Абай • 30 Сәуір, 2020

Абайдың жүрек айнасы

3020 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ұлы Абай жайында сөз айту, ой толғау әр қазаққа оңай секілді сезілгенімен, тап бермеде қиналып қалатыныңыз өтірік емес. Абайды білмейтін қазақ жоқ. Арғы-бергі уақыттың мінберінен Абай жайында сөз қозғап, ой тербемеген қазақ зиялысы аз. Оның басында Ахмет Байтұрсынұлының 1913 жылы жазған «Қазақтың бас ақыны» деген әйгілі мақаласы тұр.

Абайдың жүрек айнасы

Ахаң Абай шығармашылығы туралы «Сөзі аз, мағынасы көп, терең. Бұрын естімеген адамша шапшаң оқып шықсаң, азына түсініп, көбінің мағынасына жете алмай қалады. Көп сөз­дерін ойланып, дағдыланған адам­дар болмаса, мың қайтара оқыса да түсіне алмайды. Сон­дықтан Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр екені рас. Бірақ ол ауырлық Абай айта алмағаннан болған кемшілік емес, оқушылардың түсінерлік дәрежеге жете алма­ғанынан болатын кемшілік. Олай болғанда айып жазушыда емес, оқушыда. Не нәрсе жайы­нан жазса да, Абай түбірін, тамырын, ішкі сырын, қасиетін жазады», деп мағыналы терең ой түйеді. Сондықтан да Абай – қазаққа жақын және алыс.

Біз­ге, осы қазаққа «қиянат­шыл дүние­ден қырық жамау болған» Абайдың жү­ре­гінен жақын ештеңе жоқ. Абайдың жү­регі айнадай таза, пәк, сәу­лелі жүрек. Ол айнымасқа бекі­­ген жүрек. Жалпы, Абай­дың өлеңдері мен қара сөзінде мол көрініс тапқан жүрек кон­цеп­тісі ақын­н­ың дүние­таным­дық пайымынан, толық түсі­ні­гі­нен, адам болмысы туралы фи­ло­софиялық ой қорыт­па­лары­­нан бас­тау алып, одан әрі әдеби-көркем бей­­не­леулермен, тілдік ажарлау­мен кес­теленіп, тұтасқан эсте­тикалық-мораль­дық түзілісті құрап кетеді.

Дүние жаратылысты танып білудегі соны ізденістер, философиялық көз­қа­растар, ғылыми-теологиялық ұста­ным­­дар мен ұмтылыстар негізі­нен екі түрлі өлшемге иек артады. Бірі – ақыл мен сананы жоғары қойса, екіншілері – жүрек категориясын, яғни махаббат, сүйіспеншілік һәм ізгілік (гуманизм) мұраттарды алға шығарады. Абай – дүние болмыстың ақиқатын махаббатпен түсінушілер қатарында. Абай философиясының үш тағаны – иманигүл үш сүю. Ол махаббатпен жаратқан Алланы сүю, екіншісі адамзатты сүю, үшіншісі әділетті сүю. Абай айтқан жомарт­тықтың үш қазығы – әділет­тілік, шапа­ғаттылық және даналық. Әді­леттілік – адамның жаратылуында болса, шапағаттылық – адамның ақ пе­йіл­ділігінің өлшемі, ал, даналық – ақыл­дылықтың жемісі болмақ.

Абай адамның негізгі үш қасиетіне ыстық қайратты, жылы жүректі, нұрлы ақылды жатқы­зады. Осы үшеуінде жарату­шының адамға берген ерекше мәнді сый-сияпаты тұрғандай. Бі­рақ «ауруды жаратқан құдай, ауырт­қан ол емес» дегендей, ыстық қай­рат­тың, жылы жүректің, нұрлы ақыл­дың иесі болмақ адамның өзіне қатыс­ты. Адам өз болмысына өзі үңіліп, жақ­сы­лық пен жамандықты екшеп, қа­сиет­сіздіктен өз бойын, жүрегін таза ұс­тауы шарт екен. Манағы үш қасиетке қарама-қайшы келетін, қайратсыздық, салқын жүрек, суық ақыл орын тепсе, дүниенің оңбайтыны сол. Сөнген қай­раттан – намыссыздық, жігер­сіздік, ынжықтық туында­са, салқын жүректен – пиғыл­сыздық, немқұрайдылық, ын­сап­сыздық, ұятсыздық, сүйе білмеу­шілік, мұратсыздық, жаны ашымас­тық, мейі­­рім­сіздік, қайы­рым­сыздық бала­лап, суық ақыл­дан – зұлымдық, қаты­­гез­дік, өшпенділік, кек­шіл­дік, айлакер­лік, сұм­пайы­лық, сұм сұрқиялық бас көте­реді. Адамзатты махаббатпен жарат­қан Алла пендесіне ерік те берген екен. Адам әлгі еркін дұ­рыс пайдалана алмаса өзінің де, өзгенің де өміріне балта шаппақ.

Адам болмысындағы өзара үйлесім­ділікті реттеуші, Абай­ша айтқанда, ол – жүрек. Он жетінші қара сөзінде әлгін­дегі «ыс­т­ық қайратты», «жылы жүрек­ті», «нұрлы ақыл­ды» өзара айтыс­тыра келіп, төре­ші ғылымға мынандай уәж айт­қызады: «Сен үшеуіңнің ба­сың­ды қоспақ менің ісім. Бірақ сонда билеу­ші, әмірші жүрек болса жарайды. Ақыл, сенің қырың көп, жүрек сенің ол көп қырыңа жүрмейді... Қайрат, сенің қаруың көп, күшің мол, се­нің де еркіңе жібермейді. Осы үшеу­ің басын қос, бәрін жү­ректі билет... Үшеуің ала бол­саң, мен жүректі жақтадым. Құ­дай­­­­шылық сонда қалпыңды сақта...»

Абайдың «Ет жүрексіз еріннің айтпа сөзін», «Алла деген сөз жеңіл, Аллаға ауыз жол емес, ынталы жүрек, шын көңіл, өзгесі хаққа қол емес» дегеннің мәнісінде «жүрегіңнен шықпаған сөзді айтпа, жаратушы Алланы, оның хикметін, мұғжизасыз жүрекпен сезін» деген байлаулы ой, байыпты ұстаным жатыр. «Тіл жүрек­тің айтқанына көнсе, жалған шық­пайды. Амалдың тілін алса, жүрек ұмыт қалады... Қазақ та адам ба­ласы ғой, көбі ақыл­сыздығынан азбайды, ақыл­дының сөзін ұғып алар­лық жү­ректе жігер, қайрат, бай­лау­лылықтың жоқ­ты­ғынан азады» – дейді тағы да хакім Абай.

Ұлы ақын Абай өлең тілінде адамның жан тебіренісін, көңіл толғанысын, сезім нәзік­тігін, ой өткірлігін, мінез құбыл­ма­лылығын көрсететін бейнелі сөз­дердің неше түрін осы жүрек деген әрі заттық, әрі абстрактілік ұғымдармен астастырып береді. Мысалы, жүрегім менің қырық жамау, жүректің жігі, жүректің көзі, жүректің оты, жүректің ақыл суаты, жүректе қайрат бол­маса, ауру жүрек соғады, жүрек – теңіз, жүрекке жылы тию, ыстық жүрек, сорлы жүрек, жы­лы жүрек, ынталы жүрек, мұз жү­рек, асыл жүрек, асау жүрек, ет жүрек, жас жүрек, ызалы жүрек, шо­шынған жүрек, ит жүрек, сұм өрбіген жүрек, үр­пиген жүрек, сөніп қалған жүрек, махаббат пен ғадауат май­дандасқан жүрек.

Жүрек сөзіне бағынышты­лық Алланы, оның хикметін сүю суфизм іліміне тән. Ислам діні іліміндегі мағрипат, тариқат­тың ұзақ жолы жанкештілікті, жаннан кешушілікті, дағуа тақуалықты талап етеді. Қожа Ахмет Ясауидің 64-хикметінде былай дейді: «Тариқат – дүр танып білсе бәрі де, Мағрипат дүр қанса білім нәріне, хақиқаттың жетпек сонда мәніне». «Жарат­қанды ынта-шынта жаның­мен сүй, адал жас боп сорға­лар қаның­мен сүй» дегенді де осы Қожа Ахмет рәсила етеді (65-хикмет).

Абай «ауру жүрек соғады ақырын жай», «жүрегім ойбай соқпа енді», «қайран жүрегім мұз болмай ма» деп толғанса, Қожа Ахмет «көзім – жас, көңі­лім – қайғы, жаным – жалын», «жара­қат жүрегімді сорлатпай ма?!» деп аһ ұрады. Ал Қожа Хафиз «Қайран жүрек дауа таппай дал болар да қамығар», «Ме­нің бүтін жан жүрегім – сенің ғажап жана­рыңда, сенің ғажап жанарыңның тұр­мын түгел қамауында», «Дос ақыл – айна бейне кесесі ғой Жәмшидтің», «О жүрек­тің әміршісі, қызыл шарап бой­ды алды», «Жылуыңнан жүрегімнің оты қайта жанады», «Бір өзің деп лүпіл­дейді кеудемдегі бұл жүрек» – деп өзінің ға­жайып ғазалдарында жүрекке жүгінеді.

Әлқисса, жүрек айнасын кірлетпей ауық-ауық жуып, тазартып, адамдық тұлға­сын асқақ­та­тып, кісілік бей­не­сін пай­ғам­барлық қалыпқа негіз­деп, айна­ласына адамгер­шілік ізгі нұрын сеуіп кеткен ойлы Абай­­дың, қапалы Абай­дың, қажы­ған Абайдың былай­ғы өмірдегі мінез қыры да өзі­нің тезге салып тексеріп-тер­геуі­мен, өзгертумен, еңбек қылып тәрбиелеуімен жасам­­паздықтың жарқын үлгі­сіне айналған еді.

«Абайдың ойынша адамзат ба­ласы ызалы жүректің құлы емес, сондықтан да Адам өмір сүруге, еңбек етуге, ж­әне адам­дыққа ұмтылуы қа­жет», дейді жазушы Роллан Сей­сен­баев.

Сүю – жүректің ісі. Ұлтты сүю үшін кіршіксіз жүрек аздық етеді, оған кемел ақыл да керек.

 

Нұрбек НҰРАЛЫ,

облыстық әдебиет және өнер музейінің директоры,

Қазақстан мәдениет саласының үздігі

 

КӨКШЕТАУ