам мерзімге әкелінген көлік құралдары мен оларды басқаратын адамдарды жол жүрісі қауіпсіздігі жөніндегі уәкілетті органда (бұдан әрі – уәкілетті орган) міндетті уақытша  тіркеуді көздейтін түзетулер қаралуда. Бұл ретте уақытша әкелінетін көлік құралдары уәкілетті органда тіркеуден өтпеген жағдайда оларды республика аумағында пайдалануға тыйым салынатын болады», делінген.

Қазір шілде айы орталанса да Ішкі істер министрлігі де жүргізушілердің адалдығына сеніп, уақыт соза түсу позициясын ұстанып отырғанға ұқсайды.

Даудың басы...

Шетелден көлік әкелудегі абыр-сабыр сонау 2000-шы жылдардың ортасында басталды. Алдымен Кеден одағының талаптары, отандық автоөнеркәсіпті қолдау, қауіпсіздік пен экологиялық талаптардың желеуімен қазір мынадай тәртіп қалыптасты.  Біріншіден, сырттан әкелінетін көліктің рөлі сол жақта және Еуро-4 экологиялық өлшеміне сәйкес болуы керек. Ел ішінде аса танымал kolesa.kz порталының деректеріне қарағанда, Еуропалық одақ елдерінде мұндай көліктер 2005 жылдан, АҚШ пен Кореяда – 2006 жылдан, Жапония мен Ресейде – 2010 жылдан, Қытайда – 2012 жылдан бері шығарыла бастаған. Оған қоса, автокөліктің шыққан жері болып құжатында көрсетілген мемлекет танылады. Ол дегеніміз, АҚШ-та құрастырылған Toyota америкалық болып есептеледі деген сөз. Демек, жылдар мен елдердің арақатынастарын ескеру қажет. 

Тізімде көрсетілмеген елдердің автокөліктері Техникалық регламентке сәйкес мынадай тәртіппен есепке алынады: шыққанына үш жыл болмаған жаңа көліктер сертификацияланады. Одан ескілері – автокөліктің Еуро-4 стандартына сәйкестігін техникалық төлқұжат негізінде немесе құрастырушы зауыттың анықтамасы арқылы, тіпті болмағанда қауіпсіздігін айғақтайтын зертханалық зерттеулер арқылы дәлелденуі тиіс. 

Сонымен қатар автокөлік жаңа болған күннің өзінде оған арнайы құжат – көлік құралының түрін анықтайтын бір парақ қағаз қажет. Оған қоса, көлікті бастапқы тіркеу үшін қауіпсіздікке негізделген бірнеше талап та бар.

Ең бастысы, шетелдік көліктерді тіркеуге қою үшін утилизациялық алым, сондай-ақ бастапқы тіркеу ақысын төлеу керек, бұл өз кезегінде елімізге бұрын қолданыста болған автокөліктерді кіргізуді айтарлықтай қымбаттатып жіберді.

Міне, мәселенің төркіні осы жерден басталады. Өйткені, жоғарыда аталған ЕАЭО мүше мемлекеттерден автокөлік тасымалдаушылар одаққа тән жеңілдіктерді пайдалана отырып, шетелдік көліктерді көптеп әкелуде. 

Сырттан көлік әкелушілер отандық көліктердің сапасына көңілі толмайтынын, бағасының шектен тыс қымбаттығын жарыса айтады. Мысал үшін  ЕАЭО-ға жаңадан қосылған Арменияда ортақ тәртіп енгізілгенше кіргізілген көліктер жеткілікті және бағасы да біздің автобазарлардағы көліктерден анағұрлым арзан. Сөйтіп, біреудің қаңсығы біреуге таңсық болуда. Тіпті, қаңсық деп айтудың өзі артық болар, өйткені Жапония мен Кореяда, тіпті Еуропа елдерінде құрастырылған көліктердің сапасы жөнінде сөз таластыру артық болар. Бірақ еліміздің жолда жүру ережелерін өрескел бұзып, тайраңдау ағаттық және оған тоқтау салу уақыт еншісіндегі мәселе екені анық.

Ұсталғандар аз

Еліміздің аумағында тіркелмеген көліктерге ауыздық салып, жол ережесін бұзушылыққа байланысты жүргізушілеріне жаза қолдануда Ішкі істер министрлігінің дәрменсіздігін жоғарыда айттық.

Жуырда журналистерге осы мәселе бойынша түсінік берген Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаев: «Біз мұндай көліктердің Қазақстан аумағына кіргізілгеннен бастап 10 күннен кейінгі уақытта тіркелмесе оның қозғалысына тыйым салуды ұсынып отырмыз», деп әлі де болса талаптың ұсыныс түрін ғана айтты.

– Армения мен Ресейден келетін көліктер бойынша мәселе шынында да өте маңызды. Біздің ақпараттық жүйелерде ол көліктер тіркелмеген. Біз оларды әкімшілік жауапкершілікке тарта алмаймыз. Бірақ, бұл бағыттағы жұмыс жүргізіліп жатыр. Камералар бойынша алдағы уақытта барлық көліктер тіркелетін болады. Содан кейін біз оларды әкімшілік жауапкершілікке тартамыз, – дейді Е.Тұрғымбаев.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Павел Казанцев өз сұхбатында аталған мәселенің Қылмыстық кодекс пен Әкімшілік құқықбұзушылық кодексімен байланысы болғандықтан шешілмей келгендігін мәлімдеген болатын. Оған қоса, ондай көліктерді бақылауға алу үшін автокөлік құралдары мен оның иесіне қатысты барлық дерекқорларды үйлестіру, яғни кіріктіру қажет болған. Сондықтан да, мүдделі тараптар көлікті тіркеуді иесінің ар-ұяты мен заңға құрметіне қалдыруға мәжбүр болған. Тіпті, Ішкі істер министрлігі көлік әкелушілердің жүгін жеңілдетіп, автокөліктерді онлайн режімінде тіркеуге қоюды да қарастырып жатыр.

Қалай болғанымен де, қандай тәртіп бекітілсе де сырттан көлік кіргізудің талаптары нақты әрі түсінікті болуы тиіс. Өйткені, шетелдік көліктерге құрылатын «қақпанға» одақтас мемлекеттердің біздің елге келетін бейғам азаматтары түсіп қалуы мүмкін ғой.

Қазіргі барлық қиындық бір елдің есебінен құқықтық тұрғыда шығарылып, яғни басқа біреуге сатылып, бірақ әкелінген елде есепке алынбаған көліктерде болып отыр. Ол көліктер тәртіп бұзған кезінде камераларға түсіп қалғанымен, иесі табылмайды. Өйткені, Ресей немесе Армениядан ол көліктер сатылып кеткен деген жауап алынады. Ал кімге сатылды және қайда жүргенін миллиондаған көліктің арасынан тауып көр...

Жақында ғана баспасөз мәслихатын өткізген ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Марат Тұяқбаев биыл шетелдік тіркеуі бар көліктер жасаған 40 мыңдай тәртіп бұзушылық бойынша тек 4 мыңдайы жауапқа тартылғанын мәлімдеуі. Оның айтуынша, бұндай тәртіп бұзушылықтар жылма-жыл өсіп барады. Қазір бұндай бассыздықтарды болдырмау үшін мүдделі мемлекеттік органдар бірлесе талқылау жұмыстарын жүргізуде. Бірақ, бұл мәселеде ортақ мәмілеге келіп, тиісті заңдарға өзгеріс енгізгенше кемі бес-алты айдай уақыт қажет болатын тәрізді. Демек, құдіретті уақыт әзірге талай жүргізушілерге тиімді болып тұр.