Экономика • 08 Қараша, 2019

Субсидия төлеу ісі созылмаса екен

304 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгінде мемлекет тарапынан берілетін қаржылай қолдауға ең алдыңғы кезекте өңірдегі мал өсірумен айналысатын агро­құрылымдар зәру. Осы мақ­сат­та берілетін субсидиялық қара­жаттың уақытында төленбеуі облыстағы бірқатар шаруа қожа­лық­тарының дамуына кедергі келтіріп отыр.

Субсидия төлеу ісі созылмаса екен

Атап айтқанда, олардың тех­ни­ка мен мал азығын сатып алуға және алдағы мал қы­ста­ту науқанына әзірлік жа­сауы­на мүмкіндіктері жоқ. Со­ны­мен бірге бұған дейін алған несиесін жабуға да субси­дия­ның жеткіліксіздігі салқынын тигізуде. Лажсыздық пен мәж­бүр­ліктен көптеген шаруа қо­жалықтарының жетекшілері қолдарындағы асыл тұқымды малдарын етке өткізуде. Мұның зардабы уақыт өте келе тіптен ауыр тиетіні дау туғызбайды. Осының бәрі қаржының тап­шылығынан орын алғаны айтпаса да белгілі. «Жығылғанға – жұ­дырық» дегендей, оның үсті­не биылғы жаз айларында құр­ғақ­шылық болуы, жауын-шашын­ның аз түсуі де жем-шөп жеткіліксіздігі жағдайын күрде­лендіре түскен-ді.

Ақтөбе облыстық ауыл шаруа­­­шылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсем­­бай­дың айтуынша, соңғы уа­қыт­та мал өсірушілер тарапы­нан субсидияға сұраныс деңгейі өсіп келеді. Оны өтеу үшін биыл рес­публикалық бюджеттен қосымша 5,9 миллиард тең­ге сұрал­ған. Әйтсе де бұл қо­мақ­ты сома әлі күнге дейін шаруал­ар­дың қолына тиген жоқ.

Аталған уақыт аралығын­да жергілікті бюджет есебінен 5,6 мил­лиард теңге көлеміндегі қаражат толықтай өтелді. Соған қарамастан қазіргі кезде облыста субсидия бойынша фермерлерге берілетін қарыз 3,2 мил­лиард теңгені құраған. Мұ­ның сыртында субсидия алуға мал өсірушілер тарапынан әлі де өтінімдер түсіп жатқанын ес­керсек, бұл мөлшердің өсе түсетініне шек келтіру қиын.

Мал шаруашылығына қатыс­ты алғанда осы кезге дейін «Сыбаға» бағдарламасы сала­лық агроқұрылымдарға әжеп­тәуір көмегі мен шапағатын тигі­зіп келген болатын. Аталған бағ­дар­лама аясында асыл тұ­қым­ды мал өсіруді жүйелі жол­­ға қоюдың жаңа бір жолы ашыл­ғандай еді. Соның ішінде осы арқылы мәрмәр ет экспорты үлесін көтеру мүмкіндігі туғаны да күні кеше еді деуге болады. Солай бола тұрса да кейінгі кезде аймақта орын ала бастаған субсидия мен сыртқы инвес­тиция секілді өзге де қаражат көз­дерінің тапшылығы бұл ба­ғыт бойынша алға қарай одан әрі жылжуға тежеу салды десек, шын­­дықтан ауытқи қоймаспыз.

Бұл арадағы басты мәсе­ле жо­ғарыда көрсетілген респуб­ли­к­алық бюджеттен бөліне­тін қомақты қаражаттың бөлін­беуінде екені белгілі. Өңірдегі субсидия тапшылығы орын алуының басты себебін де осы тұстан іздегеніміз жөн. Со­нымен соңғы деректерге сүйенсек, белгіленген субсидия мөлшерінің Ақтөбе облысына алдағы 2020 жылдың басында ғана беріле бастайтынын бағамдай аламыз. Облыстық ауыл шаруашылығы басқар­масы маман­дарының есебінше, шаруа бақ­қан ағайындардың субси­дияға деген сұранысы тек алдағы жыл­дың бірінші тоқсанының соңында толықтай өтелмек.

Әрине мал өсіріп, оның өнім­дері­мен ел-жұртты қамту­ды мақсат еткен шаруа иелері­нің заңды төлемдерін алғысы келетіні түсінікті жайт. Өкінішке қарай, бұл мәселеде Ақтөбе облысында қазір күрделі жағдай қалыптасқан. Осыған орай Ауыл шаруашылығы министрлігі Мал шаруашылығы өнімдері өндірісі және өңдеу департаменті өз тарапынан ел Парламентіне өтініш түсірген екен. Бұл жө­нінде облысқа келген сапарында аталған департамент директорының орынбасары Қайрат Мұтаев жеткізді. Бұл мәселе республикалық бюджетті нақтылау кезіндегі мәжілістерде ескеріліп, қолдау тауып жатса, бұған дейінгі шешілмей жүрген түйіндердің тарқатылары анық.

Жуырда өңірдегі субсидия тапшылығын жою, оның шаруа қожалықтары жетекшілері мен фермерлерге беру мерзімін қысқарту жөнінде арнайы жұ­мыс тобы құрылғанынан ха­бар­­дар болдық. Оның құра­мына Ауыл шаруашылығы, Қаржы және Ұлтттық эконом­ика министр­ліктерінің өкіл­д­ері еніпті. Соны­мен бірге топ құ­рамында «Ата­мекен» ұлт­тық кәсіпкерлік палатасы мен Парламент депутаттары да бар. Аталған жұмыс тобы­ның қоры­тындысына сай мал шаруа­­шы­лығын дамытуды суб­си­ди­я­лауға қосымша қаржы бөлу жөніндегі мәселелер мен ұсы­ныс-тілектер өз шешімін тапса игі.

 

АҚТӨБЕ