Теннис • 01 Қазан, 2019

Теннис: Юлия Путинцева әлемнің бірінші ракеткасынан ұтылды

167 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстандық теннисші Юлия Путинцева Қытайдың бас шаһары – Бейжіңде өтіп жатқан жүлде қоры 8 285 274 АҚШ долларын құрайтын WTA турнирінің екінші айналымынан аса алмады. 

Теннис: Юлия Путинцева әлемнің бірінші ракеткасынан ұтылды

Тұсаукесер кездесуінде жерлесіміз ресейлік Анна Блинкованы 6:0, 6:1 есебімен ойсырата ұтқан еді. Екінші кезеңде оның жолы Эшли Бартимен қиысты. 23 жастағы австралиялық теннисші қазіргі кезде әлемдік рейтингте көш бастап тұр. Осы күнге дейін WTA турнирлерінде 16 мәрте топ жарған ол биыл «Ролан Гаррос» додасының жеңімпазы атанды. Сонымен қатар Австралияның ашық біріншілігінде ширек финалға дейін жетті.

Міне, біздің Юлия Путинцеваға осындай мықтымен Бейжіңдегі жарыстың екінші айналымында кездесуіне тура келді. 1 сағат 17 минутке созылған бұл бәсеке 6:4, 6:2 есебімен Бартидің пайдасына шешілді.

Айтулы турнирдің әйелдер сайысында Эшли Бартиден бөлек, жапониялық Наоми Осака,украиналық Элина Свитолина, чехиялық Петра Квитова, румыниялық Симона Халеп және тағы басқа мықты ойыншылар сәтті өнер көрсетуде.