Қоғам • 30 Сәуір, 2020

«Ауыл» ХДПП мәлімдемесі

130 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қадірлі отандастар!

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елдегі қалыптасқан төтенше жағдайға байланысты тағы бір маңызды мәлімдеме жасады. Мәлімдемеге сәйкес ел көлемінде төтенше жағдай мерзімі 11 мамырға дейін ұзартылды.

Ірі қалалар мен облыс орталықтары карантинге алынғалы бір айдан асты. Алайда әлемдегі коронавирус індетінің уыты әзірге қайта қойған жоқ. Эпидемиялық ахуал ел билігін жаңадан шешімдер қабылдап, шұғыл шаралар қолдануға мәжбүрлейтіні анық. Президент мәлімдемесі арқылы мемлекет үшін ең маңыздысы – отандастарымыздың амандығы мен денсаулығы екенін тағы бір мәрте атап өтті. Сондықтан да жарияланған шешімдерді мемлекет толықтай мойнына алып отырған осы маңызды міндет тұрғысынан қабылдауға тиіспіз. Әрине карантин шаралары азаматтардың үйреншікті тірліктерінен бас тартып, күнделікті қажеттіліктерін шектеуге мәжбүрлейді. Десек те, індеттің аты індет. Дауасы белгісіз дерттің бетін қайтарып алмайынша ел болып карантиндік шарттарды сақтауға тиіспіз.

 

«Ауыл» ХДПП  мәлімдемесі

Мемлекет бүгінгі күнге дейін  отандастарымыздың төтенше жағдайға байланысты туындаған мәселелеріне бейжай қарамайтынын көрсетті, әлі де көрсете бермек. Індет басталған күннен Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жариялаған әлеуметтік пакеттер қажетті деңгейде жүзеге асырылып келеді. Шағын және орта бизнес өкілдерін қолдау шаралары аясында да мемлекет бюджетінен қыруар қаржы қарастырылды. Әсіресе ауыл шаруашылығы саласында көктемгі егістік жұмыстары бойынша төтенше жағдайға қарамастан, тиімді шешімдер қабылданып, дала жұмыстарының уақтылы ұйымдастырылуы үшін шаруаларға қолайлы жағдай жасалды. Президент жұмысшы санын және еңбекақы көлемін азайтпау мақсатында еліміздегі ірі компанияларға да тиісті қолдау көрсетілетінін мәлімдеді. Коронавирус індеті мен жаһандық экономикалық дағдарыс еліміздің экономикасының күретамырына айналған бұл компанияларды да өз қыспағына алуда. Аталған кәсіпорындарда жүз мыңдаған азаматымыз еңбек ететінін ескерсек, Президент шешімінің әлеуметтік маңыздылығын жете түсінеміз. Саяжайлар мен үй маңындағы шағын шаруашылықтар да назардан тыс қалмайтыны айтылды. Бір сөзбен айтқанда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесінен осынау сын сағатта қиындыққа тап болған еліміздің ешбір азаматы қолдаусыз қалмайтынын ұғындық. Мемлекет өзіне тиесілі міндеттерін тиісінше атқарып жатыр. Мұндай сәтте еліміздің әрбір азаматы сабырлық пен төзімділік таныта білуі тиіс. Сонда ғана тосыннан келген қиындықты ел болып еңсере алмақпыз.

Құрметті отандастар, төтенше жағдайда сіздер мен біздердің саулығымыз бен амандығымыздың кепілі болып, бар жауапкершілікті мойнына алатын жалғыз күш – ол мемлекет. Сондықтан да еліміздің азаматтарын Президентіміз жариялаған жаңа шешімдерге қолдау көрсетіп, сабырлық пен төзімділік танытып, ел бірлігінің ерен үлгісін көрсетуге шақырамыз.

 

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының Саяси кеңес төралқасы