Қоғам • 18 Мамыр, 2020

«Жанұя» орталығы ТЖ кезінде 5 мыңға жуық тұрғынға кеңес берді

143 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы өткен жылдың тамыз айында ашылды. Қысқа мерзім ішінде орталық заңгер, психологтың кәсіби кеңесін қажет ететіндерге, әлеуметтік көмекті, жаңа мамандықты қалай алуға болатынын білмейтіндер үшін таптырмас көмекшіге айналды, деп хабарлады елорда әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Жанұя» орталығы ТЖ кезінде 5 мыңға жуық тұрғынға кеңес берді

Орталық тұрғындарға «бір терезе» қағидасы бойынша 70-тен астам мемлекеттік қызмет көрсетеді. Карантин кезінде орталық онлайн режимінде көмек көрсете отырып, өз жұмысын тоқтатқан жоқ. Қазір «Жанұя» штаттық режимде жұмыс істейді.

«Біз орталық жұмысын қалпына келтірдік. ТЖ кезінде қала тұрғындарына колл-орталық арқылы қызмет көрсеттік. Осы кезеңде бізге 5 мыңға жуық адам өтініш білдіріп, барлығына қажетті кеңес берілді», – дейді Нұр-Сұлтан қалалық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Айгерім Тәңірбергенова.

Ашылған сәттен бастап мұнда 27 мың мәселе бойынша 12,7 мыңнан астам азамат жүгінді. Оның ішінде 20 мың мәселе қаралды, яғни консультациялық қадамдық көмек көрсетілді, 7 мыңы бойынша тиісті шаралар қабылданды.

Сонымен қатар «Жанұяда» онлайн режимде көп балалы әйелдер, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған әйелдер, толық емес отбасылар үшін «Кәсіпкер ана» оқыту курстары өтуде.

«Осы жоба аясында дизайнер, копирайтер, СММ маманы және басқа да қажетті мамандықтарға оқуға болады. Жоба арқылы бес жүзден астам әйел оқытылды. Олардың 70-і үйде немесе өзінің шағын ісін ашты. Менің ойымша, бұл жетістік», – дейді А.Тәңірбергенова.