Аймақтар • 20 Қазан, 2019

Ақтау: «Чхусок» мейрамын атап өтті

402 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Маңғыстау туризм колледжінде өңірлік корей этномәдени орталығы "Чхусок" дәстүрлі мерекесін атап өтті.

Ақтау: «Чхусок» мейрамын атап өтті

Аталмыш іс-шараға колледж мұғалімдері мен студенттері, корей этномәдени орталығының өкілдері, «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының өңірлік штабы қатысты.

«Чосон» корей этномәдени бірлестігінің төрайымы Маденова Раиса келген қонақтарды корей халқының мәдениетімен, салт-дәстүрімен, өнерімен таныстырып өтті.

«Чхусок» – қыркүйек пен қазан айының ортасында тойланатын корей халқының ең атаулы мерекесі. Кореяда бұл мереке 5 күн қатарынан тойланады. Мереке атауының мағынасына зер салсақ «чху» корей тілінен аударғанда - күзді, «сок» - кешті білдіреді екен, яғни «күзгі кеш» деп аударылады. Мереке ежелден күзгі жиын-терім жұмыстарының аяқталуына сәйкес тұста, ай толған кезде тойланады. Атаулы мереке арнайы жеміс-жидектердің, дәнді дақылдардың пісіп жетілген кезіне орайластырылып өткізілетін ырыс-берекені, еңбекті насихаттайтың думанды мереке.

Іс-шара барысында жақында өткен корей кинофестивалінің жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан бірнеше жастар Алғыс хаттармен марапатталды. Сонымен қатар «NURBANK» АҚ Ақтау қаласындағы филиалы корей өкілдерінің аға буындарын атаулы мерекемен құттықтап, сыйлықтар табыстады. 

«Чхусок» мейрамында корей халқының ұлттық тағамдары және ұлттық киімдерінен көрме жасақталды. Іс-шара соңында ән шырқалып, мереке көңілді аяқталды.