Аймақтар • 28 Қазан, 2019

Өзекті сауал, өткір сын

288 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Президент Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева Алматы облысына жұмыс сапарымен келді.

Өзекті сауал, өткір сын

Талдықорған қаласында жұрт­шылықпен кездескен Мемлекет басшысының көмекшісі «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында қоғамдық қабылдау өткізді.

–Кез келген мәселенің дұрыс шешімін тауып, тұрғындарға тиім­­ді болуына мемлекеттік би­лік пен қоғамдық ұйымдар бір­­лес­кенде ғана қол жеткізе ала­мыз. Ол үшін кемшін түсіп, ол­қы со­ғып жатқан мәселелерді ашып жет­кізу – баршаның басты мін­деті. Яғни, әрбір тұрғын мемле­кеттің дұрыс дамуына жария­лы­лықпен, ашықтықпен үлес қоса алады. Елімізде осы бағыт­тағы шаралар қолға алынып, әрбір өңірде Қоғамдық кеңес­тер­дің жұмысы жандануда. Ең бас­тысы, билік пен қоғамдық ұйым­дар бірлесе, кеңесе қадам бас­қанда ғана жақсы нәтижеге қол жеткізетінін ұмытпауымыз керек. Менің бүгінгі сапарым да осыған негізделген, – деді қоғамдық қабылдау барысында Аида Ғалымқызы.

Жетісу тұрғындары өздерін алаңдатқан мәселелерді ашық айтып, толғандырған сауалдарға жауап іздеді. Президенттің көмекшісі – Президент Әкімшілігінің Өті­ніштерді қарауды бақылау бөлімі меңгерушісінің қоғамдық қабыл­дауында көтерілген мәсе­лелер бірнеше бағытты қам­тыды. Айтылған пікірлерді сал­мақ­тай келгенде, өңірде жеке отба­сылық жағдайдан бастап, күл­лі жұртшылықты алаңдатқан бір­қатар өзекті мәселелер бары айтылды. Әсіресе қабылдауға жа­зылған ауыл тұрғындары рес­пуб­ликалық, облыстық деңгей­дегі автожол бойында кісі өлі­мі­нің жиі орын алатынына алаңдау­шылық білдірді. Ал қала маңы тұр­ғындары қоршаған ортаны лас­таған кәсіпорындардың бейқам­ды­ғына наразылық білдіріп, жер­гілікті атқарушы биліктің дәрмен­сіздігіне шағымданды.

Сондай-ақ қоғамдық қа­был­­дау кезінде тұрғындар аудан ор­­та­лықтарындағы негізгі көше­лер­дің әлі күнге дейін асфальттал­мағанына налып, медициналық қызмет көрсету ісінде олқы­лық­тарға жол берілетіндігін де жасырмады. Негізінен ауылдық өңірден келген тұрғындар зей­нет­керлерді емдеудің жолдарын жүйелендіру керектігін, кә­різ жүйелерінен шыққан жа­ғымсыз иістің көршілерді мазалайтынын, жүгері өсірушілерге берілетін субсидияның тек өнім алған соң ғана қолға тиетінін, ауыл­шаруашылық техникасын лизингпен алудың тиімсіздігін айтса, шағымданушылардың бір тобы КСРО кезінде жинақ кітап­шасында жинақталған сома­лардың қайтарылмай қалғанын, қылмыстық істі тергеуді қол­ға алған тергеушілердің жиі ауы­сатынын, сол арқылы шағым­да­нушы арызының аяқсыз қала­тынын жайып салды.

Бұқара тарапынан айтылған мәселелерді сараптай келе, аймақ тұрғындарын алаңдатқан бірнеше жағдай сын тезіне алынды. Олардың қатарында облыс бойынша жұмыссыздықтың статистикалық көрсеткіші нақты деректермен сәйкеспейтінін, мүгедек балалардың білім алуы­на берілетін көмектер мен мүмкіндіктердің жүйеленбегені жайында сұрақтар өткір тұр екен. Баспана кезегіне қатысты дау-дамайдың көптігі мен көп балалы аналардың жанайқайы да кездесуде назардан тыс қалмады.

Қоғамдық қабылдауға келген 106 адамның арыз-арманын мұқият тыңдаған Аида Ғалым­қызы жергілікті жерде шешілетін мәселелерге жауапты лауазымды шенеуніктерді сынға алып, тұрғындар өтінішінің барлығы Президент Әкімшілігіне жеткі­зілетінін айтты.

–Тұрғындар тарапынан ай­тыл­­ған тілектер мен талаптар про­токолға кіргізілді. Соған байла­нысты барлық мәселелерді қа­жетті деңгейде қарастыратын са­ла­лардың басшыларына жеткі­зе­мін. Айтылған барлық мәсе­ле заң аясында шешіледі деп сене­мін, – деді қоғамдық қабылдауды қоры­тын­дылаған сөзінде Қазақстан Рес­публикасы Президентінің кө­мек­шісі – Президент Әкімші­лі­гі­нің Өтініштерді қарауды ба­қылау бөлімінің меңгерушісі А.Балаева.

 Алматы облысы