Аймақтар • 04 Қазан, 2019

Екіжақты тиімді келісімдер

538 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстан мен Ресей мемлекетаралық ынтымақтастығы әрі осы шеңберде дәстүрге енгізілген шекаралық аймақтар форумдары Ақтөбе облысының әкімдігі мен Татарстан Республикасы арасындағы әлеуметтік-экономика­лық байланыстардың тереңдей түсуіне жол ашып отыр.

Екіжақты тиімді келісімдер

Бұл бағытта 2017 жылдың 9 қара­шасы күні көршілес өңір басшылары қол қойған келісімге сәйкес екі­жақ­ты қарым-қатынастардың аясы кеңе­йе түсті. Айталық Ақтөбе облысы­­нан Татар­станға аймақ индустриясы­ның сан түрлі өнімдері жөнелтілсе, туыс­тас елден өндірісі өркен жай­ған өңірге этилен полимерлері, бұран­далар мен гайкалар, тіркемелер жеткізіледі. Өз кезегінде ақтөбелік мал өсірушілер Татарстаннан сүтті асыл тұқымды сиырларды сатып алып жүр.

Қос тарап өзара байланыстар шең­­берінде бір-бірінен үйренуге әрі бірін­де жоғын бірі толықтыруға ың­ғай танытып келеді. Осы орайда ақтөбе­ліктер үшін әлемнің ірі компания­ларымен бірігіп жұмыс істейтін Қазан қаласындағы инвестициялық даму агенттігінен алатын іс-тәжірибе аз емес деуге болады. Бұл құрылым 2011 жылы іске қосылған, таяуда Татар­станға өңіраралық келісімді одан әрі тереңдете түсу мақсатымен Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин бастаған топ тағы да барған-ды. Сол кезде олар аталған экономикалық ай­мақта тәжірибе алмасуға және бірі­гіп жұмыс істеуге тұратындай іргелі де ілкімді істер мол екеніне көз жеткізді.

Рас, Ақтөбе қаласындағы ин­дус­т­риал­дық аймақтың әлеуеті де жыл­дан-жылға артып келеді. Әсі­ресе мұнда өндіріс орындарын ашуға шетелдік инвесторлардың қызығу­шылық таныта бастағаны елеулі іс. Осындай жағдайда Ақтөбе облыстық индустриалық-инновациялық да­му басқармасы мен Татарстан Рес­пуб­ликасының инвестициялық даму агенттігі ортақ табысқа қол жет­кізе алары анық. Дәл осындай тұжы­рым­ды екі жақтағы өңірлік және сауда өнеркәсіп палаталарына қатыс­ты жасауға да әбден болады. Бұл ретте қол қойылған өзара ынтым­ақтас­тық туралы меморандумдар тиісті нәти­жеге қол жеткізудің тетігі бола алғанын қалар едік. Екі өңірге ортақ тағы бір өнеркәсіптік буын химия өндірісі десек қателесе қоймаспыз. Осы орайда туыстас елдегі «ХимГрад» кешені резиденттерге алаңдар мен жер телімдерін жалға беріп, сатумен айналысатынын айтқан жөн. Мұндай тәсіл өндірісті тезірек өрге бастыруға септігін тигізе алады екен. Аталған кешеннің жалпы аумағы 131 гектарды құраса, ғимараттар мен құры­лыстардың жобалау ауданы 500 мың шаршы метрден асып түседі.

Тұтастай алғанда Татарстандағы химия өнеркәсібінің басты тінін поли­этиленді қайта өңдеу және нанотехнологиялар құрайтынын көреміз. Соны­мен бірге мұнда ресурстарды үнемдеу мен энергия тиімділігін көтеру ісінде де назар аударуға тұра­тын­­дай жетістіктер аз емес екені байқалады. Медициналық технологиялар саласында Татарстанда шағын және орта бизнес шеңберінде 282 компания жұмыс істейтіні де үйренуге лайықты үрдіс деуге болады. Бұл, әсіресе республика өңірлері арасында баламасы жоқ медициналық клас­тер құра білген ақтөбелік медицина мамандары үшін тіптен қажет екені талассыз мәселе.

Сондай-ақ Татарстанда ауыл ша­руа­шы­лығына және бұдан да өзге сала­ларға қолдануға қажетті қондыр­ғылар ақтөбелік делегация мүше­лерінің қызығушылығын танытты. Соның бірі – ұшқышсыз басқарылатын «Flyp» жүк дроны. Сөз жоқ, мұндай тиімді де жаңа технология Ақтөбе облысында да жүзеге асырылып жатса, мұның ешқандай артықшылығы жоқ. Бүгінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер өз өнімдерін сақтап қайта өңдеуде әрі оны буып­тү­йіп халыққа тікелей жеткізіп сату жұ­мыс­тарын атқаруда белгілі бір кедер­­гілерге кездесіп қалып жатады. Бұл ретте оның бәрін бір алаң­да жүр­гізуге мүмкіндік беретін «Қазан» агро­өнеркәсіптік кешені де ақтөбе­лік­терге үлкен ой салғандай әсерде қалдық.

Ақтөбе еліміздегі халықаралық мәртебесі бар ірі әуе орталықтарының бірі. Бұл фактор Ақтөбе мен Қазан қалалары арасындағы әуе қатынас­тарын реттеуге мүмкіндік туғызады. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин мен «Ювт Аэро» АҚ әуе компаниясының бас директоры Петр Трубаев екі ша­һар­дың арасында әуе бағыттарын рет­ке келтіру жөніндегі келісімге қол қойды. Бұл жайт алдағы уақытта нақ­ты жүзеге асатын болса нұр үстіне нұр.

– Биылғы 2019 жылдың жеті айында Ақтөбе облысы мен Татарстан Республикасы арасындағы сыртқы сауда айналымның көлемі 20 миллион АҚШ долларына жуықтады. Оның мөлшері жыл аяғына дейін тағы да өсе түседі деген ойдамыз. Бұған бүгінгі кездесулер кезінде жасалған жаңа келісімдер де өз әсерін тигізуге тиіс. Сонымен бірге біз Қазанға келген сапарымыз кезінде Татарстан Республикасының Президенті Рустам Миннихановпен кездесіп, туризм, кәсіпкерлік, денсаулық, білім және химия өнеркәсібі салаларындағы екі­жақты қарым-қатынастардың келе­шегін талқылап, алдағы уақытта тізе қосып жұмыс істеуге уағдаластық, – деді Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин.

Міне, еліміздегі өндірісі өркен жайған өңірлердің бірі Ақтөбе мен туыстас Татарстан арасындағы әлеу­мет­тік-экономикалық қарым-қатынас­тар­дың кейбір қыры осындай.

 

АҚТӨБЕ – ҚАЗАН – АҚТӨБЕ