Аймақтар • 17 Тамыз, 2020

Көксу өзеніндегі бөгетке күрделі жөндеу басталды

340 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алм­аты облысында «Жұ­мыспен қамтудың жол картасы» және «Ауыл – ел бесігі» бағ­дар­ламалары аясын­да ауыз толтырып ай­тар­лықтай жұмыс іс­теліп жатыр. Нәтиже­сін­де аймақтағы жаң­ғыр­туды қажет ететін құ­рылыс нысандары мен әлеуметтік маңызы жо­ғары ғимараттар күрделі жөндеуден өтуде, – деп хабарлайды egemen.kz.

Көксу өзеніндегі бөгетке күрделі жөндеу басталды

Бағдарлама аясында ай­мақтағы білім нысан­дарының құрылысы мен күрделі жөн­деуіне де мол қаржы бағыт­талып, жұмсалуда. Атап айт­қанда, бағдарламаға сәйкес жалпы сомасы 23,9 млрд теңге болатын 55 білім оша­ғына жүргізілген күрделі жөн­деу аяқталу үстінде. Бұ­йыр­са, 42 мектеп, 2 колледж, 5 балабақша толық дайын. Бұған қоса 5 мектептің ауласы абаттандырылып, спорт және балалар алаңдары ашылмақ. Осы «Жұмыспен қамтудың жол картасын» жүзеге асы­ру нәтижесінде облыс мектеп­теріндегі дәретхана мәселесі де шешімін табуда. Жоспарға сәйкес, дәретханасы ғимарат сыртына орналасқан 347 мек­тептің санитарлық торабы қайта жабдықталудан өтеді. Қазірге дейін 131 мектептегі жөндеу жұмысы аяқталған.

Ал «Жұмыспен қамтудың жол картасы» және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары аудандардың қалыпты дамуы­на ерекше серпін бергенін айтуымыз керек. Мысалы, 1963 жылы қолданысқа бері­ліп, содан бері бір рет күрделі жөндеу жасалмаған Көксу өзені бойындағы су бөгетінде қазір жұмыс қызып тұр. Бұл іске республикалық бюджеттен 515 млн теңге қаржы қарас­тырылған екен. Ал нысанның гидротехникалық құрылысын жаңғырту «Жұмыспен қамту­дың жол картасы-2020» бағ­дар­­ламасының аясында жү­зеге асуда. Жөндеу жұмыс­тары­на барлығы 100 адам жұ­­­мыл­­дырылған. Әзірге су дең­гейінің қалыптан көтерілуіне байланысты 40 шақты адам еңбекке тар­тылып, он шақты техника қыз­мет көрсетуде. Дәл қазіргі сәтте бөгет маңын абаттандырып, күрделі жөн­деуге дайын­дық жүріп жатыр. Нысан құ­ры­лысының қызған шағы алдағы қыркүйек айына тұспа-тұс келмек.

– Бұл тоспаның жалпы ұзындығы 60 метр, биіктігі 6,8 метр. Ал су қоймаға 539 тек­­ше метр су сияды. Жаңа бө­гет алдыңғысынан әлде­қай­­да берік және сапалы бол­мақ. Стратегиялық маңызды ны­­сан қайта жөндеуден өтіп, іске қосылса елдің әл-ауқа­ты жақ­сарып, жаңа жұмыс орын­дары да ашылады. Бөгет­тің бас­тауында және төмен­гі тұ­сын­дағы су тарату то­ра­бында 4 бөлмелі төрт пәтер салынып жатыр. Бұл су қой­масында жұмыс істейтін мамандар үшін қажет баспана. Жалпы бөгеттің жөндеу жұмыстарын 2020 жылдың желтоқсан айында аяқтау көзделген, – дей­ді бас инженер Мақсат Садиев.

Сондай-ақ «Жұмыспен қам­­­тудың жол картасы» бағ­дар­­ламасы бойынша Тал­ғар ауданында аула ішілік алаңдар­­ды абаттандыру үшін 1 млрд 246,5 млн теңге бө­­­лін­ген екен. Бұл қаржыға барлы­ғы 123 көппәтерлі тұр­­ғын үйдің 39 ауласы көр­кей­­ті­леді. Осы абаттандыру жұ­мыс­­тарына «Жұмыспен қам­ту жол картасы» арқылы 119 адам­­ның жұмысқа ор­налас­­ты­­рыл­ғанын да айта кету ке­­рек. Ал бағдарлама аясы­н­да ау­данда 1601 жұмыс орны құ­­рылса, соның 800-ден аста­мы осы Жұмыспен қамту орталығы арқылы еңбекпен қамтылмақ.

Талғар демекші, Алматы қаласының іргесіндегі ауданда ауыз су мәселесі бары жа­сырын емес. Жаңадан бой көтерген ауылдарда бұл тіпті күйіп тұрғаны анық. Ал Тал­ғар қаласының өзінде ауыз судан бөлек жылумен қамту жайы жиі сынға алын­ған еді. Бұйырса, бұл күр­делі мәселелер де толық шеші­мін табатын сәт жақын қал­ған сияқты. Мәселен, «Жұмыс­пен қамту жол картасы» бағ­дар­ла­масы арқылы Талғар қала­сында магистралды су құ­бырының қайта жаңғыртылуы мен құрылысы жүргізіліп, Бесқайнар ауылының ауыз су жүйесі жасалса, Талдыбұлақ ауылында кәріз жүйесі де қайта жаңғыртылмақ екен. Яғни осы бағдарлама бұдан өзге көлік инфрақұрылымы мен әлеуметтік нысандарда да құ­рылыс жұмыстарының қар­қынды жүруіне ықпал етіп отыр. Сол сияқты Талғар қала­сындағы «Бозторғай» мен «Мелиоратор» шағын аудан­дарындағы көп жылдан бері қолға алынған көпқабатты үй­лерді орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу жұмы­сы да басқа аудандарға үлгі болар­лық. Аудан орталы­ғында соңғы екі жылда 21 блокты-модульді қазан­дық ор­натылып, бұл өз кезе­гін­де 129 көпқабатты үйдің немесе 3887 пәтердің орта­лық­тан­дырылған газбен жылу жүйесіне қосылуына мүмкін­дік берді. Бұл жұмыстар биыл да жалғасып, тағы 13 көп­қа­бат­ты үй автономды жылу жүйе­сіне қосылмақ.

 

Алматы облысы

 

 

                                                                                                                                                                                                                    Қазақстандағы және әлемдегі соңғы жаңалықтарды бірінші болып оқу үшін Telegram желісінде бізге жазылыңыз.