Аймақтар • 14 Тамыз, 2020

Ауладағы «Ашық кітапхана»

385 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елімізде жарияланған карантин жағдайына байланысты С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық кітапханасы «Ашық кітапхана» жобасын қолға алды. Бұдан былай оқырман ауладағы «Ашық кітапханаға» келіп кітап оқуына, тегін кітап алуына болады.

Ауладағы «Ашық кітапхана»

Облыстық кітапхана басшысының орынбасары Баршагүл Байжанованың айтуынша, жаңа жоба кітапхананың ашылуын асыға күтіп жүрген оқыр­мандарға таптырмас мүмкіндік беруде.

– Біздің тұрақты оқырмандарымыз күн сайын бізге хабарласып кітапхананың ашылуын тағатсыздана күтіп жүргендерін айтады. Сондықтан біз ойлана келе аулаға «Ашық кітап­хана» ұйымдастыруды жөн деп шештік. Жоба барлық санитарлық талаптарды сақтай отыра жүзеге асырылуда, – дейді ол.

«Ашық кітапханаға» келушілер бетперде тағуға, антисептикалық құрал­дарды пайдалануға, арақашықтықты сақтауға міндетті.

«Келген оқырмандар тіркеусіз-ақ қалаған кітаптарын алып жағажайда немесе басқа орындарға барып оқуға, тіпті үйлеріне алып кетулеріне болады. Алған кітаптың орнына қолында бар басқа кітапты алмастыруға рұқсат етілген. Оқырман таңдаған кітабын болашақта өзіне қажет деп тапса кітапханаға қайтармауына да болады. Сондай-ақ үйіңізден кітап әкеліп сөреге қоюыңызға ешкім қарсы емес. Себебі сіз оқыған сол кітап басқа да оқырмандарға қызықты болуы мүмкін. Жоба ұйымдастырылған алғашқы күні оқырмандар 60-тан астам кітаптар мен журналдарды өздерімен бірге алып кетті. Әп сәтте кітап сөрелері босап қалды. Оқырмандар әсіресе, Ақын Алақанұлы, Ғалымбек Жұматов және тағы да басқа жергілікті қалам­герлердің кітаптарына ерекше қызығу­шылық танытуда», дейді жобаны ұйымдастырушылар.

Айта кетерлігі, «Ашық кітапхана» күн сайын жаңа кітаптармен толықты­рылатын болады.