Технология • 15 Мамыр, 2020

Ақтөбе – smart қала

767 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда өркениет биігіне ұмтылған елдерде «ақылды қала» тұжырымдамасын (Smart City) қалыптастыру әлемдік үрдіске айналған.

Ақтөбе – smart қала

Бұл үрдісті ұстанған елдердің басты мақсаты – кең жолақты интер­нет желісін тарату­ды, бірыңғай инф­рақұры­лымы қа­лыптасқан бейне­бақылау­ды, көлік қозғалы­сын рет­теуді, жа­­сыл энергияны қол­дану­ды, қа­ла­лардың әлеумет­тік-тұр­мыс­тық қызмет көрсету дең­ге­йін б­а­­­рын­ша дамытуды, яғни ақ­па­­рат­­­тық-коммуникациялық тех­но­­ло­гия­ларды пайдалана оты­рып, барлық қалалық қыз­мет­тер­дің тиім­ділігін арттыру арқ­ылы тұрғын­дардың өмір сүру дәре­жесін биік деңгейге көтеру бо­лып табылады. «Ақылды» қала­лар қатарына экономикалық, эко­лог­иялық және әлеуметтік деңгей­лері тұрақты, қызмет көрсету ин­ф­­ра­құрылымы дамыған қалалар жатады.

Дамыған батыс елдерінде «қала» ұғымына қатысты бір­қатар іргелі зерт­теу бар. Атақты ка­на­да­лық ғалым Мэрилин Га­мильтон 2000 жылы алғаш рет «ин­тегралды қала» терминін енгізді. Оның тұжырымдамасына сәйкес, қалалық қауымдастық ара ұясымен салыстырылады. Қалада әрбір адам белгілі бір рөлді атқарады. Сонымен қатар Мэри­лин қауымдастықтың негізгі төрт тобын бөліп көрсе­теді – тұрғын­дар, бизнес, әкімшілік, азаматтық қоғам. Барлық төрт топ өзара әре­кет ете отырып, ортақ нәтиже, яғни қазіргі заманға тән жан жақ­ты дамыған қала үшін үйлесімді жұмыс жүргізуге тырысады.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2018 жылғы 10 қаңтарда «Төртінші өне­р­­кәсіп­тік революция жағ­дайын­­­дағы дамудың жаңа мүм­кін­дік­тері» атты Қазақстан хал­қына Жолдауында «ақылды қала­лар», «ақылды ұлт» үшін және оның өмір сүру сапасын жа­қ­сар­­тып, халықтың жұмыс істеуі­не ыңғайлы жағдай жасап, елдің экономикалық дамуының локомотивіне айналдыруды ұсынд­ы. Осыған орай Мемлекет бас­шысы көшбасшы болып та­былатын «Smart City» концеп­ция­сы­­ның негізінде қалалық ортаны басқаруды кешенді түрде жүзеге асыруды және қалаға көшетін адамдардың құзыреттілігін дамытуды қажет деп есептейді.

Осыған орай Ақтөбе қала­сында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Smart city» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде білім беру, денсаулық сақтау, көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және қауіпсіздік салаларын цифрландыруды дамытудың басым бағыттары бойынша бірқатар жоба­лар жүзеге асырылуда. Ақтө­бе шаһары халқының саны жағы­нан Қазақстан Респуб­лика­сы бойынша бесінші (Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Қараған­ды) орында тұр. Ақтөбе халқы санының өсуіне байланысты, билік қа­ланың әлеуметтік-эконо­ми­калық дамуына бағытталған жоба­сын және қаланың бас жос­парына бірқатар түзету енгі­зілді. Бұл шаралар Ақтөбе қала­сы­ның «миллион тұрғыны бар қала» мәртебесіне қол жеткізу­іне бағытталған және бұл жобаны 2040 жылға дейін жүзеге асыру жоспарланған.

Бүгінде Ақтөбе еліміздің ба­ты­сын­дағы экономикалық өсу­дің перс­пективалық орталық­та­рының бірі болып табылады. Осы­ған байланысты маман-ға­лым­дар облыс орталығын дамы­ту­дың математикалық және эконо­ми­калық моделін жасады.

Ғалымдардың пікірінше, Ақтөбе миллионыншы кезеңге жету үшін қала халқы шамамен 2,5 есе өсуі керек. Сарапшылар мұн­дай ұзақ мерзімді болжам қаланың индустриялық-иннова­ция­лық даму стратегиясын бел­сенді жүзеге асырған кезде, яғ­ни тау-кен, металлургия, мұнай және газды қайта өңдеу, құры­лыс салалары, жоғары технология­лық өндірістер, технополистер құрыл­ған жағдайда мүмкін болады деп есептейді.

Ірі қалаларда «Цифрлық Қазақ­стан» мемлекеттік бағдарла­масы шеңберінде «ақылды қала» тұжырымдамасын іске асыру жұмысы басталды.

«McKinsey» халықаралық кон­салтингтік компаниясы 2020 жыл­ға қарай-ақ 600 «ақылды қала» пайда болады деп болжаған еді. Болжам бойынша, олар әлем­дік ЖІӨ-нің кемінде үштен екісін өндіреді. Осыған байланысты, бұл маңызды жұмысты агломерация орталықтарында да, сол сияқты басқа ірі және үлкен қалаларда да жалғастыру қажет.

Қазіргі таңда, Қазақстанда «екінші деңгейдегі» қалалар деп аталатын орталықтарға үлкен маңыз беріле бастады. Оған об­лыстардың әкімшілік орталық­тары болып табылатын облыстық маңызы бар 14 қала (Көкшетау, Талдықорған, Атырау, Орал, Тараз, Қарағанды, Қостанай, Қы­зыл­орда, Ақтау, Павлодар, Пет­ро­павл, Өскемен, Ақтөбе және Түр­кістан қалалары) жатады.

Қазақстанның 30 барынша дамыған мемлекеттер қатарына қосылу Тұжырымдамасында елі­міз­­де әлемдік деңгейдегі агло­ме­­ра­­цияны қалыптастыру мін­деті қойылған. Осыған орай, 2020 жылға дейінгі еліміз­дің тер­­ри­­­тория­лық-кеңістіктік да­муы­­­ның бол­жамды схема­сында басқа­ры­латын урбаниза­ция және агломерацияны қалып­тас­тырудың негізгі көзқарастары көрініс тапқан. Біздің зерттеуі­мізд­ің негізгі объектісі болып табы­л­атын Ақтөбе қаласы осы мем­ле­кеттік тұжырымдама шең­берінде агломерацияның өзек-қаласы ретінде көзделген.

«Ақылды қала» – бұл қалалық өмір сүру жүйесін үнемді және экологиялық таза пайдалануды көздейтін инновациялық технологияларды қолдану есебінен қазіргі заманға тән өмір сапасын қам­тамасыз ету. Халық­ара­лық тәжірибе «ақылды қала­лар­да» қоғамдық қауіпсіздік дең­гейі көтеріледі, жылуды тұтыну – 30%-ға, көшелерді жарық­тан­ды­ратын электр энергияны 60%-ға, қалалық коммуналдық желі­лерінің қызмет шығындарын 30%-ға, электр энергияны пай­да­ла­нудың есеп шотының сомасын 26%-ға азайтатынын көрсетеді.

«Ақылды қаланың» негізгі сипат­­тамалары – жайлылық, қауіп­­сіздік, тиімділік және эколо­­ги­ялық тазалық, ал басты басым­дықтар – тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту.

«Ақылды қала» тұжырым­дамасы­ның аясында Ақтөбеде бір­қа­тар жобалар жүзеге асы­рылу­да. Мысалы, қала мектеп­терін­де «Білім ал» білім берудің ақ­па­раттық жүйесі ен­гізілген, тұр­­ғын үй-комму­нал­дық шаруа­шы­лық басқару ор­талығы құрыл­ды, көшелерді жарық­тандыру жү­йесі энергиялық тексеруден өту­де, қалалық автобустар GPS тре­кер­лерімен жабдықталды, бұл жолау­шылар қоғамдық көлікті қада­­ғалайтын «AktobeBus» мо­биль­­ді қосымшасын іске қосуға мүм­кін­дік берді. Уақытты үнем­деу үшін оң­тайлы маршрутты таңдай алады.

Smart Aktobe жоспары Бірың­ғай диспетчерлік қызмет орталы­ғына біріктірілетін қоғам­дық көлік­терді электронды терминал­дармен жабдықтауды, барлық ком­муналдық төлемдерді бірың­ғай төлем құжатына біріктіруді, «қауіпсіз автобустар мен такси», «ақылды аялдамалар», «ақылды тұрақ», «ақылды бағдаршам» сияқты интеллектуалды көлік жүйесін құруды, сонымен қатар Ақтөбе тұрғынының әлеуметтік картасын жасауды көздейді.

Ақтөбе – Қазақстанның қар­қын­ды дамып келе жатқан қала­ларының бірі және бүгінде қала халқының әлеуметтік-эконо­микалық жағдайы біртіндеп жақсарып, 2019 жылы қала халқы 487 мыңдай адамды құрады.

 

Бауыржан ЖҮНІСОВ,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры,

Сұлтан ЖҰБАНАЗАРОВ,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің магистранты

 

АҚТӨБЕ