27 Наурыз, 2020

Сабырдың салмағы

515 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кененің кездігімен, Науанның найзамен сызылған ұлан-байтақ шекара, бақандай бес облыс жат жұртқа кетіп бара жатқанда Жұмабек қана жауға жалғыз атылды. Шын мәнінде осындай адами құндылық, кісілік қасиет,  ерлік сипат, салиқалы сабыр ғана азаматты асқар биікке шығарады.

Сабырдың салмағы

Жақсы атын жаңғыртып, алаштың алып жүрегін азат рухқа суаруды парыз санайтын қазақ биыл туған өлкенің тұтам жусаны, сүйем жері үшін сүйегін берген сардары Жұмабек Тәшеневтің 105 жылдығын елеусіз өткере салды. Әрине, түгел жұртқа топырақ шашудан аулақпыз, ел-елде, жер-жерде тұлғаның атын кейінгі жас ұрпаққа үнемі насихаттап жүретін жандар әлбетте, бар. Осыдан бес жыл бұрын ҚарМУ ғимаратының қақ төрінде айтыскер ақын, ұстаз Айтбай Жұмағұловтың мұрындық болуымен Жұмабек атамыздың атын ардақтаған айтулы іс-шара өткен болатын. Жалпы Айтбай Ботпайұлының тұғырлы тұлғалар есімін елге насихаттауда атқарып жатқан аққұла еңбегін айтпай кетуге болмайды. Қарағандылық жас ақындарға жыл сайын Жұмабек Тәшенев атындағы сыйлық тағайындатып, жергілікті кәсіпкер Сапар Ипкеев есімді атымтай жомарт азаматтың арнайы бөлген қаржысына жас қалам иелерінің тырнақалды туындыларын кітап қылып шығартып беріп жүрген жемісті жұмысын еліміздің басқа өңірлері біле бермеуі де мүмкін. Бұл туралы әрине, кейінірек айтуға болады.

Жоғарыда аталған жиынға құрметті қонақ болып қатысқан Қойшығара Салғара, Бекболат Тілеухан сынды азаматтар Жұмабек Тәшеневтің ерлігін үлгі ете отырып, ұрпаққа азық болар астарлы әңгімелерді тілге тиек еткендері есімізде ерекше сақталыпты.

 – Қазақта Монтай би  айтты дейтін сөз бар, – деп бастаған Қойшекең:

«Ер туып, жоқ елді бар қыла алмайды, Ел болса ер туғызбай тұра алмайды, Тұсында әр заманның бір сұрқылтай, Ұқсаңдар ата сөзі былай қалмайды».

Бәтуалы би айтқандай қай заманда да халықтың халықтық қасиетіне, елдің бірлігіне, жердің тұтастығына нұқсан келетін кезде «халқың – қынап, сен – қылыш, алды заман суырып» деп Қадыр ақын айтқандай, халық көптің арасынан жарқ еткізіп, алмас қылыштай, ақмаңдай, ержүрек ұлдарын әрқашан да алға шығарып тұрған. Міне, сондай ұлдардың бірі Жұмабек Тәшенев еді, – деп бір тоқтады.

Ары қарай Бекболат Тілеухан: «Жұмабек бірден кеңестік империяға қарсылығын білдірген жоқ. Өршелене берген адамның сөзі өтімді болмайды. Екіншіден, ұлтшылдықпен күресіп жатқан империя Жұмабекке ондай биік мансапты бермес еді. Сол саяси жүйеге кіру үшін асқан сабырлылық, шеберлік қажет болды. Тәшенев кеңес империясының былайша айтқанда үлкен технологиялық жүрісі болды. «Осы адам арқылы жұмыс істейміз. Жан-жағына сөзін өткізеді. Маңғыстауды түркменге беруге, Шымкентті өзбекке беруге, солтүстікті орысқа беруге осы адам жұмыс істейді» деген тұста Жұмекеңнің ар жағындағы атаның күші, ананың сүтімен келіп жеткен қазақтың ғажайып текті мінезі бұрқ етіп бас көтереді. кеңес өкіметінің бірнеше жыл жасаған жоспарының күл-талқаны шығады!», деді.

Салиқалы сөз санамызда Жұмабек атамыздың бұл ерлігі ер Жәнібектің айтулы үш ерлігімен сабақтасты. Жәнібек батырдан атақты ерліктерін сұрғанда, жау төңкеріп, жоңғардың қанын жосытқан даңқты оқиғаларын батырлыққа санай қоймайтын сардар, ерекше ерліктерінің бірі – жылқы бағып жүріп, таңға жақын жерде ұйықтап жатқан кезінде мұздай суық нәрсе кеудесіне келіп қалғанын сезіп, жылан екенін білген жас батыр "қозғалсам шағып алып жүрер, жылан жылжып басы дәл иегімнің астына келгенде сескенбей аузымды аша қояйын, үңгір деп аузыма келіп кірер" деп сабырлы қалып танытып, улы жыланның басын тісіммен қыршып түкіріп тастаған ерлігін айтыпты.  

Екінші ерлігім деген ер Жәнібек «Біздің ел анау Арқалық, Едірей тауы, Есіл өзені жағасы жақта жүргенде, бір жылы күзде ешкі қотыр деген бір дерт жабысты, мұның қышуы дүниеде жоқ болады екен, қасынса одан ары асқынып кетеді дегенді естідім, содан тісімді тістеп, үш ай бойы қолымды тигізбедім, көктем бола бойым түлеп, сыпырылып бірақ түсті де сауығып кеттім, осыған қолымның ұшын тигізбегенімді ерлігім ғой деп ойладым», депті.

Ел талауға, жер тонауға түскенде дүние жүзінің үштен біріне билік жүргізіп отырған Кеңес өкіметіне Жұмабек Тәшенев қана қарсы шыққаны өтірік емес. Әрине, ол қарсылыққа Жұмабек атамыз Жәнібек бабасының жоғарыда айтылған ерліктеріндей асқан сабыр, айлалы ақыл-парасаттың арқасында барды деп білеміз. Кененің кездігімен, Науанның найзамен сызылған ұлан-байтақ шекара, бақандай бес облыс жат жұртқа кетіп бара жатқанда Жұмабек қана жауға жалғыз атылды. Шын мәнінде осындай адами құндылық, кісілік қасиет,  ерлік сипат, салиқалы сабыр ғана азаматты асқар биікке шығарады. Бүгінгі жас буын батыр тұлғаның есімін ел болып ұлықтауды ұмытпағаны жөн. Тәшенев сабырының салмағы қазақтың сайын даласымен ғана өлшенетін өскелең ұрпақ ешқашан естен шығармауы керек.

               

Мирас АСАН,

«Egemen Qzaqastan»