Аймақтар • 07 Қазан, 2019

Алматыда алғашқы қалалық хакатонның қорытындысы шығарылды

363 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше Алатыда  Q-Lab қалалық жобалар Зертханасында ақылды жобаларды жасаушылардың алғашқы қалалық марафоны өтті. Бұл жолы қатысушыларға бұрын қатысқандардың ұсыныстарын жалғастырмай әрі қайталамай жаңа идеясы бар прототипті бірден жасау және іске асыру міндеттелді.

Алматыда алғашқы қалалық хакатонның қорытындысы шығарылды

Идеяны прототипке айналдыру үшін қатысушыларға 24 сағат берілді.  Хакатонды ашқан Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев мегаполистің тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін барлық салаларға жаңа әрі тиімді шешімдер қажет екенін айтты. Әкімнің түсіндіруінше Перспективалы, зияткерлік әзірлемелер мен талдамаларды ұсынған командаларға қолдау көрсетіледі, өйткені олардың ұсыныстары қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуде практика жүзінде қолданылады. «Ақылды марафонды біз жыл сайын өткіземіз, ауқымын кеңейтеміз және оларды пайдаланатын салаларды ұлғайтамыз, бұл іске креаторлар мен әзірлеушілерді кеңінен тартатын боламыз»,  деді Б. Сағынтаев.

Айта кету керек, бұл жолы 30 жұмыстың ішінде үш команданың жобалары үздік деп танылды

Almaty SmartCity Challenge хакатонының жүлделік қоры 3 млн теңгені жарыс жеңімпаздары атанған үш команда өзара бөлісті: HCK50 («Salem Tourist» жобасы - 1,5 млн теңге), GGG («Smart bin» - 1 млн теңге) және Mbionics («Ақылды тұрақ» - 500 мың теңге).

Хакатонға қатысушылардың барлығы атаулы сертификаттар алды.

Шараға қолдау көрсеткен демеушілердің «Касперскийдің Зертханасы» АҚ, «Қазтелепорт» АҚ арнайы сыйлықтарымен жаңа әрі креативті идеялары үшін 9 команда марапатталды.

Туристерге арналған «Salem Tourist» мобильді қосымшасы арқылы қаламыздың өте қызық жерлері және көрнекі орындары, оларға қалай баруға болатындығы, рейтингі және қалалықтардың пікірі туралы ақпараттарды алуға болады. Бұл жобаны әзірлегендер қосымшаның Алматының туристік тартымдылығын арттырып, туристерге барынша жайлы жағдайларды жасайтындығын айтты.

«Smart bin» жобасының авторлары датчиктер арқылы қаланың қоқыс толған контейнерлері бірден көзге түсетінін жеткізді. Олар контейнерлердің тез толуы және тазаруы логистиканы оңтайландыруға, қанша қоқыс жинайтын машиналар мен контейнерлердің қажет екенін есептеуге, бағытты анықтауға, қоқыс көліктерінің майын үнемдеуге, техника мен жолдың тозуын азайтуға және қызметкерлердің жұмыс уақытын қысқартуға мүмкіндік беретінін айтты.

Mbionics командасының «Ақылды қала» жобасын жасаушылар жедел мониторингтің Алматының бос тұрақтарында көлікті орналастыру процессін басқаратынын айтты. Бұл жоба қаланың көлік тұрағы кеңістігін жасқартумен қатар қала бюджетіне түсетін қаржыны ашық бақылауды қамтамасыз етеді.

Хакатонға қатысушылардың барлығы қаланы дамытуға арналған 30-дан астам жоба әзірлеген болатын. Қатысушылар тұрмыстық қоқыстарды өңдейтін ферма, қаланың жасыл желегін суаратын «ақылды» автосушашқыш, мониторинг жүйесі және бос көлік тұрағын іздеу, қала қауіпсіздігін талдау, жүктемені азайту және басқа да жобаларды құрамына «Касперскийдің Зертханасы» АҚ, «Қазтелепорт» АҚ, «ПИТ» (Tech Garden) АКҚ, «Ақпараттық технологияның Халықаралық университеті» АҚ және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Сараптама және мәліметтерді өңдеу орталығының өкілдері енген сараптама жюриінің қарауына ұсынды.