Спорт • 18 Ақпан, 2020

Ауыр атлетика: Ташкенттен толағай табыспен оралдық (видео)

743 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өзбекстанның бас шаһары – Ташкентте жастар мен жасөспірімдер арасында өткен Азия біріншілігі өз мәресіне жетті. Бұл жарыста Қазақстан құрамасы 9 алтын, 2 күміс және 3 қола медальді жеңіп алды. Барлығы ­– 14 жүлде!

Ауыр атлетика: Ташкенттен толағай табыспен оралдық (видео)

Он жеті жастағы спортшы жастар арасындағы әлемдік ректорды жаңартты.

Білікті бапкер Бақыт Ахметов жетекшілік еткен команда мүшелері арасынан Айсамал Сансызбаева (+81 кило) мен Рахат Бекболаттың (102 кило) асқан шеберлігіне тәнті болдық. Олар жастар мен жасөспірімдер бойынша өткен жарыстың екеуінде де алдарына жан салмай, алтын тұғырға көтерілді. Бұл жарыста Рахат жұлқып көтеруде жастар буыны арасындағы әлемдік ректорды жаңартты. Бір ғажабы, қазақтың қайсар ұлының көрсеткіші күні кеше ғана Ташкенттегі  турнирде топ жарған даңқты Илья Ильиннің көрсеткішінен де жоғары. Айтулы додада Ильин қоссайыста 355 (160+195) килолық межеге келіп тоқтаса, Бекболат 356 (158+198) килолық зілтемірді еңсерді.

Ташкенттегі жарыста Айсамал Сансызбаева (+81 кило) мен Рахат Бекболаттың жеңісті жолын Гүлнұр Ыбырай (64 кило), Карина Құзғанбаева (81 кило), Сайхан Тайсуев (67 кило), Нұрғиса Әділетұлы (89 кило) және Артем Антропов (96 кило) сынды спортшыларымыз жалағстырды. Олар да бас жүлдені олжалады.

Сондай-ақ, 55 кило салмақтағы Абылай Әуелханов (55 кило) жасөспірімдер бәсекесінде күміс алса, жастар сайысында қолаға қол созды. Гүлнұр Ыбырай да жасөспірімдердің додасын екінші орынмен қорытындылады. Ал    Сайрамкез Ақмолда (61 кило) мен Есенкелді Сәпи (81 кило) үшінші сатыға жайғасты.