Тарих • 16 Тамыз, 2019

Отырардың қайсар қамалдары

568 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жақында Алматыдағы Орталық мемлекеттік музейінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Отырар қорғанысының 800 жыл­дығына орай «Қамалы бекем, халқы қайсар – Отырар» тақырыбында «Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі» қорының материалдары негізінде ұйымдастырылған көрмесі ашылды.

Отырардың қайсар қамалдары

Отырар – әлемдік өркениетте өзіндік үлесі бар, тарихы терең, та­би­ғаты көр­кем, төсінде сұлу Сыр мен ерке Арыс қатар аққан, Ұлы Жібек жолы бойын­дағы құтты мекен. Ежелгі заманнан-ақ бүкіл Шығысқа кеңінен танымал Үнді, Қытай, Византия, т.б. мемлекеттермен үне­мі ғылыми, мәдени, эко­номикалық, дипломатиялық бай­ланыстарда болып, қалаларында ғы­лым мен мәдениет, сауда, өн­діріс, далаларында егін, мал шаруа­шылығы қатар дамыған аймақ.

Ғұлама ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің туған өлкесі Отырар – Қа­зақ­станның оңтүстігінде ор­наласқан ортағасырлық қалалардың ең белгілісі. VІ-VІІІ ғасырларда Отырар-Фараб Сыр­дарияның орта шеніндегі ірі феодал иелігінің астанасы, ІХ-ХІІ ғасырларда аймақтың бас қаласы, ХІІІ-ХV ғасыр­ларда Қазақстанның оңтүстігіндегі аса ірі қалалардың бірі, ал ХVІ-ХVІІІ ғасыр­ларда Қазақ хандығының сая­си және экономикалық орталығы болған.

 ХІХ ғасырдың аяғында Отырар қирандылары мен оның төңірегінде ор­наласқан басқа да ескерткіштер зерт­теуші ғалымдардың назарынан тыс қалған жоқ. Отырар ескерткіштері туралы В.В.Бартольд, Е.Г.Смирнов, Н.С.Лыкошин, А.О.Руд­нев, Д.Н.Люшин, И.А.Кас­танье, А.К.Кларе, А.Черкасов, И.Т.Пос­тлавский, А.Н.Бернштам, Е.И.Агеева, А.Г.Максимова К.А.Ақы­­шев, К.М.Байпақов, М.Б.Қо­жа және тағы басқа ғалым­д­ардың еңбек­терінде кеңі­нен жазылған. Тарихи деректерге сүйенсек, Отырардың алғашқы то­пографиялық сұлбасы 1903 жылы түсі­рілген. Отырарды зерттеу 1904 жыл­дары А.Кларенің бас­шылығымен жүр­гізілген алғаш­қы ғылыми негіздегі қазба жұ­мыстарынан басталды.

1947 жылы Оңтүстік Қазақстан­да орналасқан ескерткіштерді зерттеу қолға алынып, сол кездегі Тарих, археология және этнография институты мен Материалдық мәдениет инс­титутының ленинградтық бөлімі бір­лесе отырып Оңтүстік Қазақстан архео­логиялық экспедициясын (ОҚАЭ) құрды, экспедиция басшысы А.Н.Бернштам болды. ОҚАЭ өңірдегі Пышақшытөбе, Алтынтөбе, Құйрықтөбе, Мар­дан­күйік, Көкмардан, сонымен қатар Сырдарияның солтүстік жағасындағы Бұзық, Оқсыз, Артық ата, Қауған ата және Сумағар сияқ­ты тарихи ескерткіштерге зерттеу жұмыс­тарын жүргізді. 1969-1971 жылдары Кемел Ақышевтің бас­тамасымен ҚазКСР Ғылым Ака­­демиясының Ш.Уәлиханов атын­­дағы тарих, археология және этно­­­графия институты Отырар экс­­пе­­диция­сымен жұмысты қайта бастады. Нәтижесінде Отырар Қазақстан мен ОрТалық Азия аума­­ғындағы барынша терең зерт­тел­ген ортағасырлық қала болып сана­­лады.

Тарихтың, халықтың өсу жо­лымен ұштасып, жал­ға­сып жат­қан Отырар­дағы ар­хео­ло­гия­лық қазба, зерттеулер нәти­­же­сін­де табылған, тарихи мұра­ла­ры­мыз осындағы ғылыми-зерттеу, мәдени-ағарту және архео­ло­гия­лық ескерткіштерді қор­ғау мекемесі «Отырар мем­ле­кеттік архео­логиялық қорық-му­зейі» РМҚК қорында жинақталған.

Төрт бөлімнен тұратын көрменің ал­ғашқы бөлімін музей қорындағы архео­логиялық материалдардың ерте ор­тағасырлық үлгілері ІІІ-VIII ғғ. тән түп­нұсқа жәдігерлер мен деректік материалдар құрай­ды. ІІ бөлімде Орталық Азия мен Қа­зақ­станның оңтүстігіндегі қала мәдениетінің дәуірлеген кезіндегі Отырар, яғни ІХ-ХІІ ғғ. Отырардың тыныс-тіршілігін баяндайтын еңбектер қорытындылары мен сол кезеңдерден жеткен археологиялық материалдар. ІІІ бөлімде ХІІІ ғасырдағы Отырардағы дүрбелең, моңғол шапқыншылығы кезін­дегі Отырардың тіршілігі және осы кезең­дерге тән жәдігерлер, ІV бөлімде Оты­рардың қайта бой көтеруі. Билеуші Әмір Темір дәуірінен бас­тап Қазақ хандығы тұсындағы Отырардың даму кезеңдерінен хабар беретін бірегей, түпнұсқа заттар мен деректер қамтылып отыр.

 

АЛМАТЫ