Аймақтар • 06 Мамыр, 2020

Дауылбай Шекшекұлы Украина майданында 687-ші атқыштар полкінде болған

395 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Екібастұз қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы, Азаматтық қорғау полковнигі  Айдын Қажыбековтің айтуынша, нағашы атасы Дауылбай Шекшекұлы Кеңес Армиясының қатарына 1939 жылы Баянауылдан шақырылады.

Дауылбай Шекшекұлы Украина майданында 687-ші атқыштар полкінде болған

Сурет: А. Қажыбековтың жеке архивінен

Әскери қызметін өтеп, туған жерге оралайын деп жүргенде Екінші дүниежүзілік соғыс басталады.

Сөйтіп, жауынгер Дауылбай Шекшекұлы офицерлік құрамды даярлайтын арнайы оқу курстарында білім алып, лейтенант әскери атағын алады.

Ол Украина майданында 687-ші атқыштар полкінде соғысқа қатысқан. Ал,  үйіне жіберліген «Наградтау парағында» әскери басшылық  Дауылбай Шекшекұлының батыл, жігерлі офицер екендігін атап өтті.

Сонымен бірге, «Грон және Морава өзендерінен өту кезінде ол өзінің взводымен өткелден  өтіп, жаудың күштерін  қуып, шепті жарып өтті» деп жазылған.

Кіші Карпат тауларынан өту кезінде, Кухвеня селосы үшін болған ұрыстарда жау дзоттарын қиратуға қатысқан. Осы ұрыстарда Дауылбай Шекшекұлы басқарған взвод жауға тойтарыс беріп, миномет батареясының көзін  жойған.

Ал, Пасаглавки селосының жанындағы жау қоршауынол басқаратын рота  бұзып кіріп, 11 неміс солдатын қолға түсірген.

9

Осы ұрыстарда көрсеткен жауынгерлік ерлігі үшін екінші дәржелі «Отан соғысы» және «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен марапатталады.

- Соғыстың соңғы күндерінде Дауылбай атамыздың басына снаряд жарықшағы тиіп, бір жақ иегін жұлып әкетеді. Госпитальде емделіп, елге оралған соң  ұзақ жылдар сол кездегі Екібастұз ауданы, «Комсомол» совхозында ауылдық советтің төрағасы болып қызмет етті. Ауылдастары  еске алып, құрмет  тұтады,- дейді Айдын Қажыбеков.

Дауылбай  Шекшекұлы соғыс тауқыметі мен ауыр жарақаттың салдарынан  1971 жылы 49 жасында қайтыс болды.

9

Зайыбымен бірге төрт баланы дүниеге әкеліп, олардан 17 немере-жиен көрді. Нағашы атамыздың бейнесі өз өмірін жер бетіндегі бейбіт өмір үшін қиған батыл жауынгер ретінде-әулет ұрпақтарының жадында мәңгілік сақталады.  

Екібастұз қаласы