Аймақтар • 03 Сәуір, 2020

Алматы облысы: 42 500 теңге өтемақыны қанша адам алады?

578 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы облысында ең төменгі жалақы мөлшеріндегі әлеуметтік төлемді алатын тұрғындар саны әлі де нақтылануда.

Алматы облысы: 42 500 теңге өтемақыны қанша адам алады?

Қазірге дейін белгілі болған деректерге жүгінсек, 42 500 теңге көлеміндегі өтемақы бұйыратындар үлесі 300 мыңнан астам адам шамасында екен. Оның ішінде 3100 тұлға жұқпалы індетке қарсы күрес шараларының күшеюіне орай жұмыстан қол үзуге мәжбүр болғандар қатарында. Сондай-ақ, өзін өзі жұмыспен қамтығандар 265 мың адам мен 48 мың жұмыссыз да өтемақыдан үмітті. Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз үндеуінде «Төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандарға ең төменгі жалақы мөлшері яғни, 42 500 теңге көлемінде ай сайынғы төлем енгізуді тапсырамын. Жалпы бұл көмекті кемінде 1,5 миллионнан астам азамат ала алады» деген болатын. Жалпы, 42 500 теңге өтемақыны төлеу үшін 6 түрлі санат белгіленген. Жұмысқа қолдау көрсету үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан әлеуметтік төлемдер алу ережесі әзірленді. Бұл жұмыс Алматы обылысында да қолға алынған.

-Осы жерде аталған төлемнің ең алдымен міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар үшін берілетінін атап айтқым келеді. Бұл мәселені нақтылаумен облыс бойынша құрылған 22 штаб айналысып жатыр. Дерек бойынша, штабқа 142 жұмыс берушіден және 201 қызметкерден өтініш түскен. Ал штабтың қарауынан өткен өтініштерге қатысты шешім «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшелеріне жолданады. Қазірге дейін 126 адам 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлемді алды, - дейді Алматы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Зайда Ілімжанова.