Аймақтар • 18 Шілде, 2019

Тағылымы мол кездесу

484 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қызылордада облыстық Жастар ресурстық орталығында «Рухани жаңғыру» орталығының ұйытқы болуымен жастар «100 жаңа есім» жобасының осы өңірден шыққан жеңімпаздарымен кездесті.

Тағылымы мол кездесу

Әдетте, өмірде жолы оң­ға­ры­ла қоймаған, жалқаулығы жел­ке­сінен басып істеген ісі кері кеткен­дер өз кемшілігін басқа­дан іздеуге бейім тұрады. «Мен қан­ша мықты болсам да табысқа же­те алмаймын. Өйткені менде жоға­рыда сүйемелдейтін таныс жоқ. Үлкен орындармен байланыс жоқ болғандықтан қаржым да жоқ» деп өзін-өзі ақтап алып жатады.

Ал «100 жаңа есім» жеңімпаз­дары Айдос Сайлығараев, Сымбат Әбдірахманова және Ха­лық­аралық «Парасатты поэзия» фес­тиваліне келген Мақпал Мыса бүгінгі табыстарына ешкімнің қол­дауынсыз-ақ өздері жеткен жастар өкілі. Сондықтан «Ted­Talks» форматында өткен кездесу қызықты болды.

Жиында Мақпал Мыса поэзия әлеміндегі ойларымен бөлісіп, өлендерін оқыды. Шын талантқа тұсау жоқ. Шығармашыл жан ниеттенсе алар асуларының биік боларына сендірді. Әрине, үлкен мақсатқа жету жолында жүйелі білім керек.

– Мен үнемі жастармен кездесуге асығып тұрамын. Сөз – адам жанының емі. Сөздің құдіреті болса керек, елге өлең арқылы танылдым. Өлең – менің тағдырым, жетістікке жеткізді. Сондықтан да сіздерге айтарым, табиғат берген талантты барынша баптап, оны дамыта білу керек. Сонда ғана сіз табысты боласыз. Үш жыл қатарынан жоғары оқу орнына түсе алмадым. Бар мақсатым ата-анама салмақ салмай, журналистика мамандығы бойынша мемлекеттік грант иегері атану болды. Өкінішке қарай, журналистика факультетіне түсе алмай, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының кино және телевизия мамандығын тәмамдадым. Оқуға түсем дегенше, менің өлеңдерім бірнеше жыр жинаққа еніп, бірнеше рет мүшәйрада жеңімпаз атандым. Қазір
аудармамен де айналысамын. Мен бұл арманыма тынымсыз ізденіс пен еңбектің арқасында қол жеткіздім. Журналистика саласында еңбек етіп келемін. Сондықтан сіздерге де осындай табандылықты тілеймін, – деді ол.

Қызылорда облысындағы алғашқы кондитер өнімдерін да­йын­дайтын дүкендер желі­сінің негізін қалаған, орда бұ­зар отыз­дағы оғлан Айдос Сайлы­ға­раев­­тың да жастарға айтары көп болды.

Әкесінен ерте айырылған Айдос тағдыр тезіне түсіп, шарболат­тай ширығып шығыпты. Бүгін­де республикаға атағы кет­кен «Браунис» кондитер дүкен­дер желісінің жұмысын жолға қой­ған жалындаған жас жігіт осы­нау жетістігіне білім мен еңбекқор­лығы жеткізгендігін айтады.

Жетістікке жету тек еңбек­қор­лықпен ғана өлшенбейді. Айдос Сайлығараев кондитер өнімдерін даярлауда Түркия кәсіпкерлерімен тығыз байланыста болып, аспаздарының біліктілігін арттыру үшін әріп­тес­тік қатынас жасағандығын жет­­кізді. Түркия – курортты аймақ. Шетел саяхатшылары жыл­дың төрт маусымында үзілмейді.

Сондықтан да, Түркия аспаз­дары өз салалары бойынша әлем­де үздіктер қатарынан көрінуге ты­рысады. Енді олардың бай тәжі­рибесі Қазақстан пайдасына жарап жатыр. Кездесуде Айдос өз кәсібін ашқысы, кәсіби шебер­лігін арттырғысы келетін жастар­дың сұрақтарына жауап беріп, жи­нақтаған тәжірибесімен бөлісті.

Ал Сымбат Әбдірахманова бір­неше тілді меңгерген, педагог-психолог. Ол қазіргі таңда ЮНИСЕФ-тің жасөспірімдер ара­сындағы суицидтің алдын алу жобасы бойынша бірнеше ғылыми мақалалар жазып, әдістемелік құрал дайындаған. Сондай-ақ аймақта мектеп бітірушілермен түрлі психологиялық тренингтер өткізіп, жасөспірімдер арасындағы қылмыстық оқиғалардың алдын алуға көмектесіп келеді.

Сымбат ешқандай қаржы қажет етпейтін мультфильмдер дайындаумен айналысады. Әсіресе тіл мүкістігі бар балаларға арналған мультфильмдерін мамандар сабақ барысында пайдаланып жүр. Ол 2018 жылы Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойына арнап, «Сиқырлы кілт» мультфильмін дайындады. Бұдан бөлек, Сымбаттың бірнеше мультфильмдері облыстық, рес­пуб­ликалық «Balapan» телеарнасынан беріліп келеді.

– Адамның арманы нақты болуы керек деп ойлаймын. Өйткені мен үнемі нақты нәрселерді армандап, оны мақсатыма айналдырдым. Өмірімде парсы тілінде қай елдің сөйлейтінін білмейтін жасымда осы тілдің маманы болу үшін мемлекеттік грант иеге­рі атандым. Қазіргі таңда пар­сы тілі бойынша еліміздегі санау­лы аудармашылардың қатарын­дамын. Жастарға айтарым, сіздер ешқашан өз армандарыңызға жету үшін жалықпай еңбек етуден шаршамаңыздар. Мақсатқа жету жолында түрлі құрбандыққа баруға тура келеді. Қыдырудан бас тартып, тойларға бармай қалуыңыз мүмкін. Есесіне қоғамға пайдалы іс жасайтыныңызды ұмытпаңыз. Осы жоба жеңімпаздарының ішін­де 18-19 жасар жігіттер бар. Олар­дың жетістіктерін көргенде, өзімнің осы уақытқа дейін бос кеткен уақытымды ойлап өкіндім. Сондықтан адам өмірінің көктемі са­налатын жастық шағыңызды өкін­бестей өткізіңіздер, – деді Сымбат.

Қазақстан – үлкен мүмкін­дік­тердің бастауында тұрған мемлекет. Біліміңді жетілдіріп, өз кә­сібіңді ашам десең қолбайлаулар жоққа тән. Тек, мақсат жолында аздаған қиындықтардан қорқып, орта жолдан тастап кетуге болмайды. Елімізде қай кәсіппен айналысқың келсе де жігеріңді жанып, күшіңе күш, ынтаңа қолдау көрсететін мемлекеттік бағдарламалар бар. Тек, діттеген биігіңе жетпей тоқырап қалма.

«TedTalks» форматында өткен кездесу алдағы өмірім қалай болады деп толғанып жүрген жастар үшін темірқазық болғаны анық. Көз алдында сұхбат беріп отырған аға-әкпелері кеше ғана өздеріндей жас болған. Олар республикада мойындалған жетістіктеріне өз білімі, еңбекқорлығымен жетті.

Кездесуге келген жастар өз­дерін толғандырған сұрақтарына жауап тауып, қанаттанып қайтты.

 

Қызылорда облысы