28 Сәуір, 2020

Шығыс Қазақстан: Марқакөл қорығында қандай аңдар көбейді?

3572 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ал қыс кезінде тұяқтылар қайда болса, жыртқыштар да сонда.

Шығыс Қазақстан: Марқакөл қорығында қандай аңдар көбейді?

Наурыз айының соңында Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығында қысқы аң-құс санағы жүргізілді. Наурыз көктемнің айы саналғанымен Алтайда бұл мезгілде қар көбесі сөгіле қоймайды.

а

Ақ ұлпаның қалыңдығы қорықтың кейбір аумақтарында бір метрден асып, екі метрге, аяз 40 градусқа жетіп жығылыпты.

п

Табиғат жанашырлары осыған қарамастан алдын ала жоспарланған санақ жұмыстарын тоқтатпайды.

у

«Қысқы санақ ақпан және наурыз айларында негізінен Марқакөл көлінің маңында жүргізілді.

с

Бұл мезгілде кейбір аңдар уақытша қар аз түсетін аумақтарға кетіп қалады. Тұяқтылар Қара Қаба, Арасан Қаба өзендерінің төменгі ағыстары мен Шанағаты жазығында болады. Біз ол жақта марал, бұлан мен сібір еліктерінің төлдерін өргізе бастағанын байқадық. Сол себепті қыс кезінде көл маңында олардың еркегі ғана қалады, негізінен Азутау жотасында жүреді. Ал қыс кезінде тұяқтылар қайда болса, жыртқыштар да сонда. Қорық аумағында қыс басында қасқыр көп болады. Қар қалыңдайтын желтоқсан айында олар топ-тобымен Шанағаты қазаншұңқырының төменгі жағына кетеді де, наурыздың соңында қайта келеді.

сі

Әдетте сілеусін де күздің соңғы айларында Қара Қаба, Арасан Қаба өзендерінің төменгі ағыстарына түседі де, парк аумағына көкжалдармен бірдей уақытта оралады. Биылғы қысқы санақ маусымында Марқакөл көлінің жағасында құну, бұлғын, күзен, әсіресе қояндардың санының көбейгені байқалды.

құ

Тұтаса өскен шыршалы аумақтарды мекен ететін құнулар соңғы жылдары көп кездеспей кетіп еді, осы жолы олардың іздерін көріп, санының артқанын аңғардық. Ал қара күзендер биылғы маусымда өзінің тіршілік ету аясын кеңейтіп, көл жағалауына жақындапты. Қалжыр өзенінің төменгі ағыстарын мекендейтін кәмшатты өткен жылы Орта (жергілікті жұрт 71 квартал атайды) өзенінің жағасынан көрдік. Қорыта айтқанда, санақ барысындағы деректер бұлғынның, түлкінің, сілеусіннің және құнудың санының көбейгенін көрсетті. Бұл өз кезегінде көл жағасындағы қайың, шырша және балқарағай ағаштарында жүретін құстардың кейбір түрінің, әсіресе, шіл, кекілік, бұлдырық пен шырша торғайдың санына әсер ететінін де естен шығармаған жөн. Сөз орайы келгенде айта кетейін, бұл жаққа қар қалың түсетіндіктен әрі елді мекендерден шалғайда орналасқандықтан браконерьлер мүлде келмейді деуге болады» дейді қорықтың эколог-инспекторы Эльдар Байырқанов.

я

 

Еліміздегі ең әсем жерлердің бірі Марқакөлдегі аң-құстардың саны да кейбір оқырмандарымызды қызықтыратыны анық.

ы

Соңғы санақ деректеріне сүйенсек, қорық аумағында 50 бұлан, 39 бұғы-марал, 35 сібір елігі, 44 қасқыр, 59 түлкі, 32 құну, 40 сілеусін, 800 ақ қоян, 119 Америка күзені, 125 аққалақ, 96 ақ кіс, 150 бұлғын, 174 тиін, 27 кәмшат, 70 күзен, 89 сарғыш күзен, 173 шіл, 94 құр, 460 бұлдырық, 203 ақ кекілік бар. Қорық ұсынған соңғы төрт жылдың кестесіне қарап, бұл аң-құстардың ішінде бұғы-марал, сібір елігі, аққалақ, тиін, сарғыш күзен, шіл мен бұлдырық саны біртіндеп азайып бара жатқанын да аңғардық.

 Шығыс Қазақстан облысы,

Күршім ауданы

Суреттерді ұсынған – қорықтың экологы Ғабдул МАУЫТҚАНОВ

Сайттағы негізгі суретті түсірген - Мерей ҚАЙНАРОВ