Аймақтар • 26 Наурыз, 2020

Павлодар облысы: «Мерусар» және К» ЖШС бетперделер тігуде

380 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Компания облыс орталығында 2011 жылдан бастап еліміздің ішкі нарығына бір ретті пайдаланатын  медициналық хирургиялық, акушерлік киімдер жиынтығы, аурухана төсек жабдықтары, жаңа туған нәрестелерге арналған бүктеме жиынтық,  медициналық бетперде, телпек, келушілерге аяқ киімге арналған медициналық бахилалар,бір ретті жаялықтар, спиртті майлықтар шығара бастаған.

Павлодар облысы: «Мерусар» және К» ЖШС бетперделер тігуде

Ал 2018 жылы фармацевтикалық сала бойынша еліміздегі  маңызды жобалар қатарында  "МЕРУСАР және К" ЖШС-на  министрлік тарапынан ИСО 13485-2003 халықаралық стандартына сәйкес өнімдер шығаруды көбейту арқылы өндірісті кеңейту тапсырылады.

- Біз бетпердені Шығыс Қазақстан  облысы, Курчатов қаласындағы кәсіпорында дайындап келдік. Өткен жылдың соңында  осындағы «Ядролық технологиялар паркінің» ішінде орналасқан  автоматты түрде жұмыс жасайтын негізгі қондырғы істен шығып қалды.   Сондықтан, қазір әзірге  тігін мәшинкелерінде қолмен тігудеміз, - дейді компания басшысы Марат Маханов.

Өндіріс ауқымы кеңейген компанияның 2010 жылы Курчатов қаласындағы «Ядролық технологиялар паркі» АҚ-да  филиалы ашылады. Павлодардағы кәсіпорын өндіретін өнімнің біраз бөлігі осында жасалады.

Бір тәулікте этиленоксидтің көмегімен газ бокстарында міндетті түрде стерилизациялаудан өтетін 5 мың бетперде дайындалады.

Содан кейін облыс орталығындағы ауруханалар, емханаларға, дәріханаларға түседі. Бетперделер жасайтын шикізат өнімдері Ресейден жеткізіледі.  Маталардың тығыздығы 15, 26, 20 болып бөлінеді де,  3 қабатты  да бетперделер  дайындалуда.

Бір тігінші күніне шамамен 500-1000 бетперде тігеді. Тігіншілердің айтуынша, бір бетперде тігуге  2-3 минуттай уақыт кетеді екен. Екі ауысыммен жұмыс істеп, көлемі 175*19 стандартты бетперделер жасап шығаруда. Бетперденің  сатылым бағасы 65 теңге.

- Негізгі қондырғымыз іске қосылғанша біраз күте тұруға тура келер. Сондықтан осындай  уақытта егер өзге жергілікті  кәсіпкерлер де бетперде тігумен айналысқылары келсе, бөлісе де аламыз. Қазір «Нефтехим LTD» ЖШС бетперде тігу үшін  матаны бізден алды. Қажетті шикізат қоры жеткілікті, - дейді Марат Маханов.

Кәсіпорын 2011 жылы ашылған күннен бастап қалыптасып, дамып, медициналық мақсатта киім шығаратын  мемлекеттік бағдарламаларға қатысады. 

Еліміз отандық тауар өндірушілеріне қолдау көрсету және олардың дамуына жан-жақты жағдай жасауды қолға алуда.  

2018 жылға дейін отандық тауар өндіруші  тоқымаға жатпайтын, құрамында жасанды жібек пен мақта болмайтын материалдардан медицина мен косметологияға арналған залалсыздандырылған және залалсыздандырылмаған жиынтықтар түрлерін шығарып келді.

Сөйтіп, кәсіпорында жаңа құрылғылар кешенінің арқасында өнімділік бірнеше рет өсті. Автоматты желі құрылғысы 1  мың шаршы метр  мата материалдарын дәлме-дәл кесіп береді. Жабдықтарды жаңғырту бағдарламасы зауытта кезең-кезеңмен жүзеге асырылуда.

- Қазір барлық медициналық мекемелер бір реттік пайдалануға арналған бұйымдар жасайды. Біздің компанияда өндіріс 15-20 пайызы автоматтандырылған. Алдағы уақытта автоматты желілерді іске қосуды жоспарлап отырмыз. Балалар киімін шығарып, балалар киіміне арналған дүкен де ашқымыз келеді, - дейді Марат Маханов.

Кәсіпорынның өнімдеріне тапсырыс берушілердің қатарында Нұрсұлтандағы орталық клиникалық аурухана, Педиатрия ғылыми орталығы, «Республикалық диагностикалық орталығы» АҚ,  Нейрохирургия орталығы сияқты орталықтар бар.

Жуырда облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті өңірдегі жіті респираторлық вирустық инфекция мен тұмаудың алдын алу мақсатында төрт жақты келісімшартқа қол қойылды.

Бұл ретте дәрі мен медициналық бетперде бағасының өсуіне жол бермеу мақсатында облыс әкімдігі, облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті, облыстық денсаулық сақтау басқармасы және облыстық «ҚазМедФарм» фармацевтер мен дәрігерлер қауымдастығы арасында меморандум жасалды.

 

Павлодар облысы

Суретті түсірген: Қуандық Танабас