Руханият • 23 Маусым, 2020

Авторды мойындамау немесе постмодернизмге жол ашқан бағыттар

1008 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Әлем әдебиеттануында герменевтика, семиотика, структурализм, модернизм, постмодернизм сияқты бағыттар кең өріс алып, бұл ғылымның зерттеу нысанына айналғаны белгілі. Енді көркем шығармаларды бұрынғыдай тақырып, идея, жағымды, жағымсыз кейіпкерлер арқылы талдау «қызық емес». Жаңаша ой-пайымдардың, анализдердің салмағы басым түсіп жатыр. Осы жазбада постструктурализм, постмодернизм тудырған ұғымдар, сондай-ақ постмодернизмге жол ашқан бағыттар туралы біршама ой қозғасақ дейміз. Оның ішінде структурализм мен постструктурализмнің орны ерекше.

Авторды мойындамау немесе постмодернизмге жол ашқан бағыттар

Структурализмнің әдістемелік ұста­нымдары Ф.Соссюрдің құрылымдық лингвистикасы мен орыстың формалистік мектебіне негізделеді. Тұрпайы социологизм тұсындағы көркем шығармаларды негізгі идея мен кейіпкерлер образы тұрғысынан қарастыру басымдығын мәтінді жаңаша тану, оның күрделі мағыналық қабаттарын аналитикалық талдау ауыстырды. Структурализм (латынша structura – құрылым, байланыс, рет) алғаш 1940-1950 жылда­ры француз мәдениеттанушысы К.Леви-Строс еңбектерінде пайда болды. Оның «Құрылымдық антропология» ат­ты еңбегі америка үндістерінің тек-нәсілдерін, ондағы бертінге дейін тамыр тартқан отбасылық үлгінің бастауларын зерттеуге арналады. Бұл бағыттың өкілдері ретінде Клод Леви Стросс, Жак Лакан, Мишель Фуко, Роллан Барт сынды философтарды айтамыз. Сонымен қатар структурализм – ғылыми және философиялық идеялардың жиынтығы, түр­лі ғылым салаларындағы қолданылып жүрген зерттеу әдісі.

Әдебиеттегі структурализмнің нақ­ты мақсаты – мәтінге басты назар аудару, оның туу механизмін табу. Жалпы, бұл бағыт элементтердің өзінен гөрі шығар­ма құрылымындағы элементтер ара­сындағы қатынасқа көбірек кө­ңіл бөледі. Онда кез келген зерттеп отыр­ған құбылыстарды өзгерткенде, құры­лымның сақталатынын мойындау жатыр. «Құрылымдар адамның саналы және санадан тыс іс-әрекетінің нәтижесі, олар­ды зерттеуші ашуы керек, ал мәдени құбылыстардың ар жағында жатқан құрылымдар тіл, сөз болып көрініс береді», дейді Мишель Фуко.

Постструктурализмге келетін бол­сақ, ол өткен ғасырдың 70-80-жылда­рында қалыптасқан плюралистік ба­ғыт. Структурализмдегі бинарлық (екі бөлім­нен, екі компонентен тұру) және иерархиялық түсініктерді постструк­турализмде ешқандай бірлікке негіздел­меген көптік ұғымдар алмастырды. Ол Ж.Делез бен Ф. Гваттридің «Кафке»­ (1974) еңбегіндегі «ризома» тер­ми­ні­нен анық көрінеді. Тамырлық жүйедегі көп­теген «түйіндерді» «ризома» деп ұсын­ған. Олардың ойынша «ризома» нақты­лықты бейнелеуде құрылым ұғы­мынан гөрі қолайлы. Ғалым К.Жан­ұзақова «Структуралистік мектеп ерекше­лік­тері» еңбегінде дәстүрлі таным тео­рия­­сындағы негізгі метафора «ағаш» еке­ніне, ал «ризома» орталық тамыры жоқ, өте күрделі, өзара байланыстағы бұтақтар мен балауса бұтақшаларға тамыр қызметін атқара беретініне тоқ­талады. Бұл секілді әлем көрінісінде «орталық» және «шеткі аймақ» (периферия) өзінің мәнін жояды.

Постструктурализмде философия ен­ді ешбір онтологиялық, гносеология­лық мәселелерді шешпейді, мұнда адамның өмір сүруінің мәні туралы сұрақтар қойылмайды. Философия – интерпретация (талдап түсіндіру) формасы, ақыл-ой – мәдениеттің әртүрлі салалары арасындағы интерпретациялық делдал. Постструктурализмнің негізгі ерекшелігі – децентрация, деконструкция, мәдениет тілін дискурсивтік талдауды мәдениет кеңістігінде мәтін мен мәнмәтіннен тұратын таңба жүйесі ретінде түсіндіру. Ж.Деррида «ешнәрсе мәтіннен тыс өмір сүрмейді» деді. Ж.Деррида орталықтандыруды сынап, мәтін мен жазуды қызмет ретінде түсіндірді. М. Фуко «Сөздер мен заттар» еңбегінде постструктурализм мә­се­­­лелерін зерттеді. Еуропалық таным тео­­риясы бойынша ол үш таным өрісін көр­сетеді: қайта өрлеу, классикалық рацио­нализм, қазіргі заман. Егер қайта өрлеуде тіл заттар ішіндегі зат болса, клас­сикалық рационализмде (модернизм) тіл ойды жеткізетін құрал, қазіргі заман­дағы таным өрісінде тіл – дербес күш.

Өнертануда, әдебиеттануда баяғы­дан қалыптасқан түсінік бойынша автор дегеніміз – өнер туындысын жа­сау­шы, қаламгер, өз шығармасы ар­қы­лы өзінің дара, көркемдік таны­мын әйгілейтін шығармашылық тұл­ға. Автор санаты шығармашылық қабі­лет, шығармашылық даралық, дара дүние­таным, этикалық, эстетикалық принцип, өмір тәжірибесі секілді ұғымдар ауқы­мында талданады делінеді автор ұғымына түсінік берілгенде. Ал XIX ғасырда француз ақыны Стефан Малларме «жазу деген жеке тұлға ретін­дегі даралыққа қатысы жоқ әрекет» деп айтып, шығармашылық процестегі жеке «менді», автордың дербес тұлға екенін мойындамайтын, терістейтін идеялардың тууына алып келді. Оның ішінде біз сөз етіп отырған постструктурализм, постмодернизм мектептеріндегі негізгі принциптердің бірі – осы авторды мойындамау. Олар – скриптор, интермәтінділік, нарратор, бенефициар, т.б ұғымдарды ұсынады.

Әдебиетке «скриптор» деген түсінікті енгізген атақты теорияшы Роллан Барт. «Постмодернизм» шығармасында ол «автор «өледі» де, скриптор ғана қала­ды» деп түсіндіреді. Осы жерде айта кетер мәселе, постструктурализм постмодернизмді тудырған ағым. Сон­дықтан постструктурализмге тән ұғымдар постмодернизмде де қолданыла береді. Мысалы, скриптор, нарратор, интер­мәтінділік постмодернизмге де, пост­структурализмге де қатысты баян­далады. Біз айтып отырған әлгі скрип­тордың бойында сезім де, әсер де, көңіл де болмайды, онда тек сөздік болады. Сол бойынша қалағанынша мәтін құрастырады.

Постмодернизмде қолданылатын не­гізгі ұғымдардың бірі – интермәтін. Интермәтін дегеніміз – мәтінге басқа шығармалардан цитаталар мен фрагменттер енгізу. Мұның бірден ойға түсер мысалы жазушы Жак Ривэнің 1979 жылы шыққан «А.-дан келген бикеш» роман-цитатасы. Осы интермәтінде (роман) 408 автордың шығармасынан 750 цитата алынған. Сондай-ақ «жаңа романшылардың» бірі М. Бютор 1969 жылы «Арк» журналына сұхбат беріп, мәдени кеңістікте адам жай ғана элемент болғаны үшін дара шығармалардың болмайтынын, «ұжымдық шығармалар» ғана бар екенін айтып, жазушылар қауымын ойлантып тастайды. Жалпы айт­қанда, интермәтінділік ұғымын әде­биетке постструктурализм теоретигі Ю.Кристева 1967 жылы енгізді.

Постструктурализмдегі маңызды ұғым­ның бірі – нарратор. Әйтсе де нар­раторға осы күнге дейін нақты сипаттама берілмейді. Баяншы, әңгімеші, тарихты мазмұндау қызметтері нарротор­лықпен байланысты айтылады. Сонда нарратор автор не скриптор деген сияқты шығарма жасаушы адам емес. Ол – тек қызмет. «Тер­мин «нарративный», противопоставляемый термину «дескриптивный», или «описательный», указывает не на присутствие опосредующей инстанции изложения, а на определенную структуру излагаемого материала». (Шмид. В «Нарратология). Бұл орайда Шмид автор мен нарраторды бір-біріне қарама-қарсы қоя отырып, авторды оқиғадан тысқары адам ретінде көрсетеді. Ал нарратор көркем туындының бөлшегі, онсыз баяндаудың болуы мүмкін емес.

Қорыта келгенде айтарымыз, структурализм де, постструктурализм де –Ба­тыста кеңінен өріс тапқан ағымдар. Ба­тыста индустриалдық қоғамнан пост­индустриалдық қоғамға өту барысында пайда болды. Ақыл-ой танымын емес, сезімдік танымды ұстану барысында, сондай-ақ мәселеге тек бір қырынан емес, жан-жақты келу барысында осы ағым­дар дүниеге келіп, қаламгерлер тара­пынан да, зерттеушілер тарапынан да көптеген еңбек жарыққа шықты. Тіпті көрші Ресейде де осы ағымдардың өз теоретиктері бар. Ал біздің елімізде ақын-жазушылар шығармаларында көрі­ніс­тері бар болғанымен, оны осы әдістер бойын­ша зерттеу жеткіліксіз деп айтуға болады.

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда қанша ер мұғалім бар?

Қазақстан • Бүгін, 10:10

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024