Руханият • 12 Мамыр, 2020

Әйгілі күйші салдырған мектеп мемлекет қарауына алына ма?

1415 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жәңгір ханның, Ыбырай Алтынсариннің, Құнанбайдың, Маман Тұрысбектің мектеп салдырғанын тарихтан білеміз. Ал әйгілі күйші, шертпе күйдің шебері Тәттімбет Қазанғапұлының мектеп салдырып, бала оқытқаны жайында естігендеріңіз бар ма?

Әйгілі күйші салдырған мектеп мемлекет қарауына алына ма?

Суретті түсірген Болатбек НӘСЕНОВ

Бұған дейін жұртшылыққа бей­мәлім болған бұл деректі ең ал­ғаш тарихшы, архивші, тарих ғылым­дарының докторы, Омбы мұра­ғат­та­рынан ел тарихына қатысты көп­теген құнды мәлімет тапқан Бо­­латбек Нәсенов өзінің «Абыралы – Сарыарқаның кіндігі» атты үлкен еңбегінің 8-томында жариялап, мек­теп суреттерін оқырман назарына ұсынған болатын.

Әйгілі күйші 1843-1856 жылдары Қарқаралы округіне қарасты Шан­шар-Нұрбике болысына (кейін «Ақбота» деп аталған) болыс болғаны белгілі. Тарихшының айтуынша, Майлықара тауының бауырындағы (Курчатов қаласы мен Дегелеңнің ортасында, Дегелеңнің солтүстік батыс жағынан 60 шақырым) мектеп Тәттімбет Қазанғапұлы болыстық қыз­мет атқарып жүрген уақытта, ша­­ма­мен 1852-1854 жылдары тұр­ғызылған. Өкініштісі сол, мектеп ғи­мараты 1953 жылы сутегі бомбасы жарылып, 1955 жылы Абыралы ауда­ны таратылғанға дейін жақсы сақталғанымен, кейін полигондағы әскерлер казармаларын салу үшін асты-үстінің тақтайларын, есік-терезелерін бұзып әкетіп, тек қалқиған қабырғаларын қалдырған. «Мектеп орын тепкен Майлықара тауының солтүстігінде кезінде оннан астам, ал таудың айналасы мен Семей бағытындағы 10-15 шақырым аумақта 50-дей қыстақ болған. Әр қыстақта 10-12 отбасы, әр отбасында орта есеппен 6 адамнан есептегенде 4 мыңға жуық адам осы таудың маңын құтты қонысына айналдырған. Міне, осы себепті де Тәттімбет атамыз бұл жерге сол заманның талабына сай тамаша мектеп салғызған. Бұл мектепте 1850-1953 жылдар ара­лы­ғында мыңдаған бала білім алды. Оны бітіріп шыққандардың көпшілігі ертеде ағартушы қызметін ат­қарды. 1931 жылы Абыралы көте­рілісіне қатысқандар да, 1937-1939 жылдардағы «халық жаулары» да осы елден шықты», дейді тарихшы.

Тек құжатпен, дерекпен сөйлегенді жөн көретін ғалым осы тарихи нысанды мемлекет қамқорлығына алу жөнінде Мәдениет министрлігіне, Шығыс Қазақстан облысының әкім­дігіне бір емес, бірнеше мәрте хат жазыпты. Жазған хаты дәлелді болсын деп Тәттімбет Қазанғапұлы салдырған мек­тепте оқыған, сол өңірді жетік біле­тін екі адамның сөзін келтіріп, ол кісілерден қолхат алған екен. «Мен бұл мектепте 1944-1946 жылдары 1-2 сыныпта оқыдым. Үлкендердің айтуынша, осы мектептен Тарбақ, Қатпар, Қаражыра, Мыржықтың солтүстігіндегі ауылдардан балалар қатынап оқыған. Менімен бірге Сағын Тәшиев, Оразғали Сағатов, Мәден Жүкенов, Оразбай Исайынов секілді қатарластарым оқыған еді», депті қос куәгердің бірі, 1936 жылы дүниеге келген Жұмағазы Нүркин. Ал осы Дегелеңде дүниеге келген белгілі балалар жазушысы Таупық Рымжанов: «Тәттімбет мектебі толық бір ғасыр өмір сүрді. Мен 1944 жы­­лы үйдің іргесіндегі сол мек­теп­ке баруға тиіс едім. Бірақ үй іші­міз­дің 40-50 шақырым жердегі Де­гелең тауының ішіне көшуіне бай­ланысты бірінші сыныпқа Ұзын­бұлақтағы орталау мектепке бардым. Менің көзкөрген ретінде айтып отырған бұл дерегім тарихшы Болатбек Нәсеновтің Алматы, Омбы мұрағаттарындағы құжаттар негізінде жазған «Абыралы – Сарыарқаның кіндігі» (2-том) және «Тәттімбет-Мә­ди» (8-том) кітаптарындағы тарихи деректерге дәл келеді. Мектеп 1950 жылдардың басына дейін бұзылмай тұрды. Дегелең өңірінің ядролық сынақ полигонына айналып, біздің басқа аудандарға көшірілуімізге байланысты 1954 жылы соңғы рет көргенімде Майлықарадағы мектептің қабырғалары ғана қалқайып тұр еді», деп жазыпты.

Абыралы өңірінің тумасы, бү­гінде Риддер қаласында тұратын әде­биетші-ұстаз Әбіл Көшербайұлы әйгілі күйші Дегелеңде мектеп ашқан кездері Құнанбай Шыңғыстаудың Ескі там деген жерінде мектеп салдырғанын айтады. «Мектеп салу сол уақыттағы қызмет басында жүрген азаматтар арасындағы бәсеке болуы да мүмкін. Хафиз Нұрбеков деген ұстазымыз бізге: «Осы мектепте сабақ бердім», деп отыратын. Оған бала кезде дұрыс мән бермедік. Бір жағы, сол кездегі мұғалімдер мектепті Тәттімбет сал­дырғанын да жөнді білмеген се­кілді», дейді ол.

Ал осыдан 160 жылдан астам уақыт бұрын салынған мектептің қа­зіргі жай-күйі қандай? «Мен бұл жерге үш-төрт рет бардым. Қабырғалары ға­на қалған мектептің биіктігі                        4 метрден аса­ды. Қабырғаларының қалың­ды­ғы жарты метр шамасында. Таңғалғаным, кірпіштері сол кү­йі тұр. Ғажап енді. Өкінішке қарай жоғарыда «мектепті көрдім, сонда оқыдым», деп куәлік айтқан екі қария да өмір­ден озды. Алайда Қарағандының Егіндібұлағында, Майлықара жақта Тәттімбеттің ағайындары, ұрпақтары тұрады. Бұл мектепті Тәттімбеттің салдырғанын мақтанышпен айтады. Ерекше атап өтер дүние – Майлықара тауының бауырындағы Тәттімбет атамыз осыдан 160 жыл бұрын салдырған мектеп бұрынғы Абыралы ауданының жерінде тұр. Семей қаласының, Курчатов қаласының әкімдіктері, елге-жерге жанашыр азаматтар осы жерге белгі қойса, туристерді апарып көрсететіндей жағдай жасаса, жақсы болар еді. Ал Курчатов қаласын Тәт­тім­бет қаласы деп атаса да әбден жара­сады. Өйткені ол – Тәттімбет ата­­мыздың ата-бабасы Шаншар-Нұр­­бикенің қонысы», дейді Болатбек Нәсенов.

 

Шығыс Қазақстан облысы