Аймақтар • 28 Тамыз, 2019

Шалқар-Имантау курорттық аймағына 6 жылда 23 млрд теңге бағытталады

743 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өңірдің інжу-маржаны саналатын, көркемдігі көз тойдыратын Солтүстік Қазақстандағы Шалқар-Имантау аймағы алдағы 6 жылда адам танымастай өзгереді.

Шалқар-Имантау курорттық аймағына 6 жылда 23 млрд теңге бағытталады

«Имантау көлінің жиегінде жағалау жасаймыз. Атпен серуендеуге арналған және велосипед жолдары төселеді. Сондай ақ, әдемі шолу алаңы мен туристерге ақпараттық көмек көрсететін визит-орталық салынады», деді әкімдіктің кеңейтілген отырысында есеп берген кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Құралай Жарова.

Осынау аумақты жобаларды  жүзеге асыру үшін  2019-2025  жылдар аралығында  республикалық және жергілікті қазыналардан 23 млрд теңге жұмсалатын болады.

Аймақ басшысы бірінші кезекте жол мәселесін шешуді тапсырды.

«Қалпына келтірілетін жолдардың сапасын қоғамдық ұйымдар мен партия өкілдері де  жүйелі бақылауға алулары керек. Әйтпесе, шаруаны жүрдім-бардым атқаратын мердігерлер жоқ емес», деді Құмар Іргебайұлы.

Курорттық аймаққа қатысты өзге де проблемалар  жетерлік. Солардың бірі – талапқа сай инфрақұрылымның жоқтығы. 40-қа жуық демалыс базасының тек 26-сында ғана электр қуаты, 13-інде ғана орталықтандырылған су құбырлары бар. Мобильдік байланыс, цифрлық телевизия жүйесін жақсарту-басты талаптардың бірі. Қоқыс полигонын салуға қаржы қарастырылмаған. Бір сөзбен айтқанда, ескі-құсқы демалыс орындары көркем табиғаттың көрінісін бұзып тұр.

«Кей пысықайлар демалыс нысандарын «тауық қораға» ұқсатып салып қойып, жалға берумен ғана шектеліп отыр. Оларды “демалыс базасы” деп айтудың өзі ұят. Тәртіп, тазалық жоқ, санитарлық талаптар мүлдем  сақталмайды. Қауіпсіздік жайы ұмыт қалған», деген аймақ басшысы өзге де  міндеттерді белгілеп берді.

Шалқар-Имантау – туристер арасында аса танымал. Биыл 63 мың адам  тыныққан. 10 мыңнан астамы – шетелдіктер. Бұл көрсеткіш  өткен жылға қарағанда 40 процентке көп.

Солтүстік Қазақстан облысы