Қоғам • 21 Тамыз, 2019

Астың дәмін тұз келтірсе де...

1009 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жуырда Қоғамдық денсау­лық сақтау ұлттық орталығы мен С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық уни­вер­ситеті арасында ынты­мақ­тастық туралы мемо­ран­­думға қол қойылды. Ме­мо­­рандумның мақсаты – дұ­рыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру және жастар­дың денсаулығын нығайту үшін нан және нан-тоқаш өнім­дерінде тұзды кезең-кезеңмен азайту. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсыныстарына сәйкес, тамақ өнімдеріндегі тұз мөлшерін азайтуды жаппай тұтынылатын өнім ретінде наннан бастаған тиімді. Сондықтан осындай меморандум жасалса керек.

Астың дәмін тұз келтірсе де...

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық уни­вер­ситетінің нан және нан-тоқаш өнімдерін өндіретін эксперименталдық-өндірістік цехы ЖОО студенттері мен оқытушыларына арнап құра­мында тұз мөлшері аз нан пісіретін болады. Сөйтіп жұқпалы емес аурулардың алдын алудың негізгі шара­ларының тағы бірі жасалды. Өзара келісімге келген та­рап­тар тұзы аз нан пісіру бас­тамасын басқа да нан-то­қаш өнімдерін өндірушілер қолдайды дегенге үміт ар­тып отыр. Өйткені көптің қол­дауы болмаса «жалғыздың үні шықпайды».


Жалпы, медициналық ұйым­дар сырқаттарды емдеп қа­на қоймай, өзінің басты миссияларының біріне де на­зар аударып келеді. Яғни, халықты денсаулықты күтуге үй­ретіп, профилактикалық ша­раларға және дұрыс тамақ­тануға дағдыландыру өзекті болып отыр. Қазақ мұндайда «ауырып ем іздегенше, ауыр­майтын жол ізде» дейді. Та­ғамдағы тұз мөлшерін азай­ту да осы «ауырмайтын жол іздеудің» бір көрінісі. Се­бебі тұздың жұқпалы емес сырқаттарға себепші бола­тыны бар. Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымының мәліметтеріне қарағанда, жұқ­палы емес аурулардың өршуі­не бірінші кезекте темекі се­бепші болса, одан кейінгі орын­ды тұз иеленеді екен. Саламатты өмір салтын қалып­тастыру ісінде бұқараны тұзы аз тағамдарға үйір қылу өзекті болатыны содан.
Айтпақшы, адамзат бала­сы тұзды 5 мың жыл бұрын пайдалана бастаған. Ол кезде адамдар күніне жарты грамм ғана тұз қолданған. Ал қазір тұздың тәуліктік мөлшері әлем­де шамамен 8 грамм. Бі­рақ қазақстандықтар тұзға тым әуес болып алыпты. Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйы­мының жұқпалы емес сыр­қаттармен күрес және ал­дын алудың Еуропалық кең­сесі жетекшісі, тамақтану бо­йынша менеджер Джоао Бреданың айтуына қарағанда, біз, қазақстандықтар тәулігіне орта есеппен 17 грамм тұз тұтынады екенбіз. Ал ДДСҰ адам баласы үшін тұздың тәуліктік нормасы 5 грамм ғана деген шешімге келіпті. Бұл мөлшерден асып кетсе тұздың пайдасынан зияны көп болады. Оған айғақ болатын мысалдар жетіп артылады. Мәселен, жапондар жарты ға­сыр бұрын күніне 18 грамм тұз пайдаланған екен. Сол кезде ел тұрғындарының арасында сал ауруына ұшырағандар жиі кездескен. Кейін ел билігі тұзды тұтыну мөлшерін тәу­лігіне 4 грамм деп белгілеп, азаматтардың оны қолдануын азайту үшін біраз іс тындырса керек. Нәтижесінде елде сал ауруымен ауыратындар са­ны 80 пайызға азайыпты. Ма­мандар адам тұз қолданудың тәуліктік мөлшерін 2 грам­ға азайтқанда жүрек дертте­ріне шалдығу мөлшері 25 па­­йызға төмендейтінін анық­­таған. Демек С.Сей­фул­лин атындағы Қа­зақ агро­тех­ни­­калық универ­сите­тін­дегі нау­байхананың тұзы аз нан пісіре бастауының ма­ңызы зор деген сөз.


Тұзды шамадан тыс тұ­ты­ну, жалпы, дұрыс тамақ­танбау денсаулыққа зиян еке­нін дәрігерлер жиі айтады. Бірақ өкінішке қарай, олардың кеңесіне құлақ аспай кететін кездеріміз аз емес. Нұр-Сұл­тан қаласындағы №3 қала­лық емхананың терапия бө­лімшесінің меңгерушісі, дә­рігер Эмина Ильясова адамдар тұзды қанша мөлшерде тұ­тынып жүргенін білмейтінін айтады. Ал тұз ағзаға бекон, шұжық, ірімшік тәрізді өң­делген тағамдар арқылы ене­тін болса керек. Сонымен қа­тар ұдайы тұтынатын нан мен нан өнімдері де ағзаға бі­раз тұз «тасымалдайтын» көрінеді. Әрине тұзы мол тағамды күнде жемейтініміз рас, бірақ нансыз күніміз жоқ. Ал сол нанның өзінде тұз мөлшері аз емес. Нарықта тұз­сыз нанның өзі түгілі, атауы да кездеспейтін. Енді өз ден­сау­лығын күтуге ықтиятты азаматтар үшін таңдау жасау мүмкіндігі туғанын айтады дәрігер.


«Тұзды шамадан тыс қа­былдау ағзадағы зат алмасу үрдісінің бұзылысына әке­леді. Соның салдарынан тұз ағзада жиналып, тістер бұзылады, гастрит, асқазан жарасы пайда бола бастайды. Қартаю процесін жылдамдатады. Тұзды шамадан тыс қабылдау қан қысымының жоғарылауына ықпал етеді, бұл өз кезегінде жүрек а­уруы және инсульт қаупін арт­тырады», дейді Эмина Ильясова. Дәрігер қазіргі балалар мен жасөспірімдер көбінесе компьютер алдында отыратынын, аулаға шығып доп қуу, дала кезу азайғанын, фастфудқа, шұжық, чипс, қытырлақ нан, майонезге үйір екенін айта келе, бұл та­ғамдардың ағзаға кері әсе­­рі бар екенін атап өтті. «Әсіресе ысталған шұжық­тарда тұз мөлшері көп бо­лады. Қытырлақ картоп, фри, фастфуд пен жартылай өңделген тағамдарда тұз мөл­шері көп болады. Бұл өз кезегінде ағзаға кері әсерін тигізіп отыр. Оның үстіне дұ­рыс тамақтанбау мәселесі тағы бар. Дұрыс тамақтанбау мен дене қимылының азаюы әлем бойынша денсаулыққа қатер төндіретін негізгі фак­торлардың біріне айналып келеді. Өз басым еліміздің бас қаласында құрамында тұз мөлшері азайтылған нан пісі­ретініне қуаныштымын. Тұздың ұсынылатын тәуліктік мөлшері күніне 5 грамды (бір шай қасық) құрайды», деді дәрігер. Сонымен қатар ма­ман саламатты өмір салтын ұстанумен қатар, дұрыс та­мақ­танудың да маңызды еке­нін айтты. Орта құрсақ жүру адам денсаулығына пайдалы дейді. Ең бастысы, тұзы мол тағамдарға тым құмар бол­маған дұрыс.