Қоғам • 25 Маусым, 2020

Кедергісіз келешек мүмкіндігі шектеулі жандарға еркіндік пен жылу сыйлайды

512 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Иә, мүмкіндігі шектеулі жандар бір қоғамда өмір сүреді. Бірақ оларды сирек көреміз. Өз бетімен аяқкиімінің бауын байлап, тамақ іше алмай, заттарын қол созып ала алмайды, көшеге шыға алмайды. Олардың да өзгелер секілді өмір сүруі, жұмыс істеуі қаншалықты қиын екені айтпаса да түсінікті.

Кедергісіз келешек мүмкіндігі шектеулі жандарға еркіндік пен жылу сыйлайды

Бірақ олар жалғыз емес. Қазір біздің қоғам да өркениетті көз­қарасқа бейімделіп келеді. Мүм­кіндігі шектеулі жандарға, әсіресе балаларға кедергісіз бола­шақ сый­лап, жан жылуын беруге ниет­ті. Мысалы, қазір облыс­тық әкімдіктің тапсырмасымен об­лыс орталығында тұратын мүм­кін­дігі шектеулі балаларға ар­налған әткеншек­тер орнатыла бас­тады. Қала­лық тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық бөлі­мінің бас маманы Бағдат Жан­ғұлованың айтуынша, жалпы 100 ауладағы балалар алаңдарын ауыс­тырып, мүмкіндігі шектеулі бала­лар үшін де жөндеп, жаңар­ту, қайта қалпына келтіру жұ­мыс­тары арнайы бағдарлама аясын­да іске асуда. Ал алаңдарға қиыр­­шық тас, асфальт және жұм­сақ жабындар төселеді. Бала­лар ала­ңы қоршалады, қоқыс жәшігі, орын­дықтар орнатылуда. Жаңа алаң­дар ойын кешенінен, тербеліс-тең­гергіштен, әткеншек-ұялар­дан тұра­ды. Мұндай әткен­шек­тер мүм­кіндігі шектеулі бал­аларға ар­нал­ған. Қазір бұл әткен­шектер аула­­ларда сұра­нысқа ие, сон­дық­тан осындай шағын түр­де ор­на­ты­л­ады. Әткеншектер отыру мүм­кіндігі шектеулі балаға да, ата-анасы үшін тербеуге де ыңғайлы.

1

Кедергісіз келешек сыйлау жо­­­басы жалғасуда. Об­лыс ор­та­лы­­­ғын­дағы аутизмге шал­­дық­қан ба­лаларға арнал­ған оңал­ту ор­т­а­лығында балалар ор­та­ға бе­­йім­­делуге және өздігінен оқып-үй­ре­нуге көмектесетін түрлі қыз­мет­тер көрсетіледі. Екін­шіден, бір жыл аралығында орта­лықта 300-ге жуық мүм­кіндігі шектеулі ба­­л­а­ларды қабыл­дауға мүмкіндік бар.

– Біздің балалармен жұмыс істеу­де үлкен тәжірибеміз бар, – дейді тірек-қимыл аппара­ты бұзылған балаларды оңалту бо­­йынша қызмет көрсету орта­лығы­­ның директоры Рауза Қадыр­­бекова. – Кейбір балалар бізде 4 сағатқа дейін, кейбір бала­лар 10 сағатқа дейін, ал облыс­тың басқа қалалары мен аудан­дары­нан келген балалар тәулік бойы болады.

Әлбетте, мүмкіндігі шектеулі ба­лаларға кедергісіз орта, кедер­гі­сіз болашақ құру – міндет. Мүм­­­кіндігі шектеулі балалары бар отбасыларына арнайы құ­рыл­ғы­ларды өздігінен сатып алу өте қиын. Өйткені бір арқалығы бар арба – 200 мың теңге, бекіткіші бар жүріс арбасы – 80 мың теңге, ал, кейбірінің бағасы 400 мың теңге тұрады. Мүгедектік белгі­лен­геннен соң көрсеткіштер бо­йынша оңалтудың жеке бағ­дар­ла­масы әзірленеді. Көз, құлақ нашар көріп, дұрыс ести алмаса сур­дотехникалық құралдар дайын­далады. Оңалту құралдары бөлінген бюджетке байланысты алынады. Бюджеттен түскен қар­жы курорттық сауықтыруға, протездік-ортопедиялық қыз­мет­тер­ге есептеледі.

– Ұлым Бауыржан сал ауруы­мен ауырады. Өзі отыра алма­ғандықтан арқалығы бар арба қажет болды. Әкімдікке өтініш жазып, кезекке тұрдық. Балама арбадағы өмір қуанышын жет­кіз­ген демеушілерге рахмет. Бізге арнайы «umbrella» арбасын сыйлады. Жан жылуы азаймасын, – дейді Гүлнұр Нұрхаева.

Ал Ақсу қаласындағы мүгедек балаларға арналған «Ортопрот» сауықтыру орталығы мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында іске қосылған. Орталық қыз­меткерлерінің айтуынша, бала­лардың моральдық-пси­хо­ло­гиялық және меди­ци­на­лық сауықтырылуы үшін барлық жағдай жасалған.

– Екі жыл ішінде тірек-қоз­ға­лыс аппаратының ақауы бар 15 баланы аяққа тұрғыздық, – дейді орталық директоры Айгүл Қамиева. Орталық ортопедиялық бұйымдар жасаумен де айналысады. Оның қатарында құны 25 мың теңгені құрайтын ортопедиялық аяқ киімдер де бар. Орталық жыл сайын 1000 жұп аяқ киім жасап шығарады. Орталық қызметкерлері секілді мүмкіндігі шектеулі балаларға, басқа да жандарға кедергісіз болашақ сыйлау – мүмкіндігін­ше жылы сөз айту, жолдан өткізіп жіберу, туған күндері мен мерекелерде сыйлық беру, тағы басқа да ілтипат білдіру бәріміздің қо­лы­мыздан келеді. Мысалы, 2018 жылы өңірде «ТОМ Kazakhstan» Мейкатон» іс-ша­ра­сы өкізілді. Құрамында сту­­денттер, оқытушылар, дәрі­гер­лер, инженерлер, роботтехниктер, ІТ мамандары бар, елі­міз­дің әр өңірінен келген 50 өнертапқыштан құралған 10 команда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған құрылғылар жасады. Командалар сурдо-ақпаратты дауыстап жеткізе алатын «Ақылды қолғап», «Көзі көрмейтін және көру қабілеті нашар адамдарға арналған белбеу-навигатор», «Тірек-қоз­ға­лыс аппараты бұзылған адам­дардың аяқ бұлшық еттерін жат­тықтыруға арналған емдік тре­нажер» және басқа да құрал­да­рын ұсынған-ды. Алматы агротехникалық университетінің сту­дент инженерлері сал ауруына шалдыққан балалар ғана емес, ере­сектер үшін көшеде жүруге ыңғайлы үш аяқты велосипед жасаған еді. Әрине мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған құ­рылғылар әлемдік нарықта өте қымбат екені белгілі. Ал «ТОМ Kazakhstan» Мейкатон» ма­рафонында көшірме ретінде көрсетілген құрал-жабдықтарды жасауға демеушілер табылып, іске асып жатса, мүмкіндігі шек­теу­лі жандарға қолжетімді әрі отандық сапалы құрал болар еді.

Жалпы, облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеу­меттік бағдарламалар бас­қар­ма­сы­ның мәліметінше, Павлодар өңі­рінде 2635 мүмкіндігі шек­теу­лі бала тұрады.

– Сондықтан қазіргідей карантин шектеулері, індет тараған кезде мүмкіндігі шектеулі балалар өсіріп отырған отбасылардың әрқайсысына 20 АЕК көлемінде бірдей қаржылай көмек көрсетуді ұйғардық. Көмек көлемі 55 мың теңгені құрайтын бір реттік бір­ың­ғай төлем жүйесі дұрыс болар деп ойлаймыз, – деді облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов онлайн түрінде өткен жиын барысында.

Сонымен бірге мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған 26 ананың өтінішіне орай, тегін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етіледі. Жергілікті оңалту бағдарламалары бо­йын­ша берілген көзі көрмейтін мүгедек балалар алдындағы қа­рыз­­дар да жабылатын болады. Көру қабілеті нашар 290 балаға оқу машиналары мен арнайы ноутбуктер беріледі. Облыстық мәслихатта бюджет нақтыланып, депутаттар халықтың әлеу­мет­тік қажеттіліктерін қаржы­лан­ды­руды қайта бөлуді қолдады. Өңірдегі 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға әлеуметтік көмектің бірыңғай мөлшері де белгіленді. Жуырда облыс орталығындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Еркебұлан Елжан әлем­дік дәрежедегі Apple ком­па­ниясының «Swift Student Chal­lenge» атты байқауына қа­тысып, жеңімпаз атанды. Қуа­ныш­ты хабар оқушының элек­тронды поштасына келіп түс­кен. Компания жариялаған бай­қауға дарынды өрен аутизммен ауыратын балаларға ар­нал­ған мобильді қосымшасын ұсын­ған екен.

– Мен аутизммен ауыратын балаларға арналған құрылғы жасап шығардым. Бұл жоба арқылы балалардың көңіл күй, эмоциясын анықтау оңай. Интерфейс балаларға ыңғайлы етіп жасалды. Тағы бір ерекшелігі, 2019 жылғы презентациядағы озық технологиялар осы қосымша­да қолданылды, – дейді Ерке­бұлан. Жеңімпазға компанияның экс­клю­зивті күртешесі сыйға тар­­­т­ылып, сондай-ақ Apple DeveloperProgram бағдарламасы бо­­йынша бір жыл көлемінде бар­­лық құрылғыларды тегін пай­далануға және жыл сайын WWDC конференциясына қа­ты­су­ға мүмкіндік алды.

 

Павлодар облысы