Экономика • 20 Сәуір, 2020

Ел экономикасындағы локомотивтің бірі

144 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары Ақтөбе об­лы­сының даму қарқыны тұрақ­ты түрде сақталып, эконо­ми­ка­лық өсім 5 пайыздық көр­сет­кіш­ті құрап келеді. Қандай мә­селенің де артық­шы­лығы мен олқылығы салыс­тырмалы түр­де айқындалады. Осы тұр­ғыдан 5 пайыздық эко­но­ми­ка­лық өсім дегеніміз – респуб­ликалық орташа дең­гейден жо­ғары, ал ел өңірлері ара­сын­да алдыңғы қатарлы көр­­сеткіш. Яғни, облысқа кел­ген сапары кезінде Тұң­ғыш Пре­зи­дент – Елбасы Нұрсұл­тан На­зар­баевтың «Ақтөбе – ел эко­номикасын алға тарта ала­тын локомотивтің бірінің рөлін атқара алады» деген сөзі тектен-тек айтылмағанына көз жеткізе түсеміз.

 

Ел экономикасындағы локомотивтің бірі

Міне, 2020 жылдың алғашқы тоқ­саны да артта қалып, екінші тоқ­санда экономикалық өсім мен тұрақ­тылықты одан әрі сақтау мен жал­ғас­тырудың орнына Covid-19 ін­детімен күрес алға шыққаны мәлім. Жалпы, пандемияға қарсы іс-шаралар Ақтөбе өңірінде наурыз айы­ның алғашқы он күндігінде бас­талып кетті. Соған қарамастан облыс­та 2020 жылдың қаңтар-нау­рыз айларында бұған дейінгі оң көр­сет­кіштер сақталып, тіпті кейбір өлшем­дер бойынша өткен жылдың осы ке­зеңі­мен салыстырғанда алға шығып отыр. Бұған алғашқы тоқсан­ның қорытындысы айғақ. Жалпы, бұл жыл қорытындысын болжайтын айқындаушы кезең екенін ескерсек, аталған аралықта өңірде тұрақ­ты макроэкономикалық жағдай сақталды.

Ақтөбе – өндірістік әлеуеті жо­ғары өңірлердің бірі. Өнеркә­сіп­тік кәсіпорындар мол шоғыр­ланған. Кәсіпорындардың өндіріс­тік қуатын өсіру және қайта жаң­ғырту жұмыстарының ауқымды бағ­дарламасы белгіленген. Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бе­кенов бұл жауапты іс пандемия ін­деті аяқталғаннан кейін қайтадан жал­ғасын табатынын жеткізді.

Алға қойылған мақсат – таяу жылдарда негізінен өндірістік кә­сіп­о­рындардың жеке қаражаты мен мүмкіндіктері есебінен қайта жаңғырту ісіне 500 млрд теңге қарастыру. Бұл – қомақты қаражат. Осы орайда биылғы жылдың І тоқ­санында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 440,5 млрд теңге құрағаны жоғары нәтиже деуге болады. Яғни, аталған дерек 2019 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда облыстың өнер­кәсіптік  12 млрд теңгенің өнімін артығымен өндіргенін көрсетеді.

Екіншіден, өңірде инвестиция­­лық қаражат тарту мәселесі тұрақ­ты жол­ға қойылмаса, әлеумет­тік-экономи­ка­лық даму жөнін­дегі белгіленген жобалар мен бағдарла­малар оң нәтижесін бере қоюы екі­талай. Осы орайда инвестициялық ахуалды жақсарту және облыс экономи­касына тікелей шет елдік инвестиция тарту – жергілікті атқарушы органдардың тікелей міндеті. Бұл ретте облысқа былтыр 800 млрд теңгеге жуық инвести­ция тартылды. Ал биылғы меже қан­дай болмақ? Біз осы сауалды Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Ораза­линге қойған едік.

– Біз өңірдің инвестициялық тар­тым­дылығын барынша тереңдете түсуге ұдайы назар аударып келеміз. Өңірде бірқатар шикізаттық ресурс­тар мен энергетикалық қуат көз­дерінің бағасы көршілес облыстар­мен салыс­тыра қарағанда төмен екені, облыста бұған дейін құрыл­ған индустриялық аймақта жаңа мүм­кіндіктер ашылуы да инвес­тор­лардың қызығушылығын туғызды. Соның нәтижесінде өткен жылы ин­вес­тиция тарту ісінде тәуір нәти­жеге қол жеткізе білдік, деп санаймыз.

– Биыл инвестициялық қаражат тартуда былтырғы биікке жету мүмкіндігі бар ма?

– Бұған кесіп-пішіп біржақты жауап қайтару қиын. Ең басты айтарым, инвестициялық ахуалды жақ­сарту мен тереңдету тұрақты бақы­лауы­мызда бола бермек. Біздің биылғы мақсатымыз – негізгі капиталға 746 млрд теңге көлемінде инвестиция тар­туға қол жеткізу болмақ. 2020 жыл­ға қол қойылған меморандумдар аясы осындай есеп жасауға негіз қалайды.

Өңір басшысы айтқан есеп орындалса, бұл өткен жылғы рекордтық деңгейге жетеқабыл көрсеткіш болары анық. Ал әлем елдеріне пан­демия салдарынан туындаған эконо­микалық дағдарыс бұрын-соңды болып көрмеген орасан зор шығын келтіргенін ескерсек, белгіленген межені қанағат тұтуға болады. Өңірде алғашқы тоқсанда тартылған инвестиция көлемі – 100 млрд теңгеге жуық. Бұл іске қамшы басатын кез әлі алда.

Өңірдің әлеуметтік-экономи­калық дамуы жөнінде әңгіме қозғаған кезде тұрғын үй құрылысының орны бөлек. Осы орайда биыл алғашқы үш айда 156,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Былтыр 1 млн шаршы метр тұр­ғын үй тұрғызған өңірдегі құрылыс ұйымдарының қарқыны биыл қан­дай болмақ? Өңірде осы кезге дейін жасалған талдаулар табиғи демографиялық өсімнің жоғарылап келе жатқанын көрсетеді. Сонымен бірге тұрғындардың ішкі көші-қон үдерістері жоғары деңгейге көтерілген. Аталған факторлар қазір­гі кезде тұрғын үйге деген жоғары сұранысты туғызуда.

Сондықтан биыл да сол деңгейден төмен түспеу мүмкіндіктері қарас­тырылған, соның ішінде тұрғын­дардың әлеуметтік топтарын тұрғын үймен қамтуға басымдық беру бағыттары белгіленді. Ақтөбе – жыл сайын өсіп-өркендеп, тұрғындар саны ұдайы өсіп келе жатқан қала. Осы факторлар мұнда тұрғын үй құрылысы қарқынды жүрсе де оған ие болу және сатып алу кезегінде тұрғындардың жаңа толқыны пайда болуына әсер етуде. Қазір олардың саны 30 мың адамнан асып отыр. Бұған қоса облыс орталығының іргесі мен маңайында тұратын 150 мыңдай азамат жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жер телімін алуға өтініш берді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2002 жылдың 27 қаңтары күні өт­кізген Үкіметтің кеңейтілген оты­ры­сында алдағы уақытта тұрғын үй салу мәселесі Үкімет пен жергі­лік­ті атқарушы органдардың басым бағыты болуы тиіс екенін атап көр­сеткені мәлім. Сондықтан өңір­дегі құ­­рылыс жұмыстары карантин ре­жі­мі жағдайында да барлық сақ­тан­­дыру мен қауіпсіздік шараларын мұ­қият сақтай отырып, жалғасып келеді.

 

АҚТӨБЕ