Аймақтар • 29 Тамыз, 2019

Тарихи танымға толы топонимика

537 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыстың физикалық-географиялық бедерін топонимикалық жағынан жүйелеумен айналысып жүрген М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, этномәдени ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Зарқын Тайшыбайдың редакторлығымен жарық көрген «Атамекен атаулары» атты ұжымдық жинаққа 4590 кісі есімі, 2255 жер-су, орман-тоғай, жайлау, қыстау, 764 ру-тайпа, ауыл аттары енген.

Тарихи танымға толы топонимика

Зарқын Сыздықұлының пайымын­ша, қазақ этнотопонимикасы кең-бай­тақ атақонысымыздың әр қиы­рын мекен еткен байырғы ұлттың әрқилы шаруашылық жүргізу әдіс-амал­да­рына, тұрмыс-тіршілігіне орайлас­тырыла түзілген. Көкшеағаш, Сары­терек, Қойсойған, Жонқызыл, Талды қыст­ау секілді құлаққа әуезді, көңілге қонымды, болмаса Түлкі алған, Қасқыр қамаған, Үкі атқан, Төрт өгіз сияқты тарихи атауларды шеберлікпен қоя білген. Атына қарап әрқайсысының шығу затын зерделеу қиын емес. Үлкен Қопа, Бірқызыл, Қосқаратал, Сұлужал, Қоспақшағыл көркем дастанның шумақтарындай оқылады. Ағаштың түрлеріне байланысты Аққайың, Қара­ғай, Бестерек, көлдерге орай Ұзынкөл, Тереңкөл,Тұщыкөл аттарын иеленген. Ақжан қонған ағаш, Есенгелді жығылған, Есілбай түскен, Көшек қой сойған, Салықпай шоқысы сықылды нақты оқиғаны дәлме-дәл бедерлейтін атаулар шоғыры – өз алдына бір төбе.

Өкінішке қарай, соңғы екі ғасырдың ішінде топонимикалық атаулардың көпшілігі күшпен өзертілген, бұрма­ланған. Мұндай қитұрқы, отаршыл саясат қазаққа тиесілі байырғы жер-аумақ жігін айырып, патшалық Ресейдің өзіне басыбайлы меншіктеп алу сияқты өзімшіл пиғылынан туындап, әскери губернатор Г.Меньшиковтың тұсында орын­дала бастаған. Соның салдарынан ұлттық реңктегі жер-су атаулары орысшаға айырбасталып, тарихи, танымдық маңызынан айрылған. «Жұмақ» іздеп, сырттан көшіп келген «қара шекпенділер» мекендеген қазіргі Явленка бұрын Богоявленное аталған. Кеңес өкіметі «богосын» алдыртып тастаған. Сергеевка, Николаевка селолары да әулиелердің есімдерімен қиылыстырылған. Ақкөл Белоеге, Қаракөл Черноеға ауыстырылған. Осы­лайша төл атауларымыз жұрттың аузында ғана қалған.

«Көп адамдардың, әсіресе, жас құрақ­тай желкілдей өсіп келе жатқан ұрпақтың санасында түйе жарықтықтың отаны тек күнгей аймақ деген түсінік қалыптасқан. Теріскей өңірлерде де Ой­сылқараны көптеп өсіріп, үй шаруа­сына пайдаланғанын біле бермейді. Жер-су атаулары халықтың айналысқан кәсібіне де тікелей қатысты екенін ескерсек, Түйелісай, Түйеқырылған, Боталы, Ақтүйе, Ақтүйесай, Ақбура, Көкбура секілді атаулардың Уәлиханов ауданында жиі кездесуі қазақтың ежелгі мекені, атақонысы екенін айғақтайды.

                                

Солтүстік Қазақстан облысы