Қоғам • 11 Маусым, 2020

Жұмылған істің жүгі жеңіл

178 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сырдың бойы – табиғаты қатал, тал-дарақтың өзі қиындықпен шығатын өңір. Бірақ еңбектенсең бізде де жасыл бақ жасауға болады. Біз соған бастамашы болдық, тұрғындардың ынта-ықыласын ояттық. Осы көктемде отбасының әр мүшесі үшін «Үш тал» акциясын бастадық. Әлеуметтік желі арқылы таралған бұл акцияға алыс аудан тұрғындары да үн қосты.

Жұмылған істің жүгі жеңіл

Бұрынғымен салыстырғанда елімізде қазір бұл бағытта біраз бастама бар. Мәселеге Мемлекет басшысы айрықша мән беріп, браконьерлікпен және орманды заңсыз отаумен күрес жүргізуді бақылау күшейе түсті.

Облыс әкімдігінің бастама­сы­мен Арал теңізі акватория­сын­да­ғы  Жалаңаш көлін суға толтыру мәселесінің қарастырылуын біз­дің өңірдегі үлкен істің біріне жат­қызар едім. Оны тіпті өз қар­жы­сы­на жасауға ниетті жергілікті кәсіп­керлер де бар.  Бұл жоба іске асса, бірін­шіден толып кетуіне бай­ла­ныс­ты қауіп төніп тұрған Көкарал бөгетіне қысым азаяды, екін­шіден ұлы теңіз ұлтанына кетіп жатқан теңіз суы үлкен ойпатқа толады.

Көгалдандыру, қоршаған ортаны қорғау, табиғатты ластамау­ мем­лекеттің ғана міндеті емес екенін естен шығармаған жөн. Бұл әрқайсымыздың ауламыздан, көшемізден басталуы керек. Осы бағыттағы нақты іс пен насихаттан кейін көгалдандыруға мән бере бастағандар қатары кө­бейгені қуантады. Ауласын, ауы­лын көркейтіп жатқан тұрғын­дар­дан үлгі алып жатқандар да аз емес. 

Биылғы тағы бір жаңалық – об­лыс­ орталығында арық жү­йе­сін жа­ңартып, парктер мен ал­лея­ларға, кө­шелерге аяқ су жет­­кізу қол­ға алынды. Табиғат жан­ашыр­­ларының үмітін оят­қан осы бастаманың аяқсыз қал­май­ты­нына сенеміз. Басқа аудандар да осы үлгіні үрдіске айналдырса деген тілегіміз де жоқ емес.

Қазір Қызылорда бұрынғыдан көп өзгерді. Көше тазалығына мән беріліп, ұдайы назарда болып келеді. Енді сол тазалықтың сақ­талуы тұрғындардың жауапкер­шілігіне тікелей байланысты.   

Жұртты табиғатқа жанашыр­лық танытуға баулу үшін көп қар­жы қажет емес, тек ниет болса болды. Мысалы, азамат­­тар­дың қолдауымен екі көше­нің тұрғын­дарын осы іске жұмыл­дыр­­дық. Осы күні алғашқы кө­ше­дегі арық тазаланып, аяқ су беріл­ді. Кәсіпкерлер де үлкен іске үлес қосып, Н.Назарбаев даң­ғы­лы бойындағы мешіт ауласы­на су құбырын жүргізуге көмек берді. Қазір ол аумақ сая­лы аллея­ға айналды. Осының бәрі – көп­тің жұмылуымен біткен жұ­мыс. Таби­ғат­қа жанашыр жан­дар­дың қоз­ғалысы бастал­ды, оның нәтижесі де көп күттірмейтіні анық.

 

Болат НҰРХОЖАЕВ,

өңірлік эко-амбассадор

 

Қызылорда облысы