Аймақтар • 02 Сәуір, 2020

Алматы маңы тұрғындарына медициналық көмек қалай көрсетілуде?

252 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы қаласының толықтай карантинге жабылуы мегаполиспен шектесетін облыс аудандарының тұрғындарына біршама әбігер әкелгені рас. Әсіресе, қаладағы емханаларда тіркеуде тұратындар мен ауруханаларда ем қабылдап жүрген науқастар үшін қиындық туа бастаған еді.

Алматы маңы тұрғындарына медициналық көмек қалай көрсетілуде?

Өйткені, облыстың оңтүстік өңіріндегі 7 ауданның тұрғындарына сапалы қызмет көрсететін облыстық көпсалалы аурухана да мегаполисте орналасқан болатын. Бірақ облыстық денсаулық сақтау басқармасы жедел шешім қабылдап, қала маңындағы аудан тұрғындарына медициналық көмек көрсетудің жаңа бағытын ұсыныпты.

- Алматы қаласына кіріп-шығу тоқтатылғаннан бастап облыс тұрғындарына медициналық көмек көрсетудің жаңа ережесін жасадық. Ол бойынша қала маңындағы аудандардың тұрғындары енді облыстағы кез келген емхана, ауруханаларға кедергісіз тіркеліп, қажет маманға барып қарала алады. Бірінші кезекте жүкті әйелдерді жедел, қайта тіркеуге аламыз. Науқас болса, аумақтағы таңдаған ауруханаға жатқызып, емін жалғастыруға мүмкіндік жасадық. Ал Алматымен шекаралас аудандардан қалаға қатынап ем қабылдайтын науқастар үшін арнайы жедел жәрдем көлігін шығардық. Мысалға, аудандардан көпсалалы ауруханаға өздері барып гемодиализ жасататын науқастар бар. Олар созылмалы бүйрек жетіспеушілігі диагнозы бойынша емделіп жүргендер. Қазір бұл науқастарды аудандық ауруханадан Алматыдағы көпсалалы клиникалық ауруханаға жедел жәрдем көлігімен тасымалдауға көштік. Бұл адамдардың қауіпсіздігі үшін жасалған шара әрі індеттің таралмауына кепіл болады, - дейді Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақ.

Сондай-ақ Алматы қаласы маңындағы Қарасай, Іле, Талғар аудандарының аумағына қойылған блок-бекеттер мен санитарлық тексеру орындарында облыс дәрігерлері тәулік бойына кезекшілік етуде. Әр медициналық тексеру пунктінде бір мезетте үш медицина қызметкері жұмыс істейді екен. Олар тепловизор, медициналық маска және арнайы костюмдермен толық қамтамасыз етілген. Денсаулық сақтау басқармасы блок-бекеттегі кезекшілік атқаратын құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен әкімшілік қызметкерлерін медициналық маскамен қамтуды да ұйымдастырып отыр.