Аймақтар • 18 Сәуір, 2020

Павлодарда қоғамдық көліктер зауыт жұмысшыларын тасымалдауда

207 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өңірде еліміздегі Төтенше жағдайға орай карантин жариялануына байланысты облыс орталығы, Екібастұз, Ақсу қалаларда қоғамдық көліктердің жүріс қозғалысы тоқтатылған.

Павлодарда қоғамдық көліктер зауыт  жұмысшыларын тасымалдауда

Ал, өңірдегі ERG компаниясына–қарасты кәсіпорындар жұмыстарын жалғастыруда.

Сондықтан, жұмысшы-қызметкерлерді  жұмысқа  жеткізу үшін компания қаладағы тасымалдаушылардың көліктерін жалға алды.

Бұл мәселе екі жаққа да тиімді: Қоғамдық көлік жүргізушілері үйде жұмыссыз отырмайды. Зауыт  жұмысшылары жұмыстарынан қалмайды.

Кәсіпорындар әкімшілігінің мәліметінше, автобустар «Қазақстан Алюминий зауыты» АҚ,Ақсу ферроқорытпа зауыты (АФЗ) және «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ (ЕЭК) жұмысшы-қызметкерлерін жұмыс орындарына жеткізуде.

Сөйтіп, Eurasian Resources Group (ERG) карантин мерзімінде жұмысшы- қызметкерлерін тегін көлікпен қамтамасыз етуде.

Күн сайын 39 автобус жолға шығып, жалпы саны 93 рейс жасауда.

Мысалы, Ақсу ферроқорытпа зауыты  қаладағы тасымалдаушылардан 22 автобусты жалға алған. Негізгі жеті бағыт бойынша олардың тұрақты қозғалысы қамтамасыз етілді.

Бесеуі қаладағы қызметкерлерді, қалған екеуі  Ақсу, Черемушки, Беловкада тұратын жұмысшыларды жұмысна әкеп, кешке үйлеріне жеткізеді.

Әр ауысым сайын бір автобус бұрынғы үш рейстің орнына қазір 4-5 рет қатынайды.

«ЕЭК» АҚ жұмысшы-қызметкерлерін тасымалдауға әрқайсысы 50 жолаушыға шақталған 8 автобус жалданды.

Автобустар әр сапардан соң тазартылып, өңделеді.

ERG кәсіпорындарындағы бақылау өткізу қосындарында (БӨҚ) ағынды тепловизорлар орнатылып,арнайы бөлмелер жабдықталған.

Ғимараттарда әр екі сағат сайын ылғалды тазарту жұмыстары жүргізілуде.  Барлық жерге қолды тазартуға арналған антисептик құйылған санитайзерлер орнатылған.

–ERG-дің әр қызметкері, әр  жұмысшысы – біз үшін басты құндылық, – деді Еуразиялық Топтың басқарма төрағасы Серік Шахажанов. – Сондықтан, қызметкерлердің аман-саулығын қамтамасыз етудеміз. Сондай-ақ, Топ кәсіпорындары қалыпты тәртіпте жұмыс істеп, міндеттемелерімізді орындау жолында еңбек етудеміз.

Ал, карантин аяқталған соң қалалық көлік қозғалысы қайта қосылғанда, жұмысшы-қызметкерлерді тегін жеткізу тоқтатылады.

А

Павлодар облысы