Аймақтар • 12 Мамыр, 2020

Құтқарушылар үйде жалғыз қалған балаларға көмекке келді

333 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өңірдегі Төтенше жағдайлар департаментінің «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі»  жедел-құтқару жасағы басшысының орынбасары Серік Шериаздановтың айтуынша, көбінесе кішкентай балалар мен қарт адамдар пәтерде қалып қойған кезде жабылып қалған есікті ашуға шақырады.

Құтқарушылар үйде жалғыз қалған балаларға көмекке келді

- Жасөспірімдер құлаққаптардан музыка тыңдап жатып, ұйықтап қалады. Бірінші кезекте құтқарушылар альпинистік жабдықтардың көмегімен жоғарғы қабаттан немесе үйдің шатырынан пәтердің балконына түседі. Материалдық шығын келтірмеу және балконның есігінің бұзбау үшін құтқарушылар алдымен балғамен есіктің металл қалқандарын ұрып, ұйықтап жатқандарды оятуға тырысады. Егер, іштегі адам оянып, есікті ашпаса, құтқарушылар арнайы құралдардың көмегімен балкон есігін ашып, пәтердің есігін ішінен ашады,-дейді.

Ал балкон арқылы пәтерге кіру мүмкін болмаған жағдайда, құтқарушылар учаскелік полиция қызметкерімен және құтқарушыларды шақырған туыстарымен келісе отырып, гидравликалық авариялық - құтқару құралдарының көмегімен пәтердің есігін аша  алады.

Мысалы, 7 мамыр күні құтқарушылар альпинистік жарақтың көмегімен Н. Назарбаев даңғылындағы үйдің шатырынан 5-ші қабаттағы пәтердің балконына түсіп, есікті іштен ашты.

Сыртқы есік жабылып қалған кезде, іште 2 жасар бала қалып қойған. Құтқарушылар есікті ашып, баланы ата-анасына тапсырды.

Сонымен бірге, 8 мамыр күні құтқарушылар Набережная көшесіндегі үйге шақыруға келді. Пәтер ішінде жасөспірім бала есікті іштен жауып ұйықтап қалған.

Құтқарушылар келгенге дейін учаскелік полиция инспекторы мен  туыстары оны оятып алған.

9 мамыр күні құтқарушылар арнайы  құралдардың көмегімен 6 жасар бала ұйықтап жатқан  Қамзин көшесіндегі үйде пәтер есігін ашты. Сондай-ақ өткен демалыс күндері құтқарушылар үшін осындай шақыртулар аз болмаған екен.

 

Павлодар