Қазақстан • 13 Мамыр, 2020

«5-10-20» тұрғын үй нарығына қалай әсер етеді?

346 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«7-20-25» бағдарламасы қамти алмаған тұстарды «5-10-20» қамти ала ма? Жаңаның ескіден негізгі артықшылықтары қандай болмақ? GSB UIB директорының орынбасары, экономист Мақсат Халықтың айтуынша, бірінші бағдарламада алғашқы жарна төлеу мәселесі аса өзекті болды.

«5-10-20» тұрғын үй нарығына қалай әсер етеді?

Халықтың жастықтың астында жинаған қолма-қол ақшасы болмай шықты. Тіпті, алғашқы жарнаның өзін несиеге батып алғандар да кездесіп жатты. Ал жаңа «5-10-20» бойынша бұл механизм жеңілдетіліп отыр. Яғни, бастапқы жарна ретінде төленуі тиіс 2 млн теңгенің орына жаңа бағдарлама бойынша 1 млн теңге төлеуге мүмкіндік туындаған.

̶  Алғашқы жарнаны мүлдем алып тастаса, халық үшін аса қолайлы болар еді. Бірақ экономиканың заңына сәйкес, болашағы үшін аз да болса қаражат жинай алмаған азаматқа қалай мемлекет сенім артып, ұзақ жылға несие бере алады? Осы мәселені де естен шығармауымыз керек. Десе де 10 пайыздық жарна 20 пайызға қарағанда анағұрлым жақсырақ болып отыр. Осы ретте, назар аударатын екінші мәселе, несие алушылардың төлем қабілетіне байланысты. Біздегі азаматтардың басында бір емес бірнеше несие бар. Ал несиесі барлар бұл тізімге іліге алмауы мүмкін. Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары халықтың табысы өскен жоқ. Инфляция болса жылдан жылға жоғарылап барады. Бұл жағдай банктер тексеретін төлем қабілетіне әсер етеді. Айлығы аз азаматтардың ішінде де жауапкершілігі жоғары, уақытында төлейтіндері болуы мүмкін. Бұл ретте банктік жүйе адами факторларды ескермейтіні өкінішті, дейді М.Халық.

Осы ретте сарапшыдан жаңа ипотекалық бағдарлама еліміздегі тұрғын үй нарығына қаншалықты әсер ететінін де сұрадық. Оның айтуынша, күні кеше шыққан жаңа бағдарлама көптеген азаматтардың қызығушылығын тудырып үлгерді. Яғни сұраныс артады деген сөз.

̶  Қазіргі жағдайда жаңадан салынған тұрғын үйлердің бағасы доллардың көтерілуіне байланысты шамамен 10 пайыздай өсті. Ал екінші нарықтағы тұрғын үйлердің бағасы қазіргі уақытта керісінше түсіп жатыр. Дағдарыс басталып кеткеннен кейін азаматтар қарызға үй алып, оны ертең қалай төлерін білмей қиналып отырғанша, қор жинауды артық санайды. Бұл жағдай белгілі бір деңгейде сұраныстың төмендеуіне алып келеді, ̶  дейді экономист. Сонымен қатар, карантин кезінде елдегі ірі қалаларда пәтер жалдап тұратын студенттер өз өңірлеріне қайтса, қалада жалдамалы пәтерде тұратын халықтың басым бөлігі өз аймақтарына кетті. Бұл жағдай тұрғын үйді жалға беріп пайда табатындар үшін аса тиімсіз болып отыр. Өз кезегінде несиеге үй алып, оны жалға беру арқылы қарызын жауып отыру тәсілі дәл қазіргі жағдайда айтарлықтай пайдалы емес. Бұл жағдай жалпы екінші нарықтағы үйлердің құнын төмен түсіруде. Ал жаңадан шыққан ипотекалық бағдарламаға сұраныстың артуы тұрғын үй нарығын қалыпты күйге келтіреді. Яғни баға аспандап кетпейді, құнсыздану да күтілмейді. Десе де «5-10-20» бағдарламасы жаңадан салынған үйлерге арнала ма, әлде екінші нарықтағы үйлер қамтыла ма әлі белгісіз. Қалай болғанда да барлық бағдарламаның артықшылығын іздеп, аз да болса үнемді нұсқасын іздеген халық үшін «5-10-20» ең қолайлысы болар деген сенім бар.