Медицина • 08 Шілде, 2020

Таир Нұрпейісов: Аллергиясы барларға қамқорлық пандемия кезінде де жалғасады

311 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік аллергологиялық ұйымы (WAO) жыл сайын дәстүрлі түрде 8 шілдеде атап өтілетін Дүниежүзілік аллергия күні аясында түрлі өзекті тақырыптарды ұсынады.  Биылғы атаулы күн "Аллергиямен ауыратындарға қамқорлық жасау COVID-19 кезінде де тоқтатылмайды" ұранымен өткізіледі, деп хабарлайды Egemen.kz.

Таир Нұрпейісов: Аллергиясы барларға қамқорлық пандемия кезінде де жалғасады

Осы бастаманы Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Республикалық аллергологиялық орталығы да қолдап отыр.

Қазақстан шілде айында коронавирус инфекциясы індетінің қайталануын басынан өткізуде, бұл көбіне аллергиялық аурулардың басты қоздырғышы болып табылатын арам шөптердің гүлдене бастауымен сәйкес келіп отыр.

Аллергиялық ринит, бронх демікпесі, есекжем – жаз мезгіліндегі тозаңдық аллергияның әдеттегі клиникалық көрінісі. Аллергия симптомдарының көбі ЖРВИ немесе пневмонияға ұқсас. Аллергиямен ауыратындарға дәрілік заттарды қабылдау кезінде қосымша қауіптер бар, ал демікпесі барлардың КВИ кезінде дерті тез асқынады. Осы және басқа тақырыптар бойынша Республикалық аллергология орталығының аллерголог дәрігерлері пациенттерге қашықтықтан немесе консультация беру кезінде жеке түсінік бере алады.

Орталықтың басшысы, медицина ғылымының докторы, профессор Таир Нұрпейісовтың айтуынша, Республикалық аллергологиялық орталық биылғы барлық қиындықтарға қарамастан, еліміздің барлық өңірлерінің халқына консультациялық-диагностикалық қызмет көрсетуде өз жұмысын тоқтатқан жоқ.

- Біз пациенттердің қауіпсіздігі үшін барлық қажетті технологияларды меңгердік және оны тәжірибемізге енгіздік. Ересектерге де, балаларға да консультацияны міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде тегін алуға болады, – деді Таир Темірланұлы.

        Ал енді өзіміздің тәжірибемізден аллергияға шалдыққандар үшін мынадай бірнеше қажетті кеңес береміз:

– Антибиотиктер әлі күнге дейін аллергиялық реакцияларды тудырушы ретінде басқа дәрілердің арасында бірінші кезекте тұр! Профилактикалық мақсатта антибиотиктерді қабылдамаңыздар! Дәріге деген аллергиялық реакция сіздің өміріңіз бен денсаулығыңызға қауіп төндіреді.

– Аллергиялық ауруларды емдеу КВИ қаупінен тоқтатылмауы тиіс. Аллерголог дәрігердің тағайындамаларын орындаңыз, негізгі препараттарды қабылдаңыз!

– Аллергиялық аурулардың қатты асқынуын күтпей-ақ, аллергологтан алдын ала кеңес алыңыз.

– Егер сіз аллергияға шалдығып, басқа препараттарды шұғыл қабылдауға мұқтаж болсаңыз, бұл ретте олардың қауіпсіздігіне сенімді болмасаңыз – оларды қабылдауды заманауи антигистаминді заттар (мысалы, левоцетиризин) көрінісінде бастаңыз. Олар шоктың даму қаупі мен басқа аллергиялық асқынулардың қаупін азайтады.

– Егер сіз аллергияға шалдықсаңыз – биологиялық белсенді қоспалар, поливитаминдер және өсімдіктен жасалған препараттардан бас тартыңыз – олардың пайдасы бар да шығар, алайда қаупінің болатындығы мейлінше нақты.

– "Табиғатта", ауылшаруашылық жұмыстарында, өсімдік, жәндіктермен тығыз байланыста болуды шектеңіз.

– Өзіңізді хлордан және қоғамдық орындарда себілетін басқа антисептиктерден қашықтықта ұстаңыз, олар денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін, үйде химияны пайдалануды шектеңіз.

– Диета ұстаңыз.

– Дүрбелеңге жол бермеңіз, аллергияны тоқтатуға арналған заттар қолжетімді және олар сатылымда бар!

– Ғаламтордағы "сарапшылардың" "пайдалы" кеңесін тыңдамаңыз. Ақпаратты мамандардан тексеріңіз.

Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Республикалық аллергология орталығы телефон, E-mail, белгілі мессенджерлер және әлеуметтік желілер арқылы көмек көрсетуге дайын.