Аймақтар • 18 Қараша, 2019

Солтүстік Қазақстанда Швеция Корольдігінің елшісі дәріс оқыды

151 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Петропавлға Швецияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Матс Фойер жұмыс сапармен келді.

Солтүстік Қазақстанда Швеция Корольдігінің елшісі дәріс оқыды

Дипломат М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-нің студенттерімен, оқытушыларымен кездесіп, Швецияның феминистік сыртқы саясаты туралы дәріс оқыды. Мемлекеттің әйелдер құқығын қорғау жолында атқарып жатқан іс-тәжірибесімен таныстырды.

«Гендерлік теңсіздіктің салдарынан әйелдердің құқығы шектеліп келеді. Бүгінде әлем бойынша  63 млн қыз бала мектепке бармайды. Әрбір үшінші әйел физикалық немесе жыныстық зорлықтың құрбанына айналады. Оған қоса күн сайын жасы 18-ге толмаған 47 мың бойжеткен еркінен тыс күйеуге шығады», деді мәртебелі елші өз баяндамасында.

Оның айтуынша, әйелдің міндеті  үйде отырып, бала бағу деген қағидамен шведтер келіспейтін көрінеді. Ер азаматтар мен әйелдердің құқықтарын теңестіру үшін «Швед әкесі» деген мемлекеттік бағдарлама қабылданыпты. Отбасында бала дүниеге келсе, декреттік демалысқа әкесі де шығады. Бала күтімімен айналысатын әкелерге 3 ай бойы жалақысының 80 пайызы төленеді. Швеция үкіметі әйелдердің саясаттағы рөлі басымырақ болуы тиіс деген ұстанымда. Сондай-ақ мұрагерлік, жерді жеке меншікке алу, тағы басқа мәселелер бойынша  да нәзікжандылардың құқығын қорғауға үлкен мән берілген.

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ректорының міндетін атқарушы Ербол Исақаев  оқу ордасындағы ұжымның 73 пайызын әйелдер құрайтынын жеткізді. Басшылықта  90 адам жұмыс істесе, жартысынан көбі – әйелдер. Кадрлық саясатта гендерлік теңдікті сақтаудың өзге де жолдары әңгімеленді.

Швеция елі мұндай тағылымды лекцияларды төрткүл дүниеде жүйелі өткізеді екен. Оның ішінде Оңтүстік Америка, Шығыс Еуропа, Орталық Азия мен Африка басты назарға алынған.

 

Солтүстік Қазақстан облысы