Экономика • 12 Қараша, 2019

Арнайы экономикалық аймақ

481 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Үкімет қаулысымен «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағы­ның құрылатыны жайлы жаңалықпен бөліскен облыс әкімі Құмар Ақсақалов әлеуметтік желідегі парақшасында: «Бүгін – Солтүстік Қазақстан облысы үшін ерекше күн. АЭА шеңберінде заманауи және экспортқа бағытталған өндірістер пайда болып, 3 мың жаңа жұмыс орны ашылады.

Арнайы экономикалық аймақ

Алғашқы кезеңде 160 млрд теңге инвестиция тартылмақ. Аймақ 25 жыл жұмыс істейді, осы уақытта 1,5 триллион теңге­нің өнімі шығарылатын болады» деп жазды. Және бұл «ауылы ара­лас, қойы қоралас» Ресей мен Қазақ­станның шекаралас а­ймақ­тарында бой көтеретін ал­ғаш­қы экономикалық аймақ бол­ған­дықтан тиімділігі өте зор. Өйткені екі ел ежелден стратегиялық серік­­тес, сенімді әріптес саналады. Араларындағы шекараның ұзын­­дығы 7591 шақырымды құ­рауы­­нан-ақ шекаралық ай­мақ­­тың ауқымдылығымен қоса эко­но­­ми­калық зор әлеуетін де аң­ға­рамыз. Оның бір бөлігі Сол­­түс­­тік Қазақстан арқылы жал­­ға­­с­ып, Ресейдің Омбы, Қор­ған, Түмен облыстарымен түйі­седі. Бүгін­де ортақ нарық талаптарына сәйкес еркін сауда ай­на­лы­мы­ның көкжиегі кеңейіп, им­порт­­тық, экспорттық өзара бай­ланыс күшейіп келеді. Мұ­ның бәрі АЭА барысында үй­лесімді сауда-саттықты қам­тамасыз етуде, іш­кі шекарасыз ке­ңіс­тікті қалыптас­тыруда жете ес­керіледі. Азық-түлік өнім­дерін, құрылыс материалдарын, жиһаз, электроника, машина жасау, тағы басқа ондаған қызмет түрлерін қамтумен қоса биз­нес­ке салықтық жеңілдіктер бері­­леді. Ал мемлекет барлық ин­ф­ра­­­құ­рылымдар бойынша кө­мек­­­­теседі. Осылайша қалталы қар­­­­жы­­­­герлердің көптеп келіп, алаң­­­сыз жұмыс істеуіне айқара жол ашы­лады. Өз кезегінде эко­но­­­ми­­­­калық аймақ облыстың дамуы­­­­­на қуатты серпін береді. Соң­­ғы жыл­­дары өңірде қайта өң­деу сала­­сына басымдық бері­ліп, оның үлесі 15-20 пайызға арт­­­қа­­ны­­­мен, бұл ілгерілеулер негі­­зі­­нен агро­өнеркәсіп кешеніне тие­­­­сілі екені жасырын емес. Осы себеп­­­ті Пре­зидент Қасым-Жо­март То­қаев ха­лыққа арнаған Жол­­дауын­да атап көрсеткендей, өнді­ріс­­тің барлық буындарында бәсе­ке­­лес­тік орта қалыптастыру – басты міндет.

– АЭА аймақтық және эконо­ми­­ка­лық жағынан біртұтас организм секілді. Ондағы өндіріс орын­дары еңбек, экономика­лық-географиялық орналасуы жағы­нан жіктеліп, негізгі салалар жеделдетіле дамытылады. Қазір елімізде оннан астам АЭА жұ­мыс істейді. Біздің аймақ­тың ин­дустриялық-иннова­ция­­лық даму бағыты бойынша ин­вес­тициялық әлеуеті өте зор. Түпкі мақсаты – өндіріс ошақ­тарына соңғы үлгідегі жоғары технологияларды енгізу, экс­портқа бағдарланған өнімдер мен тауар­лардың бәсекелес­тік­ке қа­рымын арттыру, шаруа­шы­­лықты басқарудың өміршең әдіс-тәсіл­дерін қолдана отырып, әлеу­меттік мәселелерді шешу­ге де белсене атсалысу. «Qyzyljar» арнайы эко­но­микалық айма­ғы тамақ өнім­дерін өндіру, қалдық­сыз өңдеу, құ­рылыс, жеңіл өнер­кәсіп, элек­троника және электр, ауыр ма­шина өнеркәсібі жабдық­тарын шығару, көпбейінді аурухана құрылысын жүргізу сияқ­ты қызмет түрлерімен айналыса­ды, – дейді облыстық индустрия­лық-инновациялық даму басқар­масының мамандары.

Жасыратыны жоқ, өңірде құ­ры­лыс индустриясының же­ке­леген түрлері кенжелеп қал­ған. Соның салдарынан кірпіш, цемент секілді құрылыс материал­дары сырттан тасымал­да­натындықтан, өзіндік құны қым­бат. Сергей Тимофеев жетекшілік ететін «Ос­но­вание» ЖШС-і көп жылдан бері көпқабатты үй­лер, ғи­ма­рат­тар салумен шұғыл­дана­ды. «Құ­ры­лыс материалдары жер­гілік­ті жерде өндірілсе, тасымал шы­ғыны азаяр еді. Міне, 18 қабат­ты тұрғын үй салып жатыр­мыз. Сонда ай сайын екі қабат­тан көтеру мүмкіндігіне қол жет­кізер едік», деген тәжірибелі бас­шы шағын цемент зауытын салу қажет деген ұсынысты үнемі көтеріп келеді. Кәсіптік-тех­ни­ка­лық білім беретін колледж­дер­дің түлек­тері арасында жұ­мыс­­сыз жүр­ген­дері аз емес. Енді осы мәселе­лер өз шешімін табады деген үміт мол.

Үкіметтің биыл қазан айында қабылдаған №758 қаулысына орай 2044 жылға дейін АЭА-ға 192,3 гектар жер телімін бөлу көз­­делсе, алғашқы ұйымдас­тыру жұмыстары басталып кеткен. Бүгінде тұрғындар көп қо­ныс­танған «Береке» шағынау­данында ширек ғасырға жуық иесіз тұрған кешенді нысан аума­ғында алғашқы қадасы қа­ғыл­ды. 1,5 гектар жерге дайын өнімдерге арналған қоймалар, ашық алаңдар, жасыл желекті эко-аймақ орналастырылады. Об­лыс орталығындағы құрылыс аума­ғын кеңейту мүмкіндіктері де жан-жақты ескерілген. Биыл өңір­дегі басты шаhарда 1240 пәтер пайдалануға берілсе, келесі жыл­ғы меже бұдан да биік. «Жас өр­кен» шағынауданында 18 қабат­ты тұрғын үйлер салынады. Үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ететін жабық үлгідегі станса салынуда. Құйылатын инвестиция мөлшері 2020 жылы 31 миллиард теңге болса, 2024 жылы 175 миллиард теңгені құрайды. Осы кезде арнайы экономикалық аймақтың қ­ұра­мында 15 компания тығыз бір­лікте ынтымақтаса жұмыс істейді.

Индустриялық-инновация­­лық даму басқармасы бас­шы­лы­­ғы­­ның айтуынша, Индуст­рия­ланды­ру­дың екінші бесжылдығында 27,9 миллиард теңгенің 33 жобасы жүзеге асырылып, бір мыңдай жұ­мыс орны құрылған. Биыл жыл аяғына дейін 17 миллиард теңгенің 5 жобасын пайдалануға беру жоспарланған. Ғ.Мүсірепов ауданында бидайды тереңдетіп өң­дейтін зауыт тұрғызуға 3,3 мил­лиард теңге жұмсалды. Жыл­дық қуаты – 360 мың тонна. «РимКазАгро» кәсіпорны сұйық сабын өндірісін жолға қойды. Осын­дай игі істердің нәтижесінде қай­та өңдеу өнеркәсібінің жыл­­­дық көрсеткіші 23 пайыздан 43 пайызға дейін артты. Ке­лесі жылы германиялық «CLAAS» ком­паниясы комбайн құрасты­ра­ды. Айыртау ауда­нында еліміз­дегі жалғыз қала­йы кен орны иге­рі­ле бастады. Инвес­тиция көле­мі – 100 миллиард теңге. Тау-кен ком­бинаты іске қосылса, 500 адам жұмыспен қамтамасыз етілмек.

Үшінші бесжылдық бойынша өңірдегі қайта өңдеу сала­сына тартылатын инвести­ция мөлшерін 1,5 еңбек өнімді­лігін 1,8, ал экспортталатын өнім көле­мін 2,1 есеге өсіру қарасты­рыл­­ған. Бұған «Qyzyljar» арнайы эконо­ми­калық аймағы өзінің сүбелі үлесін қосады деген сенім зор.

 

Солтүстік Қазақстан облысы