Қоғам • 08 Тамыз, 2019

Асауды ауыздықтаған Абылай

1285 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жақында әлеуметтік желіде жүген-құрық тимеген асауды тақым­даған жігіттің өрлігі мен өжеттігі көрініс тапқан бейнежазбалар кең тара­­лып, жұртшылықтың қошеметіне бөленді. Шу асаулардың бірі­нің жалына таскенеше жабысып, туғалы жүгенделіп көрмеген екі жарым жастағы күрең құнан шалқалап құлағанның өзінде тақы­мын бо­сат­паған жігіттің қайраты мен ептілігі талайға таңдай қақтырды.

Асауды ауыздықтаған Абылай

Көпшілікке таралған бір минут­тық бейнежазбадан жалына қол тимеген асаудың тарпыған сәтін көргенде төбе шашың тік тұрады. Өйткені жылқының сырын білетін жігіттер айғыр алдыңғы аяғымен тарпып көкжал қасқырдың белін сындыра алады дегенді айтады. Ал сол тас тұяқ жазатайым батырдың сүйегіне тисе оңдырмасы анық еді. Бірақ намысты жігіт асауды күш­пен бағын­дырды.

Осы көріністер қолайымызға жаққан соң, сұрастыра келе асауды жалаң қолмен жөнге салып, ырқына көндірген азамат жас балуан Абылай Серік екенін біліп, дереу телефонын тауып, хабарластық.

Бақсақ, Үшқоңырдың етегін­дегі жайлауында жыл сайын ағайын­дары мен тілекшілерін жинап ерулік беретін қазақтың даңқ­ты ұлы, Олимпиада чемпионы Жақ­сы­лық Үшкемпіровтің биылғы тойын­да ұлттық ойындардың небір тө­ресі ойналыпты. Қазақстанның Еңбек Ері аударыспақ, қазақ күресі, көк­пар сынды ұлттық ойындардың жеңім­паздары мен жүлдегерлеріне түгел­дей бәйге тіккен. Ал асау үйрету сайы­с­ын­да көптің ішінен біреу: «Оу, ағайын! Осы тау­­дың етегінде спорт­­тық қарымын шыңдап жат­­қан балуандар тойға келіп еді, араларында асауға құрық салатын батырлары ба ма?» деп дауыстаған сәтте, замандастарының арасынан суырылып шыққан Абылай қолына қыл арқанды іле сала, асау үйірге тұра ұмтыл­ған. Бірақ таяған сәтте бір жылқының сәл сүрін­генін байқап қалып, дереу арқанын тастай сала жалына жармасқан.

Абылай Серік Шығыс Қазақ­стан облысы, Жарма ауданы Қал­ба­тау ауылында туып-өскен. Жасы жиырма бесте. Грек-рим күресіне Ақтөбе облысының атынан қа­тысады және Қазақстан бі­рін­­ші­лігінің жүлдегері атанған. Бап­­­керлері Боранбек Қоңыратов пен Әлім Қой­лы­баев қиядан қыран алатындай, қарсыла­сын алып ұратындай жүрегі мен білегі бар жігіт­ті жазбай танып, үлкен додаларға қосып келеді. 

Ал Жақсылық Үш­ке­мпіровтің тойына қатысқан бел­гілі боксшы Қанат Исламға ере бар­ған америкалық промоутерлер, яғни та­лайды көрген Американың ұл­ттық символына айналған қал­пақ­ты «ковбойларының» ұрпақтары да қа­­зақ­­тың ержүрек жігіттерінің еп­ті­лігі мен қайсарлығын көргенде бас­та­рын шайқап, көздерін жұмып­ты десе­ді.