Аймақтар • 29 Желтоқсан, 2019

Баянауылда құмай тазылар көрмесі өтті

296 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Аудандық Дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің бастамасымен өткен қызықты көрмеге 28 құмай тазы қатысты.

Баянауылда құмай тазылар көрмесі өтті

Суретті түсірген: Берік АЛМАХАН

Бөлім мамандарының айтуынша, көрме қазақы құмай тазыларды таныстыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, құмай тазыларды құжаттандыру үрдісін жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылған.

Тазыларды сараптаудан өткізуге Халықаралық және ұлттық деңгейдегі сарапшы, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Аймақаралық кинологиялық орталық» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті, төреші Нина Макарова келді.

Яғни, құмай тазылар басының, тұмсығының, бас сүйегінің көлемі, құлағы мен жағының, құйрығының ұзындығы, бойының биіктігі, кеуде, бел және жауырын өлшемі, аяқтарының арақашықтығы секілді бірнеше талаптар бойынша толық тексерілді.

Көрме нәтижесінде барлық құмай тазыларға «Қансонар» аңшылардың қоғамдық бірлестіктері мен республикалық қауымдастығы мен «Жеті қазына» ұлттық ит тұқымдарын қайта жандандыру орталығының дипломдары табысталды.

Аталған дипломдармен ит иелері «Қансонар» аңшылардың қоғамдық бірлестіктеріне барып, иттің ресми құжатын алады. Бұл құжат иттің заңды тіркелгенін, оның «қаңғыбас иттер» қатарынан еместігін дәлелдейді.

Көрменің ең жас қатысушылары – Егіндібұлақ ауылы мектебінің 9-сынып оқушысы Ринат Тимаш пен Баянауыл ауылы №2 мектебінің 7-сынып оқушысы Әділбек Өмірбек.

Ринат бала жасынан баулып, өсірген «Лашын» атты итін алып келсе, Әділбек «Тұйғын» атты күшігін сарапшылар назарына ұсынды.

Балалардың иттері кинолог мамандардың жоғары бағасына ие болды.

-Қазақтың құмай тазысының өз ерекшелігі бар. Тазы өсірумен айналысушыларға айтарым – иттердің бұл түрін өзге тұқым-дармен араластырмау керек. Будандастыру дұрыс емес. Келесі жылдан бастап арнайы зертхана ашылып, иттерді тестілейді. Сонда қаны қаншалықты таза екенін анықталады. Қазір әлемде  Тазыны ресми түрде қазақтың ұлттық ит тұқымы деп танып, қазақ бренді ретінде мойындады, дейді Нина Макарова.