Білім • 08 Қыркүйек, 2020

Ой жарыстырған оқушылар олжалы

321 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстандық оқушылар алғаш рет информатикадан Еуропалық жасөспірімдер олимпиадасына (European Junior Olympiad in Informatics) қатысып, жоғары нәтиже көрсетті. Ой жарыстырған оқушыларымыз Қазақстан құрамасының қоржынына алтын, күміс және қола медаль салды.

Ой жарыстырған оқушылар олжалы

2017 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан Олимпиадаға биыл 27 мемлекеттен 90-нан аса оқушы бақ сынаған. Білім және ғылым министрлігінің ақпаратына сүйенсек, қазақстандық құрама команда мүшелері ұлттық жарыстар қорытындысы бойынша анықталыпты. Командаға информатика пәні бойынша республикалық олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері таңдалып алынған.

Осы жолы пандемияға байланысты онлайн режімде өткен олимпиаданың қорытындысы бойынша Ван Ли алтын медаль; Таймас Корғанбаев күміс медаль; Әділ Сұлтанов пен Рамазан Пердебай қола медаль иеленді.

Алтын медаль қанжығалаған Ван Ли Республикалық физика-математика мектебінің 9-сыныбында оқиды. Ол бізге берген шағын сұхбатында олимпиада қашықтан ұйымдастырылғанымен, жеңіске жетудің оңай болмағанын айтты. «Осы жарыс туралы мектептегі информатикадан олимпиадаға дайындайтын тренер-мұғалімім айтты. Олимпиада 2 күнге созылды. Үйде отырып қатыстым. Мен дарынды балаларға арналған және физика-математика бағытын тереңдетіп оқытатын мектепте оқимын, сонда да олимпиаданың тапсырмалары мен есептері қиын болды. Мектеп бағдарламасы деп айта алмаймын. Бір жақсысы тапсырмалардың қорытындысы бірден шығып отырады екен», дейді В.Ли.

Ал алтын медаль алған алғыр шәкірттің ұстазы Темірлан Қайратұлы халықаралық жарысқа әуелі республикалық деңгейде іріктеу өткізілгенін жеткізді. «Республикалық «Дарын» орталығы алдымен ел көлеміндегі мықтыларды анықтап алды. Содан кейін барып олардан Қазақстан құрамасы жасақталып, халықаралық сайысқа жіберілді. Демек, бұл – біздің таңдаулы таланттарымыз. Оқушыларымыз білім беру жүйесі дамыған шетелдердегі құрдастарымен иық тіресе алатынын, өзге елдің озат оқушыларынан оза алатынын көрсетті. Соның ішінде алтын медаль алған шәкіртім Ван – өте алғыр, бәрінен бұрын аса еңбекқор бала», деді Т.Қайратұлы.

Біз шәкірті бәйгеден бірінші келген мұғалімнен қарапайым мектеп оқушыларының осындай нәтиже көрсетуі үшін не істеу керегін сұрадық. Сонда ол: «Негізі қатардағы орта мектептердің оқушылары да осал емес. Тек мектеп әкімшілігінде осыған арнайы көңіл бөлінуі керек. Мәселен, мен информатика пәнінен сабақ бермеймін, тек қана оқушыларды информатикадан олимпиадаға дайындаймын. Көрдіңіз бе, мектеп бұл бағытты мақсатты түрде қолға алған. Яғни олимпиадаға оқушыларды дайындайтын маманға бөлек штат бар», деп жауап берді.