Қоғам • 28 Мамыр, 2020

Туризм саласы қалыпқа келе бастады

471 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биылғы туризм саласының тоқырауына себеп болған COVID-19 пандемиясының салқыны бізді де айналып өткен жоқ. Қойылған шектеулердің салдарынан сырттан келетін туристер ағыны 70-80%-ға кеміген. Бұл туралы кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен жиында  Мәдениет және спорт министрлігі туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков мәлімдеді.

Туризм саласы қалыпқа келе бастады

Оның айтуынша, төтенше жағдай кезінде Үкімет туризм саласындағы субъектілерді мемлекеттік қолдау бойынша бірқатар шұғыл шаралар әзірледі. Оның ішінде туризм, қоғамдық тамақтану және қонақ үй қызметі саласында кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер мүлік салығынан босатылды. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 1 сәуірінен 1 қазанына дейін туристік қызметтегі ірі кәсіпкерлік субъектілер үшін еңбекақы төлеу қорынан салық және басқа да төлемдерді есептеу мен төлеу жойылды. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне 90 күнтізбелік күнге дейінгі мерзімге сыйақы, айыппұл және өсімпұл есептеу бөлігінде жеңілдіктер енгізілді, сондай-ақ банктік қарыз шарттары бойынша төлемдер мерзімі ұзартылды.

̶ Төтенше жағдай аяқталғанымен карантин режімі өзгерген жоқ. Десе де, біртіндеп көптеген салалар қалыпқа келе бастады. Оның ішінде туризм саласы да бар. Өңірлер арасында әуе және темір жол қатынасы бір ізге түсіп келеді. Бұл саланың әлі де толық жандануына бірқатар келергілер туындап отыр. Оның ішінде блок-бекеттерді алу мәселесін ерекше атап өтуге болады. Бұл мәселе жақын арада оң шешім табады деген сенімдеміз, ̶  деді Д. Рыспеков. Оның айтуынша, бас санитарлық дәрігердің №37 қаулысына сәйкес еңбек ұжымында эпидемияға қарсы режімнің алгоритмдерін сақтай отырып, туроператорлар мен турагенттіктердің қызметіне рұқсат берілген.

Сонымен қатар, 1 маусымға қарай шипажайлық-курорттық мекемелер, демалыс үйлері және туристік базалар сияқты туристік қызметтің басқа да объектілерінің жұмыс алгоритмі бекітіледі. Бұл ретте бассейн, жағажай және ойын-сауық аймақтарының жұмысына қойылатын талаптар да күшейтілмек. Айта кетерлігі, туристердің демалыс орындарының жұмысына қатысты барлық шешімдерді жергілікті атқарушы органдар мен өңірдегі бас санитарлық дәрігерлер бірлесіп қабылдайды.

̶ Былтырғы жыл қорытындысы бойынша шетелдік туристердің орналасу көрсеткіші 18% -ға өсіп, 980 мың адамды құраса, жергілікті туристер саны 12% - ға артып, жалпы 5,3 млн адамды құрады, ̶ дейді Д. Рыспеков. Оның айтуынша, мемлекеттік бағдарламалар жоспарлы межеде орындалған жағдайда алдағы 5 жылда шетелдік туристер ағынын 3 млн адамға, отандық туристерді 8 млн-ға жеткізу жоспарланып отыр.

COVID-19 пандемиясы жаппай тарағаннан кейін шетелде дамалушылардың алдын ала брондалған жолдамаларын кері қайтаруға тура келді. Туризм индустриясы комитетінің төрағасы бүгінгі күні тоқтатылған сапарлардың қаражатын қайтару мәселесі әлі де өзекті екенін айтады.

̶  Шетелдік туристік пакеттерді сатып алған отандық саяхатшылар сапардан бас тартқан жағдайда халықаралық төлем жүйесі болғаннан кейін қаражатты қайтаруға ұзақ уақыт кетеді. Тіпті, ақшаларын қайтарып алмаулары да мүмкін. Екінші мәселе, қаражатты қайтару немесе талап арыз беру бойынша бір мезгілде өтініштер саны көп болған жағдайда, туристік компаниялардың жұмысы тоқтап, банкротқа ұшырауына әкеп соғуы мүмкін, ̶  дейді Д. Рыспеков.

Жиында белгілі болғандай, елімізде туристік аймақтарды қажетті инженерлік, коммуникациялық және көліктік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін жергілікті облыс әкімдіктерімен бірлесіп республикалық бюджеттен жалпы сомасы 51,5 млрд теңгеге 44 жобаны іске асыру көзделмек.

Жыл ортасында Орталық Азиядағы ең үлкен 500 нөмірлі курорттық типтегі қонақ үй кешені пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Онда көлемді бассейндер, заманауи аквапарктер орналасады. Инвестиция көлемі 60 млрд теңгені құрайды.

Сонымен қатар, биылғы жазғы демалыста балалар мен жасөспірімдерге арнап Нұр-сұлтан қаласында Болашақ энергиясы мұражайында, Алматы қаласындағы ұлттық паркте, Түркістан мен Тараздың тарихи-мәдени кешендерінде, сондай-ақ Жидебайда сабақтар өткізу жоспарланып отыр.