Аймақтар • 19 Тамыз, 2019

Шығыс Қазақстанда үш мектеп ашылады

506 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қыр астында – қыркүйек. Өңір мектептері жаңа оқу жылына дайын ба? Облыста қанша мектеп ашылады? Осы және өзге де сауалдарға облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова мен облыстық Білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділованың қатысуымен өткен брифингте жан-жақты жауап берілді.

Шығыс Қазақстанда үш мектеп ашылады

Қазір облыста 655 мектеп бар болса, биыл осы білім ордаларында 193 мыңнан астам оқушы білім алмақ. Ал жаңа оқу жылында өңір мектептерінің 1 сыныбына 21 мыңнан астам оқушы барады деп күтілуде (бұл – өткен жылғы көрсеткіштен 1 мыңға артық). Өкінішке қарай биыл облыста 5 оқу ошағы (Жарма ауданында – 2, Катонқарағай ауданында – 3 бастауыш мектеп) бала санының жеткіліксіздігіне байланысты жабылмақ. Есесіне, Өскеменде 2 мың орындық, Тарбағатай ауданының Ақжар ауылында 600 орындық 1 мектеп пайдалануға беріледі. Облыстағы мектептерге оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді сатып алуға 2 млрд 383 млн теңге бөлініпті. Бұл қаражатқа 1 млн 58 мың 730 дана оқулық сатып алынады. Бүгінде аймақтағы мектептерде 22 526 педагог еңбек етеді. Биыл 237 жас маман жұмысқа кіріспек. «14 тамыздағы мәліметтерге сүйенсек, облыстағы 19 ауданның оқушыларының 70 пайызы мектеп формасымен қамтамасыз етілген. Енді жоспарға сәйкес, 25 тамызға дейін өңірдегі көп балалы және аз қамтылған отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балаларға мектеп формалары беріледі. Биыл «Мектепке –жол» акциясы жыл соңына дейін жалғасады. Аталған акция аясында 33 мыңнан астам оқушыға көмек көрсетіледі. Бүгінде 143 мың балаға бюджеттік және бюджеттен тыс қаражаттан 156 млн 741 мың теңге сомасына көмек берілді», дейді Әсем Нүсіпова.

Өңірдегі мектебі жоқ 307 ауылдық округтің 3695 оқушысы жақын маңдағы елді мекендердің мектептеріне арнайы бөлінген 163 автобуспен тасымалданатын көрінеді. Осы оқушылардың ішінде 2948 бала күн сайын сабақ біткен соң үйлеріне жеткізілсе, 750 оқушы мектеп жанындағы интернаттарда тұрады деп жоспарланған. «Биылдан бастап жалпыға міндетті білім беру қорынан әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан балаларды қолдау мақсатында 2 млрд теңге қаржы қарастырылған. Оның 625 миллион теңгесі 33 582 балаға мектеп формасын алып беруге жұмсалмақ» дейді Сайрангүл Жұмаділова.

 

Шығыс Қазақстан облысы