Руханият • 04 Сәуір, 2020

Ишан бағы қайта қалпына келеді

187 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Осы жұрт Ескендірді біле ме екен» дегендей, бүгінгі ұрпақтың тарихи тұлға деңгейіне дейін көтеріле білген Досжанның кім болғанынан хабары бар ма екен. Бұл ретте ол кең байтақ қазақ жерінің батыс өңірінде қасиетті ислам дінін дәріптеу мен таратуға өлшеусіз үлес қосқан осы арқылы жоғары діни мәртебе – Ишан атауын иеленгенін айтқанымыз жөн. Кезінде оның аталған аймақта тұратын қазақтардың қажылық сапарға баруына ұйтқы бола білгені, Абайдың әкесі Құнанбай қажымен бірлесе Мекке-Мәдинеде мешіт салуға араласқаны бөлек бір дүние. Бұған қоса өз заманында Досжан ишанның медресе ашып, бала оқытқаны да тарихи деректерден жақсы мәлім.

Ишан бағы қайта қалпына келеді

Бүгінгі күні есімі ел аузында қалған жанның бүгінгі Ақтөбе облысындағы Шұбарқұдық стансасынан 3 шақырым жердегі Шилі өзенінің бойында жерді баптап, 10 гектар жерге бау-бақша егіп, ел-жұртты отырықшылыққа үндегені де белгілі болып отыр. Кейін ишан еккен жеміс-жидек үлкен баққа айналған. Алайда хазрет өмірден өткеннен кейін құнарлы ағаштар қурап, күтімсіз қалады.

Ол өсірген бау-бақша өнімдерін тек жергілікті қазақтар ғана емес, көршілес Ресей қалалары мен Қазақстанан келген көпестер де сатып алатын болған. Амал қанша, ишаннан көзі жұмылған соң, жоғарыда айтылғандай ағаштар шіріп, бақтың аумағы азып тоза бастайд. Кейін оның орны жермен жексен болып, жер бетінен жойылып кетеді. Өкінішті-ақ. Әйтсе де Темір ауданының әкімі Жолдас Қалмағамбетов бүгінгі күні Досжан ишан өсірген бақты қайта қалпына келтіру жөнінде жұмыстар қолға алынғанын айтып берді.

Бл үшін Шилі өзенінің жағасынан  жеті гектар жер бөлініпті. Оған өткен наурыз айының аяғында 282 түп аққайың және терек талдар егілсе, сәуірде алма, шие және өрік ағаштарын отырғызу белгіленген. Аудан басшысының айтуынша биыл Досжан бағына 1000 түп ағаш отырғызу жоспарланыпты.

Бұл істің басы-қасында аудандық орман шаруашылығының басшысы Қайыржан Молдақұловтың өзі жүргені де бақтың қайта гүлдеуіне, оның игілігін ел көретініне сенім туғызады. Біз осы материалды «Egemen.kz» сайтына әзірлеу кезінде ишанның тікелей ұрпағы Асқар Хабибуллин Алматы қаласында тұрса да бақтың қайта гүлденуіне үлкен қолдау көрсетіп жүргенін білдік.

Жасарып, жайнай түс, Досжан ишан бағы!

 

Ақтөбе облысы