Аймақтар • 21 Тамыз, 2019

Семейдегі Орталық саябақтың құрылысы неге аяқталмай жатыр?

657 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Семейдегі Орталық саябақтың жөндеу құрылыс жұмыстарына жабылғанына төрт айдан астам уақыт өтті. Жаз кезінде бұл жұмыстар аяқталады, саябақ халық игілігіне ұсынылады дегенмен, мәселе сол күйі тұр. Десек те, Саябақтың асфальты қопарылып, Шәкәрім ескерткішінің маңайында біраз жұмыстар қолға алынса керек. Бірақ, ол да аяқталмаған, себебі бұл Саябақты жөндеуге байланысты жоба эскпертизадан өтпей қалған болып отыр.

Семейдегі Орталық саябақтың құрылысы неге аяқталмай жатыр?

Семейдегі Орталық саябақтың жөнделуіне 1 млрд теңге қаржы бөлініпті. Сөйтіп, жөндеу басталады деген желеумен саябақ сәуір айында Семей қаласы тұрғындары үшін жабылып қалады. Ал тұрғындар мен қонақтар  әлі күнге дейін Саябақ ашыла ма екен деп тосумен келеді.  Десек те, бұл жөндеу құрылыс жұмыстары қараша айына дейін созылмақшы. Семей қаласы әкімінің жанындағы қалалық қоғамдық кеңес мүшелері, ТҮКШ бөлімі және тағы басқа да тиісті мекеме, ұйым басшылары Саябаққа келіп, басталса да, аяқталмай қалған жөндку жұмыстарының себебін тексеріп көрді.

- Семей қаласы тұрғындарының сүйікті демалыс орны,-деді қалалық мәслихат хатшысы Бейсенбек Ақжалов,-шіркін, Орталық саябақ жөнделсе деген арман 30 жылдан бері барлығының көкейінде жүр. Шығыс Қазақстан облысы бюджетінен қаланың көріктендірілуіне 1 млрд теңге бөлінді, бұл қаржының барлығы осы саяқбақтың күрделі жөндеуіне берілді. Міне, екі ай болды, жұмыстар тоқтап тұр. Мердігер компаниялар бұндай жөнсіздікке неге жол беріп отыр?

Қалалық мәслихат хатшысының сауалына Тұрғын үй инспекциясы және ТҮКШ бөлімінің бастығы Амантай Өтелбаев жуап берді. Оның айтуынша, Орталық Саябақтың жұмысы тұралап қалуының себебі, жоба мемлекеттік экспертизадан өтпей қалған. Жобаны Семей қалалық қала құрлысы және сәулет бөлімі ұынған екен. Жобада техникалық ақаулар бар, яғни көгалдар мен тоғайларды суғару жүйесі жетілдірілмегендіктен құжат бөлігі ретінде кері қайтарылған. Амантай Өтелбаевтың айтуынша, енді осы Орталық саябақты жөндейміз деп конкурсты ұтып алған мердігерлер өз жұмыстарын екі ауысыммен істеп, жобаланған алты айдың емес, үш айдың ішінде жұмысты бітіруге тырысқандары жөн, себебі қаржы миллиард ақаша бөлінді, ал қыс қыр астында, кем дегенде қараша айына дейін жұмыс аяқталуы тиіс.

       -Семей қаласының тұрғындары Орталық саябақтың жұмысы аяқталғанда сапалы аяқталуын талап етіп отыр,-деді мәслихат хатшысы Бейсенбек Ақжалов,-сондықтан қалалық қоғамдық кеңес мүшелері бұкіл құрылыс, жөндеу жұмыстарының барысын қадағалап қараумен айналысатын болады. Және бұл мәселе қала әкімі Ермак Сәлімовтың де назарында. Анығын айтайық, соңғы жылдары Семейде жақсы дүние көп жасалды. Ертістің оң жақ жағалауы «Набережка» көріктендірілді. Жолдар жөнделіп, аулалар қалыпна келді. Жұмыс жүріп жатыр, бірақ, мына саябақтың күрделі жөндеуі тұралап қалғаны қиын болды.  Сондықтан да, қалалық қоғамдық кеңестің пікірі бір жерден шығады. Барлығымыз қала басшылығына бұл мәселеге ерекше көңіл бөлуін сұрайық. Шілденің соңында қорытынды экспертиза шыққанмен, алда әлі мемлекеттік сатып алудың ұзақ жұмыстары бар екендігін де ұмытпаған жөн.  

Қоғамдық кеңестің Орталық саябаққа алаңдаушылық танытып шыққаны қала тұрғындарының жаз айында келіп, бір сәт сергитін саябақтарының уақытында аяқталмай жатқаны еді. Иә, саябақ «жөнделеді» деп жабылып тұрғанмен, жөнделіп жатқан ештеңе жоқ, сол күйі тұралап қалған. 

Айта кету керек, саябақтың күрделі жөндеуден өтеді деген жобасы 2019 жылдың наурыз айында басталған еді. Бұл жобаның тұсауы кесілген соң, жұмысшылар келіп, бірден қызу жұмыс басталуы тиіс болатын. Расымен де, «Семей» КМК келіп, бұл жерде біршама алғы жұмыстар атқарады. Ескі ағаштарды қиып, ескі дәретхананы алып тастайды. Тротуар плитаны қопарған. Сөйтіп, осымен жұмыс тоқтап қалған. Саябақ қаланың ортасында орналасқан, әрі-бері тұрғындар ортасынан өтіп, қаланың екінші жағына шыға алатын. Сөйтіп тура жол да жабылып, ел әуре-сарсаңға түседі.

- Мен осы округтің депутаты ретінде айтарым, 2017-2018 жылдары осы саябақты қалай көркейтеміз деген мәселені қарастырдық,-деді қоғамдық кеңес мүшесі Зульфия Жамалтдинова,-біз Семейде заманауи тамаша саябақ болса дегенді алға қойдық. Қаржы бөлінді, десек те, жұмыс жүрмей жатқаны өкінішті. Бұны қалай түсінеміз?

-Бізге қаржы бөлінді, содан кейін бірден жоба-сметалық құжат дайындалды,-деп жауап берді Тұрғын үй инспекциясы және ТҮКШ бөлімінің бастығы Амантай Өтелбаев,-және мердігер ұйым да анықталып, ол жоба-сметалық құжатты экспертизаға жіберді. Экспертиза көптеген талаптарға орай ұзаққа созылып кетті. Біз мердігер ұйыммен барлық айтқан ескертулерін жөндедік.

Десе де, бұған дейін саябақтың даму концепциясы жасалмаған екен. Жоба бойынша саябақта құрғақ субұрқақтар жұмыс істеуі тиіс. Жоба бойынша, Орталық саябақты жөндеумен қатар, Мәңгілік ел көшесіндегі жаяу жүргіншілер алаңы да жөнделуі қажет дейді депутаттар. Балалар алаңқайы, спорттық алаңдар барлығы жасалуы тиіс. Ескі орындықтар алынып тасталады. Бұрындары Орталық саябақтың жарықтандыруы ақсап жататын. Енді жарық диодты шамдар орнатылатын болмақ.

Жобалаушы мекеме өкілдерінің айтуынша, саябақ 4 аймаққа бөлінбек. Балалар және спорт алаңдары, амфитеатр пайда болмақ. Саябақтың аумағында заманауи субұрқақтар мен орындықтар қойылмақ.Саябақта футбол, баскетбол, волейбол алаңдары мен скейт алаңдар орнатылады. Балалар ойнайтын алаңдағы әлпеншектер атаулы табиғи материалдан жасалады. Ересектеу балалар үшін би алаңы мен шахмат тақтайларын орнатылуы тиіс екен.  

Жоспар бойынша, бұрындары көрінген жерде бей-берекет сатылып тұратын тәттілер мен балмұздақ дүңгіршектері жөнді қалыпқа келтірілетін болмақ. Десе де, кафе, мейрамхана сияқты барлық көңіл көтеру орындары өз орындарында қалатын болды. Бірақ, олар саябаққа қатыссыз түрде, жеке қоршаумен қоршалып, есігі жеке басқа жақтан шығарылатын болды. Орталық саябақтағы жиналыс барысында қалалық мәслихат хатшысы Бейсенбек Ақжалов жұмыстың мерзімінде аяқталуын және ең бастысы сапасы дұрыс болып шығуын тапсырды.  

 

СЕМЕЙ