Спорт • 01 Қыркүйек, 2019

Солтүстік Қазақстанда «Ринг королі» халықаралық спорт сайысы өтті

400 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Төрт күнге созылған дүбірлі додаға еліміздің өңірлерінен және Ресейден 30-дан астам  былғары қолғап шеберлері қатысып, «Ринг королі-2019» белдігі үшін жұдырықтасты.

Солтүстік Қазақстанда «Ринг королі» халықаралық спорт сайысы өтті

   Күрзі жұдырық иелері арасында екі халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 13 спорт шебері, әлем, Азия ойындарының чемпиондары мен  жүлдегерлері болды. Олардың бәсекесін аймақ басшысы Құмар Ақсақалов тамашалады.

   «Бокс ардагерлері арасындағы турнир осымен үшінші рет өткізіліп, халықаралық мәртебе алып отыр. Қатысушылардың саны былтырғыға қарағанда көп. Тартыс өте күшті», дейді К. Сафин атындағы бокс мектебінің директоры, кәсіпқой бокстан әлем жеңімпазы Жанат Жақиянов.

   Кіл мықтылар ақтық сайысқа шығап, 6  салмақ бойынша өзара күш сынасты. Шаршы алаңда бірінші болып  64 салмақ дәрежесі бойынша Нұр-Сұлтан қаласының 36 жастағы өкілі, жазғы Олимпиадаға қатысушы  Миржан Рақымжанов пен 63 жастағы атыраулық Адик Бермешов көтерілді. Екеуі де  жақсы әзірлікпен  келгендерін байқатты.  Миржан өзінен 27 жас үлкен қарсыласына інілік ізетпен жол берді.

  Петропавлдық Мұрат Құрманғожинов /69 кг./ жерлесі, былтырғы турнирдің жеңімпазы Рустам Жақыповты бірінші  раундта жерге сұлатып салды.

 Қалған салмақтар бойынша мыналар жеңістің ең биік тұғырына көтерілді: 75 кг.–астаналық Александр  Лучшев,  81 кг.–қарағандылық  Қуаныш Исембаев, 91 кг-ға дейін–қарағандылық  Тимур  Байсеркеев.

 91 килодан жоғары алыптар айқасы қос ресейлік Сергей  Таннагашев пен  Сайран  Смаиловтың арасында өтті. Қарсыласының  еңгезердей ірілігіне, бойшаңдығына қарамастан бойы кіші болса да Сайран айқын басымдықпен жеңді.

   Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге «Ринг патшасы-2019» белдігімен қоса ақшалай сыйлықтар да табысталды.

Солтүстік Қазақстан облысы.