Өнер • 21 Сәуір, 2020

Цирк – тәуекелшіл өнер иелерінің әлемі

529 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Цирк өнерінің тарихы тым терең болғанымен, бұл ғажайып өнер иелерінің төл, кәсіби мерекесі жақында ғана қолға алынды.

Цирк – тәуекелшіл өнер иелерінің әлемі

2010 жылы Халықаралық цирк қауымдастығы Монако хан­шайымы Стефанияның демеу­­шілігімен, сәуір айының үшінші сенбісін цирк күні етіп сал­танатты түрде мерекелік рух­­пен өткізейік, сол арқылы цирк қызметкерлерінің кәсіптік ын­ты­мағын, достық қарым-қатынасын арттырайық деген ниетпен бас­тама көтереді. Содан бері бұл күн халық­ара­­лық цирк күні ретінде аталып келеді.  Ақпа­рат алмасу, фестивальдік шаралар, жаңа цирк ұжымдарының ұйым­дасуы­на қолдау көрсету, өзара қа­рым-қатынас шығар­машылық ие­леріне тың серпін берді.

Қауымдастық Мәскеуде өтетін дәстүрлі «Идол», Нұр-Сұл­тан қаласында өтетін «Азия жаң­ғырығы» фестивальдарына белсене қатысып, цирк өнері­нің жалпы деңгейін, рекорд­тық жетістіктерін саралап, Монте-Карлода өтетін фестивальге шақырып, шығармашылықты ынталандырып отырады. Бұл күнде Монакода орналасқан қауымдастықтан құттықтаулар келіп жатады.

Құрылғанына небәрі 8 жыл болған Шымкент-цирк ұжымы да тез арада кәсіптік шеберліктерін шыңдап, мәртебелі байқауларда биіктен көріне білді. Осылайша қауымдастықтың мүшесі ретінде өз орнын айқындады.

50 жылдық тарихы бар Қазақ мемлекеттік циркінің (республикада 3 ғана кәсіптік цирк бар) құрамдас бір бөлігі болып танылатын ұжым акробаттар мен гимнастардың, жонглерлік, вольтиж, эксцентрика, иллюзия өнерінің шеберлерін да­йындап, кезең-кезеңімен жаңа қойылымдар дайындап, көрер­менін таңғалдырып келеді.

Атап айтар болсақ, кер­мелі арқанда еркін жүріп өнер көрсететін ағайынды Сұран­шиевтер, керемет ептілік пен ержүректілікті, тепе-тең­діктің жоғары нұсқасын талап ететін «Семафор» аттрак­цио­нындағы хас шеберлер мегаполис тұр­ғындарын таңғалдырудан шар­шаған емес.

Цирк өнеріндегі ұлттық боя­уы қанық Қ.Дүйсеқұловтың жетекшілігіндегі шабандоздар тобының, қазақ қыздарының ішінде бүгінгі таңда топ жарып, жеке дара жыртқыш аңдармен өнер көрсететін дрессура шебері Ж.Қалметованың тәуекелі де көрерменді шапалақ соқтырып, делебесін қоздырып-ақ келеді. Ал Е.Таңатов, Ә.Әбдразақтың көңілді әзілдермен көмкерілген клоундық ойындары кішкентай көрерменнің қиялын аспандатып, алысқа жетелей түсуде.

2019 жылғы «Азия жаң­ғыры­ғы» фестивалінің қос жүл­­дегері «Байқоңыр» және «Серіппелі тақтайлар» қойы­лымдары тек Шымкент циркінің ғана емес, ұлттық циркіміздің алтын қорына кірген дүниелер десек артық болмас. Осы 8 жыл ішін­де Шымкент-цирк әртіс­тері Нұр-Сұлтан, Көкшетау, Қызы­л­­орда, Тараз, Түркістан сынды еліміздің бірқатар қала­ларында болып, тәуекелі басым өнерге сусаған көрерменге өз қо­йылымдарын көрсетті. Сондай-ақ Шымкент-цирк толыққанды ойын бағдарламаларын шапито нұсқасымен көптеген аудан орталықтары мен қалаларда көрсетуді дәстүрге айналдырды.

Өнердің биік мұраттарына берік ұжым атынан барша отан­дық әріптестерімізді төл мере­кесімен құттықтаймыз. Қойы­лымдарымызды асыға күткен патша көңіл көрермендерімізді әлемді әлекке салған коронавирус індетінен құтылған шуақты күндерде көруге асығамыз. 

 

Арман ӘЛИХАН,

«Шымкент-цирк» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының директоры