Экономика • 14 Қыркүйек, 2020

"Астана" халықаралық қаржы орталығы ел экономикасын қалай түрлендірді?

383 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен "Астана" халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Төрағасы болып тағайындалды, деп хабарлайды Egemen.kz.

"Астана" халықаралық қаржы орталығы ел экономикасын қалай түрлендірді?

Президенттің биылғы "Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі" атты Жолдауында тікелей Президентке бағынышты Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігін құру қажеттігі айтылған еді.

Бұған дейін "Астана" халықаралық қаржы орталығын басқарған Қайрат Келімбетовтың аталған агенттікке Төраға болып тағайындалуы тегін болмаса керек. АХҚО-ны құру туралы Елбасының 2015 жылғы идеясын жүзеге асыру мақсатында құрылған қаржы орталығы ел экономикасын айтарлықтай түрлендіргені белгілі.

Нақтырақ айтқанда, ресми ашылған 2018 жылдан беріқаржы орталығы арқылы қаржы технологиялары, құрылыс, ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі салаларына 444 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды. Орталыққа әлемнің 42 елінен 545 компания келіп тіркелді. Олардың арасында актив көлемі бойынша әлемде екінші орындағы Қытай Құрылыс банкі, Қытай Даму банкі секілді қаржы институттары мен CITIC, Wood Co. секілді әлемдік ірі брокерлер және даму институттары бар.

AIX биржасындағы сауда

Биылғы жылдың 1 қыркүйегіндегі мәліметке сай, қаржы орталыққа қарасты Astana International Exchange (AIX)биржасының ресми тізіміне 68 құнды қағаз бен 45 түрлі эмитент енеді. Биржаның сауда мүшелері ретінде 18 қазақстандық және 8 халықаралық брокер тіркелген. Олардың арасында әлемдік деңгейдегі CITIC, CICC, Shenwan Hongyuan (ҚХР), Wood&Co (Чехия), SOVA Capital және басқалары бар. Биржаның орталық депозитарийінде инвесторлардың 92 мыңнан астам есепшоты ашылған.

AIX биржасына тартылған акционерлік капиталдыың көлемі 291 млн АҚШ долларына жетті. Бұл соңғы үш жылда Қазақстанға тартылған акционерлік капитал көлемінен 4 есе артық. Сонымен қатар, 4,6 млн АҚШ доллары көлемінде жеке облигациялар мен 2,9 млн АҚШ долларына көпшілік акциялар AIX листингінен өтті. Бұдан бөлек, 500 млн доллардың исламдық құнды қағаз – сукук листингтелді.  Қазіргі таңда AIX биржасында үлескерлік құрал листингіне ие компаниялардың (Қазатомөнеркәсіп, Қазақстанның Халық банкі, Ferro Alloy Resources Limited, Kcell, ЦентрКредит банкі) нарықтық құны 17,6 млрд АҚШ долларына жетеді.  

Естеріңізге сала кетейік, 2018-2019 жылдары AIX алаңында «Қазатомөнеркәсіп» ҰК» АҚ-ның IPO арқылы алғаш рет 64,3 млн АҚШ долларға тең акциялары нарыққа шығып, артынша 65,3 млн АҚШ долларлық акцияларын екінші рет сатқан еді. 2020 жылы ұлттық компания тағы да акцияларын шығарып, Лондон қор биржасы мен "Астана" биржасында жалпы көлемі 211,7 млн АҚШ доллардың құнды қағаздарын сатты. Соның ішінде 74,7 млн АҚШ доллары AIX биржасына тиесілі болса, оның 32,5 млн АҚШ долларлық акцияны шетелдіктер, қалғанын қазақстандықтар сатып алған.

Шағын және орта бизнеске мүмкіндік

Қаржы орталығы шетелдік ірі компаниялар мен ұлттық компанияларға ғана емес, отандық шағын және орта бизнеске де зор мүмкіндік ұсынып отыр. 2020 жылдың шілде айында AIX биржасында Қазақстан мен Орта Азияның орта бизнес кәсіпорындарына акционерлікқаржыландыруға жақсырақ қолжетімділік ұсынуғабағытталған Өңірлік акциялар нарығының сегментін(REMS) іске қосты. Аталған сегмент аясында алғашқы эмитент болып "ЦентрКредит банкі" АҚ тіркелді.

Бұдан бөлек, шілде айында Райффайзенбанк AIX орталық депозитарийінің қатысушысы атанып, халықаралық институционалды инвесторларға өздерінің активтерін CSD орталық депозитарийінде банк басқаруында ұстауға мүмкіндік ұсынылды. Ал тамыз айында биржаның орталық депозитарийі Ресей Ұлттық депозитрийінде есепшот ашты. Осының арқасында отандық кәсіпкерлер Ресейдің құнды қағаздарын сатып алатын мүмкіндікке ие болды.

Сонымен қатар, 2020 жылдың тамыз айында "Даму" қоры БҰҰ Даму бағдарламасы аясында 200 млн теңгеге "жасыл" купондық облигациялар шығарды. Бұл шағын және орта бизнестің жаңартылмалы қуат көздеріне қаржы салуын жеңілдетуге айтарлықтай үлес қосатыны анық.

Қаржы технологиясындағы отандық стартаптар

АХҚО процестерді оңтайландыру мен шығындарды азайту мақсатында қаржы технологиясын енгізу мен дамыту үшін қолайлы жағдай жасап отыр. 2018 жылдың 1 қаңтарында АХҚО жанынан "FinTech Lab" өңірдегі алғашқы реттеу алаңын ашты. Қазіргі таңда 11 юрисдикциядан 26 компания "FinTech Lab" қатарына алынып, олар төлем, мобильді банкинг, цифрлық актив, краудфандинг және өзге де салалар бойынша 7 түрлі қызмет көрсетеді.

2018 жылдан бері стартаптарды қолдау бойынша 6 бағдарлама ұйымдастырылды. Бағдарламаларға Қазақстан мен жалпы өңірден 120-дан астам стартап қатысты. Соның ішінде 21-і халықаралық деңгейде мойындалған алаңдар мен байқауларда таныстырылды. Жалпы, қазіргі таңда АХҚО Қаржы технологиясы хабының портфолиосындағы стартап саны 110-ға жетті.

Исламдық қаржы құралдарына сұраныс бар

Исламдық қаржы бойынша заңнамалық база қалыптасты. Қазақстанда және "Астана" халықаралық қаржы орталығында 2025 жылға дейінгі исламдық қаржыландыруды дамыту бойынша жол картасы бар. Құжатқа сай, аталған уақытқа дейін исламдық банкинг, капитал нарығы, такафул және ретакафул (исламдық сақтандыру және қайта сақтандыру), исламдық банктік емес сектор, исламдық әлеуметтік сектор, исламдық қаржы технологиясы және халал индустрияны дамыту қарастырылған.

2020 жылдың ақпан айында АХҚО-да исламдық Al RayanBank (Катар) тіркелді. Аталған банк АХҚО-да тіркелген алғашқы цифрлық банкке айналып, алдыңғы қатарлы қаржы технологияларын пайдалана отырып исламдық банкинг пен инвестиция өнімдерін дамытуға ниетті.

Сонымен қатар, AIX биржасында Лондон қор биржасында 500 млн АҚШ долларға шығарылған Qatar InternationalIslamic Bank банкінің исламдық құнды қағаздарының кросс-листингі болды. Бұл AIX биржасындағы сукук исламдық қарыз құралының исламдық қаржыландыру талаптарына сай алғашқы орналастырылуы.

Қазіргі таңда АХҚО-да Ұлыбритания, АҚШ, Малайзия, Бахрейн, Катар, Ресей мен Қазақстаннан исламдық қаржы қызметтерін ұсынатын 27 компания тіркелген.

Жасыл қаржының әлеуеті

АХҚО жанынан құрылған Жасыл қаржы орталығы даму институты ретінде жасыл облигациялардың әлеуетті эмитенттеріне консультациялық қызметтер ұсынып, мүдделі тараптардың жасыл қаржыны дамытуына ықпал етеді.

АХҚО Жасыл қаржы орталығы Қазақстан мен Орталық Азияда 200 млн теңгенің алғаш рет «жасыл» облигацияларын шығарды. AIX биржасы арқылы сатылған құнды қағаз 3 жылға 11,75 пайызбен ұсынылды.

Айта кетерлігі, Жасыл қаржы орталығы тек АХҚО аумағында ғана емес, жалпы республика бойынша жасыл қаржыны дамыту бойынша қызмет етеді. Мәселен, орталық Экологиялық кодекстің жаңа редакциясын дайындауға қатысты.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың 2 шілдесінде АХҚО Басқару кеңесінің отырысы аясында Орталықтың 2025 жылға дейінгі даму стратегиясы қабылданды. Құжатқа сай, АХҚО Орталық Азия, Кавказ, ЕАЭО, Батыс Қытай, Моңғолия мен Шығыс Еуропа елдеріндегі алдыңғы қатарлы қаржы орталығы болып қалыптасу көзделген. Осы орайда АХҚО міндеті өңірдің ұзақмерзімді тұрақты дамуына ықпал ету.