Қоғам • 20 Желтоқсан, 2019

Әдеп пен әділеттілік арасы

593 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әдеп жөніндегі кеңестің жуырдағы бір отырысында талқыланған мына мәселе жұртшылықтың назарын еріксіз аударып, әрқилы қоғамдық пікірлер тудыруға себепші болды. Шенеуніктің тәртіптік жазаға тартылуын қолдаушылар да, шешімге қарсылық білдірушілер де аз емес.

Әдеп пен әділеттілік арасы

Оразбек Бескемпіров тәжірибелі мемлекеттік қызметкерлердің бірі саналады. Бұл саладағы жұмыс өтілі – 16 жыл. Бүгінде Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда қазынашылық бө­лімге жетекшілік етіп, міндетін та­лап­қа сай атқарып келеді. Осы мер­зім ішінде қызметіне қатысты бірде-бір шағым түспеген. Кәсіби іскерлік, адамдармен қарым-қатынас, мінез-құлқы жағынан жағымды түрде сипатталады. Олай болса, аяқасты мүлт кетіп, «атың шықпаса жер өртенің» кебін құшқаны қалай? Әлде әйнектей шытынап, сыздауықтай сыздап барып жарылған «жараның» бізге беймәлім сырлары бар ма?

Облыстық мемлекеттік қызмет істері департаменті басқарма бас­шы­­­сы­­ның міндетін атқарушы Руслан Жұ­мағұлов қызметтік тексеру барысын­да О.Бескемпіровтің жер­­гілікті банктер мен шағын несие ұйымдары арқылы рә­сімдеген несие мөлшері 4 миллион теңгені құрап, уақытылы өтей ал­ма­ғанын жет­кізді. Сот орындаушы­лар мен кол­лекторлар қарыздың өте­луін талап етіп, мекемеге қайта-қай­та телефон қоңыраулатса керек. Мұ­­ның өзі ұжымдағы моральдық-пси­­хо­­логиялық ахуалға, қалыпты еңбек жағдайына кері әсерін тигізіп, маман­­дардың мазасын алып, ренішін ту­дырған көрінеді. Басты «айып» осы! Бөлім басшысының айтар өз уәжі бар. Ол несиенің көп бөлігі балаларының ем-домына, сондай-ақ жалға алған пәтердің коммуналдық төлемдерін төлеуге жұмсалғанын, тө­лем­нен бас тартып, жалтарып жүр­ме­­генін, қазіргі уақытта бухгалтерия арқылы мәжбүрлеп өндіріп алу ша­ра­сы қолданылып жатқанын айта ке­ліп, келесі жылы толық жабатынына сендірді.

Осы жерде кеңес мүшелерінің ұстанымы екіге жарылғанын айта кеткен жөн. «Мемлекеттік қызмет­кер­дің жеке басына қатысты құпия­лы­лықты коллекторлардың жалпақ жұртқа жариялауы түсініксіз. Мәсе­леге тереңірек үңілгеніміз жөн секіл­ді. Жалақысы мардымсыз ше­неу­­нікті кінәлау оңай. Меніңше, ал­дымен несиені онлайн-режімде шүлен таратқандай оңды-солды үлес­тіре беретін шағын несие ұйым­да­рына заңдық тұрғыдан тосқауыл қоюдың нақты жолдары ойлас­тырылмаса талайлар жапа шегуі әбден мүмкін. Алған несиенің жар­ты­­сындай пайыздық үстеме бел­гілеу сүлікше сору деген сөз. Адам­дар қы­сылғаннан кейін олардың қыз­­метіне амалсыз жүгініп, оның ақы­­ры осындай тығырықтарға тіреп жа­­тады. Заң нормаларымен қатар адам­гершілік ар-ождан бар екенін де ұмыт­пауымыз керек. Сондықтан шағын не­сие ұйымдарына заңдық тұрғыдан шек­теулер мен тыйымдар салынғаны жөн», деді тәжірибелі заңгер Инесса Қуа­нова.

Департамент басшысы Елена Сте­па­­ненконың пікірі басқаша өрбіді. Оның айтуынша, О.Бескемпіров әдеп нормаларына жат қылықтарға барған. Кез келген басшы өзінің іс-әрекетімен және мінез-құлқымен қоғам тарапынан айтылатын сынға себепкер болмауы тиіс. Ұжымда қолайсыз жағдай тудырғаны үшін оған тәртіптік жаза қолдану туралы ұсыныс қолдау тапты.

Талқылаушылар мемлекеттік қыз­метшілердің Әдеп кодексіндегі талап­тар­ға сүйенгені анық. Кодексте жауапты тұлғалардың мінез-құл­қының негізгі стандарттары бел­гі­леніп, ха­лықтың мемлекеттік ор­гандарға се­німін нығайтуды, мем­лекеттік қыз­метте өзара қарым-қаты­настың жо­ға­ры мәдениетін қалып­тастыруды, мемлекеттік қыз­мет­шілердің әдепсіз мінез-құлық жағ­дай­ларының алдын алуды діттейді. Де­генмен «таяқтың екі ұшы бар» де­мекші, қарсы тараптың, яғни кол­лек­торлардың азаматтың жеке басына қатысты мәліметті жұрт­шы­лыққа жария етуі дұрыс емес деу­ші­лердің қарасы мол. Шынында да, даудың басы несиені өндіріп алуға жауапты тұлғалардың жұмыс орнына қайта-қайта телефон соғуынан бастау алып тұрғаны белгілі. Осы жерде нес­ие алу құпиялығын өрескел бұзу, еш себепсіз ұжым мүшелерінің мазасын алу фактілері көрініс тапқанын аңғару қиын емес. Және де ең бас­ты­сы еріксіз өндіріп алу шарасы бойынша қарызды өтеу үдерісі әлде­қа­шан қолға алынған. Оның үс­ті­не жұмыс процесінің әлсіреп, нашарлап кеткені жайлы дәлелдердің жеткі­лік­сіз екені де көзге анық шалынады.

Жауапкершіліктен қасақана жал­­­тар­­­ған басшыларды тәртіптік жа­уап­­­кер­­шілікке тарту керек. Бірақ О.Бес­­кемпіровтен ондай іс-әрекет сезіл­­мейді. Болары болып, бояуы сің­­геннен кейін жазалау шешімінің қа­­был­дануы түсініксіз.

 

Солтүстік Қазақстан облысы