Қиырына көз түгілі сөз жетпес мұхиттай шалқыған айдын шалқар, түбіне әркім бойлай алмас терең ойдың иесі, ұлы ойшыл, гуманист-ақын, сыршыл композитор, ел қамын жеген қазақтың біртуар перзенті хакім Абайдың ЮНЕСКО деңгейінде атап өтілетін 175 жылдығы бүгінде бүкіл әлемді елеңдетуде. Оның өлеңдері мен қарасөздері жер-жаһанның ондаған тілдеріне аударылып, таралуы адамзат баласының Абай ойларына деген қызығушылығын арттыра түсуде. Тұңғыш Президентіміз – Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың: «Абай қазақ халқының рухани қазынасына өлшеусіз үлес қосқан ғұлама ғана емес, сонымен қатар ол қазақ халқының ел болу жолында ұлан-ғайыр еңбек еткен қайраткер. Абай – әлемдік деңгейдегі ойшылдардың қатарындағы ғажайып тұлға», деуі бекер емес. Абай ойлары Конфуций және басқа да әлемдік даналардың ой-тұжырымдарынан бір мысқал да кем емес. Кейде оның көбінен асып түсетіні де байқалады. Бірақ Абай мұраларының аудармалары дәл түпнұсқадағыдай шықпауы хакім ойларының көмескіленіп қалуына себеп болуда. Теңіз түбіндегі інжу-маржанды жарқыратып аршып ала алмаса оның қасиеті бола ма? Абай мұралары да дәл солай табиғи қалпын бұзбай аршып алуды қажет ететін асыл қазына. Айталық, кеңестік дәуірде Абай өлеңдері мен қара сөздері орысшаға сан мәрте аударылса да, соның бірде-біреуі хакімнің терең ойларын толық ашып бере алмағандықтан, бұл дүниелер орыс тілінде халықтың игілігіне айнала алмады. Тәуелсіздік жылдарында орыс тілінде жазатын қазақ ақыны Бақыт Қайырбеков Абай мұраларын түпнұсқаға жақындатып аударып, Мәскеуден шығарып еді, мәскеулік жастар ду ете қалды. «Чистопрудный бульвары» алаңындағы Абай ескерткіші алдына жиналған олар Абай өлеңдерін кезек-кезек дауыстап оқып құрмет көрсетумен бірге: «Біздің заманның келбетін қазақтың Абайы бір ғасырдан астам уақыт бұрын айтып кеткен екен, енді билік ойлануы керек», деп билікке деген өкпелерін де айтып өткен. Міне, «жүректен шыққан сөздердің жүректерге жеткені» осы. Олай болса, Абай шығармалары қай тілге аударылса да оның мән-маңызы, көркемдігі жоғалмаса екен дейміз. Себебі Абайдың тек қазаққа қана емес, күллі адамзат баласына арнаған жүрек үні төрткүл дүниенің төрт шетін түгел оятып, әрбір ойлы адамның санасына қозғау салатыны сөзсіз.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев өзінің «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» деген мақаласында: «Шынында да дана ақын шығармалары тек қазақтың ғана емес, бүкіл адамзат баласының рухани өмірін жан-жақты байыта алады. Өйткені Абай туындыларының мазмұны жалпыадамзаттық құндылықтарға толы. Оның қара сөздері – әлем халықтарының ортақ қазынасы. Бұл – классикалық үлгідегі өнегелі ойлар», деген сөзі көп жайды аңғартады. Десек те данышпан Абай ең алдымен, өз халқының қамын жеген ұлт перзенті болды. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың» деп тебіренген Абай білімнен, мәдениеттен жырақ, мал соңында көшіп-қонып жүрген қазақтың өркениетті елдер қатарына қосылуын армандады. «Ғылым таппай мақтанба» деген өлеңінде жастарға дүниенің тұтқасы білім мен ғылымда екенін түсіндіріп, оларды оқу оқып, білім алуға шақырды. Ол «Толық адам» ілімі арқылы жас ұрпақты әрі білімді, әрі өнерлі, адамгершілігі жоғары, ақыл-парасаты биік, жан-жақты дамып-жетілген азамат етіп қалыптастыруды мақсат тұтты.
Жалпы, Абай туралы айтылар сөз өте көп. Тіпті оның бір ғана терең ойы туралы тұтастай монография жазып шығуға болады. Сондықтан біз бұл жерде сөзді көбейтпей, әлемге Абайымызбен мақтанатынымызды, оған деген құрметіміз бен сүйіспеншілігімізді білдіріп өтуді жөн көрдік.
Абайтанудың жаңа кезеңі біздің университетте еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде басталды. 2008 жылы мұнда белгілі абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметов басқаратын «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығы ашылып, кейін ол «Хакім Абай» орталығына айналды. Бұл жерде көптеген зерттеулер жүргізіліп, бірнеше монографиялар, жүздеген мақалалар, студенттерге арналған «Абайтану» оқулықтары дүниеге келді. Осы орталықтың бастамасымен Жапонияда Абай өлеңдерін дыбыстап оқитын «сөйлейтін кітап» жарық көрді.
Хакім Абайдың «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деген адамгершілік қағидасы әрқашан ізгілікке бағыт-бағдар сілтейді. Осындағы «ыстық қайрат» – адамды білімге, ғылымға, еңбекке, алдағы мақсат-мұраттарына ұмтылдыратын ерік-жігері мен құлшынысы болса, «нұрлы ақыл» – оның ақыл-парасаты, кісілігі, ал «жылы жүрек» адамның айналасына жарық шашып, жылу беретін мейірімділігі. Әлемді қатыгездіктен құтқаратын да осы мейірімділік емес пе? Абай өсиеті бойынша «Толық адамды» тәрбиелеп, тұлға қалыптастыруда біз осы үш принципті, яғни студент-жастарды жігерлілікке, ақыл-парасатқа, адамгершілік асыл қасиеттерге және мейірімділікке, қайырымдылыққа, ізгілікке тәрбиелеуге баса назар аударып отырмыз.
Университетте профессор-дизайнер Аманжол Найманбайдың безендіруімен «Абайтану» музей-кабинеті ашылды. Бұл музей-кабинет бүгінгі күні бүкіл Алматы қаласы оқу орындары студенттері және мектеп оқушыларының тәлім алатын музейіне айналды. Біздің университетте Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен студенттердің Республикалық «Абай әлемі» фестивалі өткізіліп келеді.
Биылғы Абайдың 175 жылдығына байланысты университет абайтанушылары дайындаған бірнеше жаңалығы мол ғылыми-көпшілік, танымдық кітаптарды шығаруды жоспарлап отырмыз. «Хакім Абай» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Ж.Шойынбет, бас ғылыми қызметкерлері М.Мырзахметұлы, М.Бекбосыновтар Абайдың 175 жылдығына байланысты Өскемен, Семей, Ақтөбе, Шымкент, Түркістан, Ақтау, Талдықорған т.б. қалалардағы жоғары оқу орындары мен орталық кітапханаларымен бірге онлайн-семинарлар өткізді. Сөзімізді академик-жазушы Мұхтар Әуезовтің: «...Абайдай дана, даңғыл ақын тарихтағы өз мүшелін елу жылдан, жүз жылдан қайырмақ. Алтайдан Алатауға аттап түсерлік ертегі тұлпарындай боп сайлардан, сахаралардан ғана аттап өтпей, замандардың да талайынан аспандап асып өте бермек», деген аталы сөзімен аяқтамақшымыз. Ең бастысы мемлекеттік деңгейде жыл сайын атап өтілетін Абай күні мерекеміз құтты болсын.
Такир БАЛЫҚБАЕВ,
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор