Қазақстан • 03 Маусым, 2020

Туризм дамысын десек...

331 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Туризм саласын жолға қоя білген елдердің үлгісінде аталған сектор мен мемлекеттің жұдырықтай жұмылып жұмыс істегенін көруге болады. Ең бастысы туризм саласындағы кәсіпкерлік пен мемлекеттің қолға алған жобалары бірінің жыртығын бірі жамауға дайын. «Хан Тәңірі» халықаралық альпинистік лагерьдің атқарушы директоры Дәурен Уалиев біздегі ішкі туризм саласында мемлекет пен бизнес арасында әлі күнге дейін диалог орнатылмағанын айтады.

Туризм дамысын десек...

̶  Бізде туризм саласы ІЖӨ-нің 8% -ын құрауы тиіс деген меже бар. Оған жету үшін нақты Үкімет тарапынан іс-шаралар жоспары қабылдануы тиіс. Көптеген проблемаларды өзіміз шешеміз, бірақ тек Үкіметтің ғана құзіретіне жататын визалық режим, көші-қон режімі, маркетинг, көршілес елдермен уағдаластық сынды мәселелер бар. Бізде мемлекеттік органдардың бизнеспен жүйелі жұмысы ретке келмеген. Барлық ЖШС мен ЖК дайындаған ұсыныстар жай ғана басып шығарылады да кейін одан стратегия жасап шығарады. Бұл тек жиналған ұсыныстардың жиындығы ғана. Оның ішінде маңыздысы қайсы, нені алып, нені алмау керектігіне мән берілмейді. Түркияда сезон уақыты басталар алдында, сосын аяқталған соң кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар бас қосып, түйіткілді мәселелерді талқылайды. Бұл басқосуда ортақ жүйе қалыптасып, барлық мүмкіндіктер екі тараптан ортаға салынады, ̶  дейді «Хан Тәңірі» халықаралық альпинистік лагерьдің атқарушы директоры.

Мемлекеттің туризмді қолдау шараларының ішінде қоғамдық тамақтану, қонақ үй және туристік қызмет саласының қызметкерлері мүлікке салынатын салықтардан босатылып отыр. Бұған қоса, шағын және орта кәсіпкерлік өкілдері үшін барлық салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер, сондай-ақ әлеуметтік төлемдер бойынша 2020 жылдың 1 маусымына дейін төлеу мерзімін ұзарту ұсынылды. Сонымен қатар, «Бизнестің жол картасы – 2025» және «қарапайым заттардың экономикасы» бағдарламалары бойынша несие алудың пайыздың мөлшерлемесі 6% - ды құрайды. Мемлекеттік бағдарламалар тиімді ұсыныстар ұсынғанымен қазіргі жағдайда туризм саласына банктер тарапынан сенім азайған. SkyWay Travel директоры Әсем Қозбағарова пандемия салдарынан көптеген туристік компаниялардың жаппай жабылып жатқанын, жаңадан кәсіп ашуға ниет білдіргендерге банктер сенім артпайтынын айтады.