Әлем • 01 Мамыр, 2020

Авиакомпаниялар «өмір сүру» үшін күресуде

155 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Халықаралық әуе тасымалы қауымдастығы (IATA) әр елдің үкіметін авиа компанияларға көмек көрсетуге шақырды. Әлемдегі сан жылдық тарихы бар ірі әуе компанияларының өзі бұл жолғы дағдарыстан шығуға әлеуеттері де қарым-қабілеттері де жеткіліксіз болып отыр. IATA хабарлауынша, дағдарыс салдарынан әлемдік авиация саласы мен туризм секторындағы бұл саламен етене байланысатын 25 миллионға жуық жұмыс орнының жартысына жуығы қысқаруы мүмкін.  Болжам бойынша, жолаушылар тасымалынан түскен табыс былтырғы жылмен салыстырғанда 55%-ға кеміген. Жыл аяғына дейін бұл саладағы  сұраныс 80%-ға дейін түсіп кетуі мүмкін.

Авиакомпаниялар «өмір сүру» үшін күресуде

Халықаралық Азаматтық авиация ұйымының хабарлауынша, күзге қарай халықаралық рейстердегі авиажолаушылардың жалпы саны 1,2 миллиард адамға азаюы мүмкін. Салдарынан Еуропа мен Азия-Тынық мұхитының әуе кеңістігі ұшақсыз қалып, бұл бағыттан түсетін табыс айтарлықтай кемиді. Дәл осындай жағдай Солтүстік Америка аймағында да орын алады деп күтілуде. Әсіресе жазғы маусымда еуропалық саяхатшылардың басым бөлігі Азия-Тынық мұхиты өңірлеріне жиі әрі тұрақты қатынайтын еді. Биылғы жағдайға байланысты жазды жағалауда өткізетіндер саны едәуір кемитін түрі бар.

IATA бас директоры Александр де Жюняктың айтуынша, әлем саяхатшыларына жүргізілген сауалнама нәтижесінде саяхатшылардың 60%-ы COVID-19 пандемиясы саябырсығаннан кейін бір-екі ай ішінде саяхатқа оралуға дайын екендіктерін айтса, қалғаны жеке қаржылық жағдайлары тұрақтанғанша саяхатқа оралуға асықпайтындарын білдірген. Бұл тізімде қауіпсіздік мәселесін бірінші орынға қойып, үйде отыруды жөн санайтындар да бар. Аталған қауымдастық басшылығы қайткен күнде де бұл жолғы дағдарыс әуе кеңістігінің тасымалдаушылары үшін үлкен апокалипсис, әбден тығырыққа тірелген шақ екенін айтып, дабыл қағуда. Қауымдастық тарапы жағдайдың ең ауыр күйін сипаттайтын болжам айту арқылы авиакомпанияларға мемлекеттің қолдауы керек екенін меңзесе керек. Осындай батыл мәлімдемеден кейін бірқатар елдің авиа компанияларға жүргізетін саясатында сең қозғала бастағандай. Мысалы, Колумбия билігі авиабилеттерге, авиаотын және туризм саласына көмек көрсету үшін кешенді шаралар пакетін енгізіп, алғашқы жеңілдік ретінде салықтан босатып отыр. Ал Гонконг билігі 2 миллиард гонконг долларына алдын ала әуекомпанияларының 500 000 билетін сатып алып, қалған қаражатқа қосымша шығындарды өтеп берген. Сенегал билігі туризм және әуе көлігі секторы үшін 128 миллион АҚШ долларын бөлетіндерін мәлімдеген болатын. Еуропада ақпан мен мамыр аралығында және келер жылға дейін аэронавигациялық қызмет көрсету үшін төленуі тиіс 1,1 млрд еуро кейінге шегеріліп отыр.

̶ Бүкіл әлемнің авиакомпаниялары «өмір сүру» үшін күресуде. Кез-келген елге экономиканы тұрақтандырып, салық төлеп тұру үшін «өміршең» әуе кемелері керек. Олар әрине бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Осыны ескеріп, қандай да бір көмек көрсеткен мемлекеттер бар. Бұл алдымен қаншама жұмыс орындарын сақтап қалатын маңызды қадам болмақ, ̶  деді Александр де Жюняк таяуда БАҚ өкілдерімен кездесу барысында. Оның жиында жасаған баяндамасында дағдарысқа байланысты жолаушылар табысының 314 миллиард долларға кемитіні, 25 миллион жұмыс орнының кемуі мүмкін екені, тіпті, кейбір әуе компанияларының дағдарысқа шыдас бермей, жұмысын тоқтатуы мүмкін екені айтылды. Сонымен қатар, күрделенген мәселені шешу үшін қауымдастық директоры авиакомпанияларға мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетілуі керек екенін де ашық айтты.

̶  Бұл салаға тікелей қаржылық көмек қажет. Несие, несие бойынша кепілдік беру және үкімет пен орталық банктердің корпоративтік облигациялар нарығын қолдауы маңызды болмақ. Сонымен қатар, бұл салаға жаппай салықтық демалыс жариялау қажет. Өйткені, әуеде ұшақтар ұшпайды, табыс көзі жоқ, ̶  дейді IATA бас директоры.

Осы ретте, жолаушылардың қауіпсіздік мәселесіне айтарлықтай мән беру керектігі, әр мемлекет бұл бағытта өз жоспарын дайындауы қажеттігін де баса айтады.

̶  Авиация саласына тиімді болатын арнайы ғылыми зеттеулер жүргізу керек деп санаймыз. Осы мақсатта біздің қауымдастық Дүниежүзілік Денсаулық сақтау және Халықаралық Азаматтық авиация ұйымымен тығыз байланыс орнатуда. Тек жолаушылардың денсаулығы ғана емес, авиация саласындағы қызметкерлердің денсаулығы да басты назарда болуы керек, ̶  деді Александр де Жюняк.